Жалғас САДУАХАСҰЛЫ: Миссионерліктің мазмұны – күмәнді, мақсаты – күдікті

Дүйсенбі, 12.02.2018
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ: Миссионерліктің мазмұны – күмәнді, мақсаты – күдікті

Бүгінгі әлем, қазіргі қоғам экстремизм мен терроризм түсінігін, радикалды ұғымдарды ислам дінімен байланыстыра қарайтыны белгілі. Алайда, өзге діни ағымдардың миссионерлік қызметтеріндегі қайшылықтар назардан тыс қалып жатқан жоқ па? Ел ішінде еленбей жүрген миссионерлік ұйымдардың ұстанымдары қандай, олар нені насихаттайды, секталардың көздегені не? Белгілі дінтанушы, философия ғылымының кандидаты Жалғас Сандыбаев тақырыпты толығырақ тарқатады.

– Жалғас Садуахасұлы, қазіргі қоғамда діни ағым немесе экстремистік, радикалды ұйым дегенде ислам дініне қатысты көзқарас қалыптасқан. Біздің қоғамдағы өзге діни ұйымдар немесе діни сенімдерге қатысты ағымдар тасада қалып жатқандай. Тақырыбымызды таратып берсеңіз.

– Бұл мәселені өзге діндерге қатысты «миссионерлік» деп бастасақ жөн болар. Себебі,  өзіңіз айтып өткендей, «жат ағым» немесе «теріс ағым», «діни ағым» деп атар болсақ, онда оқырманның ойына дереу ислам діні (дінді жамылған бір теріс ағым) келетіні белгілі. Ал енді «миссионер» дегенде, әдетте біз исламнан басқа діндерді (христаин, яхуди және т.б.) түсінеміз. Осылай біз оқырман үшін бұл сұхбаттың көтеретін мәселесі дін исламға емес, басқа дінге (сенімге, ағымға немесе сектаға) қатысты екенін білдіре өтелік.

Расында, неге біз жат ағым, теріс ағым деген уақытта тек исламды түсінеміз? Әрине, мұның бірнеше себептері бар, солардың бірі – кейінгі жылдары БАҚ-да экстермизм және терроризмге қарсы күресеміз деп тек исламның атын жамылған түрлі жат және теріс пиғылды ағымдарды әшкерелеп, олар жайында сансыз материалдар жарияланып келеді. Бұған қоса батыс елдерінің әлем жұртшылығының алдында мұсылман дініне қатысты исламофобиялық көзқарас тудыру үшін тек негативті ақпарат беріп отыру саясаты тағы бар. Сондықтан болса керек, діни экстремизм, діни терроризм деген уақытта біздің көз алдымызға бірінші кезекте дін ислам келеді.

Негізінде ислам дінінің зорлық пен зомбылықты, экстремизм мен терроризмді қолдамайтынын, мұндай дүниелерге түбегейлі қарсы екенін сауатты жанның баршасы біледі. Бұл жайында отандық дінтанушы мамандар, сарапшылар мен теологтар бар мүмкіндігінше түсіндіріп те жүр. Менің айтқым келетіні, біз қоғам болып дін исламды жамылған жат ағымдармен күресіп, олардың елге тигізетін кесірі мен зиянын терлеп түсіндіріп жатқанда христиан дінін жамылған теріс ағымдар назардан тыс қалып қойып жатқан сияқты. Қоғамда діни терроризм мен экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру үшін жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында негізінен исламды жамылған теріс ағымдар айтылып, басқа діндегі жат ағымдардың зияны мен қаупі түсіндіріліп жатқан жоқ. Бұл туралы ақпарат аз немесе мүлдем жоқтың қасы.

– Осының соңында діни секталар исламға тән деген ұғым орнықты...

– Иә, нәтижеде қоғамда экстремизм қаупі тек исламды жамылған теріс  ағымдардан ғана келеді, басқа діндегі ағымдар мен секталар жақсы (қауіпті емес) деген ой қалыптасуы мүмкін. Мұндай бір жақтылық – қате пікір. Біріншіден, экстремизм, терроризм ешқашан дінге, тілге немесе жынысқа қарап ажыратпайды. Олар өз мақсаттарын іске асыру үшін кез келген діни сенімді жамылып пайдалана береді. Екіншіден, ел бірлігіне сызат түсіру, бүлік шығару, қоғамды «біз» және «басқалар» деп топтарға бөлу, Конституцияға бағынбау, ұлттық рәміздерді құрметтемеу сияқты теріс әрекеттерге шақыру христиан дінін жамылған теріс ағымдар мен секталарға тән құбылыс екенін тарихтан жақсы білеміз. Сол үшін оларға бірқатар мемлекеттерде заңмен тиым салынған. Ал осындай діни ұйымдардың кейбірі бізде тіркелген діни ұйымдардың қатарында жүр. Мұны естен шығармайық.

– Өзге діни секталарға қатысты нақты дәлел-дәйектер келтіре аласыз ба? Миссионерлік бағыттарында экстремистік үндеулер бар ма?

– Қолыма түскен осындай ағым миссионерлерінің бір кітабынан мысал келтірейін. Нұсқа орыс тілінде болғандықтан кітаптан келтіретін мәтін үзінділерін де сол қалпында беруді жөн көрдім. Кітаптың баспасы немесе басылған қала көрсетілмеген. (Әдетте бұлай жасау жасырын миссионерлерге тән). Ал атауы мынадай: «Оружия воинствования нашего не плотские. Подбор материала и оформление: Дэйл Буркхолдер. – 126 стр».

Кітаптың қысқаша мазмұнына тоқтала кетсек. Бұл діни ұйымға кірген адам тек Құдайға ғана бағынуы тиіс. Ол өзі тұрып жатқан мемлекет заңдарына бағынбайды. Өйткені жер бетіндегі барлық мемлекеттердің заңын Құдай емес, адам ойлап шығарған. Оларға бағынатын болсаң, пұтқа табынған боласың. Бұл заңдар ақыр заман болғанда Дажалмен (Антихрист) бірігіп, Құдайға қарсы шығады екен:

«…все человеческие властиобречены на соединение во всемирную империю антихриста. Поэтому все здравомыслящие христиане будут особенно осторожны, чтобы не участвовать или не стать полностью преданными системе, которая в конечном счете восстанет против Бога. Слепой патриотизм, пропагандирующий безоговорочное повиновение любой земной власти, представляет собой эгоцентризм, который в конце концов превращается в идолослужение» (23 стр). «…и потому мы верим, что христиане не должны принимать участия в воинской службе или политике, занимать общественные посты…» (45 стр.).

Қарасаңыз кітап оқырманды мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiру және мемлекет заңдарына бағынбауға шақыратын саяси экстремизмді насихаттап отыр. Мұнда ашық түрде мемлекет тұтастығын бұзу мен мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру айтылуда. Бұл ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы заңына қайшы. Ал ҚР Конституциясындағы 20 баптың, 3-тармағына сәйкес «Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді».

– Бұдан бөлек заңға қайшы тұстарын тарқата айтып берсеңіз...

– Бұл кітапты әрі қарай зерделер болсаңыз, онда егер діни ұйым мүшесін әскерге немесе Отан қорғауға шақыра қалса, ол одан бас тартуы шарт. Сондықтан ол әскери ант қабылдамайды, серт суын ішпейді. Тіпті оны өліммен қорқытса да ол қару үстап, әскер қатарында тұрмайды. Өйткені әскерде адам өлтіргіштерді дайындап шығарады. Кітапта адамды әскери борыштан, Отан қорғаудан бас тартқызу үшін жігерлендіру мақсатында ойдан шығарылған әңгіме айтылады. Ондағы кейіпкер қару ұстағаннан көрі өлімді артық көріп, «Мен Христос үшін өлімге әзірмін» деп өмірмен қош айтысады: «…и потому мы верим, что христиане не должны принимать участия в воинской службе или политике, занимать общественные посты…» (45 стр.). «... не должен воевать даже при угрозе казнью» (51, 121 стр). «...Я готов умереть за Христа». (122 стр). «Общественная цель армии заключается в том, чтобы превратить всех вас в убийц» (26 стр.).

Кітап заңмен белгіленген азаматтық міндеттерді орындаудан бас тартуға шақырып отыр емес пе? Бұл ҚР Конституциясындағы 36 баптың, 1 және 2 тармақтарына қайшы. Аталмыш заңға сәйкес «Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті».

Сонымен қатар бұл теріс діни ағымның кітабынан белгілі болғаны – діни ұйымға мүше болған адам мемлекеттегі референдумдық сайлауға қатыса алмайды, өзін ұсына алмайды, қоғам азаматы ретінде дауыс та бере алмайды:

«…Следовательно, христианин не может сознательно принимать участия в выборах или избирать других на те посты, которые он сам не может занять, потому что, его голосованиеэто активная поддержка инбираемых представителей на это место» (22 стр). «…и потому мы верим, что христиане не должны принимать участия в воинской службе или политике, занимать общественные посты…» (25,45 стр.).

Әдебиеттің мазмұны жағынан Қазақстан азаматтарының әлеуметтік құқығын, бостандығы мен заңдық мүдделерін жан-жақты бұзуға үндеп отырғаны айдан анық. Бұл ҚР Конституциясындағы 33 баптың, 1,2 және 4 тармақтарына қарсы. Өйткені «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар».

– Бұл миссионерлік ағымның қоғам тұтастығына қауіптілігі қандай?  Алдын алу үшін не істемек керек?

– Менің келтіріп отырғаным бір ғана кітапта кездескені. Қазақстан елінде жүрген миссионерлердің қолындағы бір кітабы ғана. Мұндай теріс пиғылды секталар өз қатарына қанша азаматтарымызды тартып үлгіргені жайында пайымдай беруге болады. Сонда осындай діни ұйымға мүше болып кіргендердің балалары кім болмақ? Олардың сырты ғана Қазақстан азаматы, ал ішкі дүниетанымы, дүниекөзқарасы мүлде басқа. Қазақстан Республикасының Ата заңын менсінбейтін, оны мойындамайтын діни ұйым (ағым, секта) елімізді мекендеген түрлі этностардың, қазақ халқының мәдени құндылықтары мен салт-дәстүрлерін не қылсын?! Қазақ елінің рухани жаңғыруын, егеменді елдің баяндығын, ішкі идеологиямызды, тіліміз бен ділімізді не қылсын? Сырттан өтірік күлімсірей келген осындай миссионердің мақсаты елде тұрақсыздық тудыру, діни араздықты, ұлтаралық және конфессияаралық шиеленістерді болдыру екенін есте сақтайық. Не үшін оларға мемлекетімізде жол беруіміз керек? Сондықтан әдебиеттерінде Ата заңға қайшы келетінін жайттарды негізге алып, құзіретті органдар, тек әдебиетке тыйым салмай, сол діни ұйымға қатысты тиісті шаралар қолданылуы керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ,

Kazislam.kz

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1106 рет
JoomShaper
Top