Алау ӘДІЛБАВ: Тұжырымдама радикализмге тойтарыс береді

Сейсенбі, 14.11.2017
Алау ӘДІЛБАВ: Тұжырымдама радикализмге тойтарыс береді

Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі, сол себепті де ел тарихы қазіргі заманғы әлемнің жағдайымен, даму серпінімен, халықаралық саясат пен экономикадағы өзгерістерге тығыз байланысты дамиды. Діни сипаттағы дүниені дүрліктірген құбылыстардың еліміз үшін де ықпалы, қауіп-қатері бар екені рас. Бұл ретте қоғамның тыныштығы мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау мақсатында дін саласындағы мемлекеттік саясатты жан-жақты жүзеге асыру міндеті алға шығады. Мемлекет басшысы бекіткен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» осы бағыттағы жүйелі жоспарлар арқылы қоғамның радикалдануының алдын алуды көздейді. «Нұр-Мүбәрак» университеті «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, теология ғылымының докторы Алау Әділбаевпен діни радикализм, жат ағым идеологиясына теологиялық тойтарыс беру, қоғамның діни санасын көтеру мәселелері, тұжырымдамада көрсетілген міндеттер туралы әңгімелескен едік.

– Құрметті Алау Шайқымұлы, діни ахуалды реттеу күн тәртібіне шыққан мемлекеттік мәселеге айналды. Діни радикализм қаупі бүгінгі әлемді де алаңдатты. Діни фактордың адамзат қоғамына ықпалы қандай? Тақырыпты осыдан бастасақ.

– Бұл мәселе әлемдік деңгейде көтеріліп отыр десе де болады. Жалпы, ХХ ғасырда білім мен технология қарыштап дамумен қатар дінге деген қызығушылық та ерекше артып, бұл кезең діни ренессанс ғасырына айналғаны белгілі. Негізінен адамзат тарихына үңілген кезде кез-келген қоғамда діни фактордың маңызды рөл ойнағанын көреміз.

Әрине, жаһандық бұл құбылыстан Қазақстан да жырақ қалған жоқ. Тәуелсіздік жылдарынан кейін біздің елімізге де түрлі діни бағыттар мен ағымдар ағылып келіп, белсенді жұмыс істеуге кірісіп кетті. Қысқа уақыттың ішінде халық діни түсініктер негізіндегі топтарға бөлініп, қоғамның тұтастығына қауіп төне бастады. Бір жағынан христиан миссионерлерінің жұмысы нәтижесінде евангелизациялау әрекеті, екінші жағынан исламның атын жамылған радикалдық топтардың қызметі қарқын алып, рухани тұрғыдан иммунитеті әлсіз халқымыздың бір бөлігі сол әрекеттердің құрбанына айналып үлгергенін көз көрді. Ақыр соңы дінаралық төзімділік пен бейбіт өмір сүруде әлемге үлгі көрсетіп келе жатқан елімізде қақтығыстар орын алып, оның астарында радикалды діни түсініктердің жатқандығы айқын көрініс тапты. Бұл жерде әлемде орын алған саяси оқиғалар мен исламофобиялық құбылыстарды қайта қаузап жатпай-ақ, жастар арасында радикалды түсініктердің алдын алуда дәстүрлі мұсылманшылық түсінікті қалыптастырудың маңызды екенін айтқым келеді.

Бүгінгі әлем бетпе-бет келіп отырған діни экстремизм, радикализм құбылыстары біздің қоғам үшін де өте қауіпті. Осы ретте ел болашағының ертеңі саналатын жастар арасында заман талабына сай дұрыс діни түсінікті қалыптастыра ең маңызды міндеттердің қатарына шықты. Жастар – кез келген қоғамның негізгі қозғаушы күші. Қазіргі жастар – ертеңгі болашақтың айнасы. Өз заманында әл-Фараби бабамыз: «Елдің болашағының бар-жоғын жастардың тыныс-тіршілігінен білеміз» деген екен. Жастар жаңалыққа жаны құштар, ерекше дүниеге еліктегіш келеді. Сондықтан, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды тез қабылдап, оны ой сүзгісінен өткізбестен бойға сіңіріп үлгереді. Діни таным-түсінігі бекіп үлгермеген буынды қауіпті радикалды ағымдардан қорғап, алдын алу – бүгінгі таңдағы басты міндет.

– Дінге қызығушылығы жоғары жастарды жат ағым идеологиясынан сақтандыру үшін не істемек керек? Радикалды топ ықпалына түскен адамдарды райынан қайтаруға қауқарлымыз ба?

– Иә, қазіргі дін саласындағы салмағы ауыр міндет те осы. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жастар халық санының 23 пайызына тең. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметтері бойынша, жастардың 79,6 пайызы дін ұстанады, оның 9,9 пайызы белсенді түрде дінге бет бұрған. Бұл дегеніміз жастар арасында дінге деген қызығушылықтың өте жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Әлбетте, жастардың имандылыққа бет бұруы қуантарлық жайт. Дегенмен, қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан діни радикализм мен террорлық әрекеттер әлем жұртшылығын қандай қауіп төндіргенін көріп отырмыз. Интернеттің көз ілеспес шапшаң дамуы нәтижесінде кішкентай ғана бір ауыл секілденіп қалған жаһанданудың ықпалымен санасы уланған кей жастарымыздың шекара асып, қолдарына қару алып Сирия еліндегі соғыс ошағына түсуі біздің қоғамымызға ауыр соққы болып тиді. Жалпы, жастарды теріс діни идеологиялардан аман алып қалу жұмысы өте үлкен, кешенді жоспарлармен атқарылуы тиіс деп ойлаймын.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Бүгінгі күні түрлі радикалды ұйымдардың 80%-ын 30 жасқа дейінгі жастар құрайды. Осыған байланысты, елімізде және жалпы халықаралық жастар ынтымақтастық жүйесінде жастарды бағыттауға және ынталандыруға арналған құндылықтарды қалыптастырудың тиімді жүйесі болғаны маңызды» деп, жастар саясатына немқұрайлы қарауға болмайтынын баса айтты. Осы ретте Елбасы Н.Назарбаев бекіткен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» күрмеуі мол мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік беретініне сенімім мол.

Қазіргі кезде деструктивті діни топтар адам тартудың сан түрлі тәсіліне көшкен ғой. Олар материалдық жағдайдан бастап, діни қажылық орындауға дейін қаржылық демеу көрсетуге әзір. Тұжырымдама осындай сананы улаудың сан жолын қолданатын деструктивті діни ағымдардың идеяларын енгізу және оларды тарату үшін діни қажылықтың пайдаланылуына жол бермеуге баса назар аударуы аса маңызды.

Бұл құжатта радикалдану деңгейін азайту, діни ағымдардың идеяларына қарсы іс-қимыл, теологиялық тұрғыдан олардың идеологияларына тойтарыс беру үшін діни бірлестіктермен бірлесе жұмыс жүргізу жоспары айқындалған. Жастар арасында экстремистік топтарға қосылушылар санының артуы – бүгінгі қоғамның басты мәселесі. Республикамыздағы білікті діни мамандар мен теологтар осы жоспарлы жұмысты жұмыла атқарса қоғамды бұл індеттен сақтап қалуға қашанда мүмкіндік бар. Әсілінде, діни экстремизм – тек Қазақстанды ғана емес, әлемді толғандырып отырған құбылыс екенін естен шығармайық.

– Діни сипаттағы дау-дамай, талас-тартыс, тіптен қарулы қақтығыстардың әртүрлі себептері, яки факторлары бар дейді мамандар. Сіз қандай пікірдесіз?

– Әрине, оның сыртқы әрі ішкі факторлары бар. Сыртқы факторға жаһандық саясаттың ықпал етіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Ал ішкі факторға бес мәселені атап көрсетер едім:

Біріншіден, діни сауатсыздық салдарынан қалыптасқан діни иммунитет әлсіздігі; Мұны ұлттық мүддеге негізделген идеологиялық базамыздың әлсіздігінің көрінісі деп те бағалауға болады. Иммунитетті қалыптастыру үшін біртұтас діни түсініктің қалыптасуы шарт. Осы әлсіздіктің кесірінен жастарымыз соқыр сенімге бой алдырып, фанатизмге, оның түбі радикализм мен экстремизмге алып келеді;

Екіншіден, дін саласындағы мамандардың жетіспеушілігі салдарынан шетелдік жат ағымдардың діни түсініктерінің қателіктеріне тиісті дәрежеде жауаптардың берілмеуі;

Үшіншіден, діни құбылыстарға мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінбей, тым еркін түрде әрекет етуге мүмкіндік берілуі. Интернет беттерінде дәстүрлі діни түсінігімізді мансұқтауға бағытталған сайттардың емін-еркін жұмыс істеуі, араб тілдерінен аударылып, таратылып жатқан діни әдебиеттердің жастарды өз ұлтынан, діни түсінігінен, тіптен, мемлекетінен алшақтатуы;

Төртіншіден, діни топтардың материалдық мүмкіндіктері мен жоспарлы іс-әрекеттері. Қазіргі таңда радикалды діни топтардың жетегіне қосылғандар қатарында әл-ауқаты өте жоғары деңгейдегі адамдар, ақындар, спортшылар, өнер адамдары, тіпті, криминалдық топ мүшелері де бар;

Бесіншіден, жастар арасындағы жұмыссыздық пен қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік (жемқорлық, мемлекеттік қаражатты талан-таражға салу мен құқық қорғау саласындағы заң бұзушылық). Бұл да өз кезегінде қоғамдағы наразы топтардың діни арбауға шалдығуына алып келеді.

 Бұл мәселелерді реттеуде тұжырымдаманың қандай тиімді тұсын байқадыңыз?

– Біз таңдау еркі мен құқығы берілген азамат ретінде әр біріміз қоғамның тыныштығын бұзатын кез келген әрекетке қарсы тұра білуіміз қажет. Тұжырымдама қоғамдағы радикалды және экстремистік көріністермен байланысты кез келген іс-қимылға мүлде төзбеушілікке қол жеткізуді ұсынады. Бұл – өте құптарлық бастама. Осы тұжырымдаманы нәтижелі жүзеге асыру арқылы мемлекет мүддесін қорғауға бағдарланған қазақстандық қоғамдағы қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға болады. Еліміз тарихы сан қырлы, көп ұлтты, әртүрлі сенім мен мәдениеттердің бірлігін сақтаған үлкен шаңырақ. Бұл орайда әр азаматтың ар-ождан бостандығына кепілдік беретін Конституцияда бекітілген негізгі зайырлылық құндылықтарын қоғам санасына сіңдіру жауапкершілігі жоғары міндет. Дін саласындағы осы мемлекеттік саясатты іске асыру зайырлы Қазақстан дамуының басым міндеттерін шешуге және түрлі конфессиялар мен этностар өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан елдің қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Еліміздің заңымен бекітіліп, құқықтық жағынан қорғалған дәстүрлі діни жолымызды жаңғырту үшін қандай шаралар қабылдау қажет?

– 2011 жылы қазақ халқының діни тұтастығы мен бірлігін сақтап, одан ары нығайту жолында діни сенімге қатысты заңға өзгерістер енгізіліп, жаңа заңның преамбуласында «халық мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін танитыны» баса аталып көрсетілген. Сонымен қатар, Елбасымыз 2012 жылғы Жолдауында дін мәселесінің қоғамымызда қаншалықты өткір тұрғандығын айта келе: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ, бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек» деп, діни ұстанымымыздың жүргізілуі тиіс бағытын көрсетіп, белгілеп берген болатын. Сонымен қатар, «Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деп, ғасырлар бойы осы ханафи мәзһабы мұрасы негізінде қалыптасып, қанымызға сіңген діни түсінігіміздің маңыздылығын да атап өткен еді.

Расында, қазақ елінің діни түсінігінің қалыптасуында сүнниттік ханафи мәзһабы ғалымдарының сіңірген еңбегі зор. Осы мәселені біз өзіміздің діни «ішкі» сүзгі ретінде қалыптастыруымыз қажет. Онсыз біз сырттан келіп, еліміздің тұтастығын бұзғысы келетін жат ағымдарға қарсы тұра алмаймыз. Ханафи мәзһабының ғылыми мұрасы бұған толықтай жеткілікті. Негізінен, ханафи мәзһабының ислам өркениетінде ерекше орны бар екенін мұсылман әлемі әлдеқашан мойындаған.

Сондықтан да, еліміздегі діни бірлік пен тұтастықты қалыптастырудағы ханафи мәзһабының тарихын, рационалдық пен төзімділікке негізделген діни түсінігінің ғылыми негіздерін, оның Орталық Азия мен Қазақстан территориясында атқарған діни-мәдени рөлі мен маңызын айшықтап, күллі әлемде қарқынды жүріп жатқан жаһандану үрдісін дәстүрлі діни түсінігімізді дамытып, күшейтудегі аса маңызды шаралардың бірі ретінде қарастыруымыз аса қажет іс деп ойлаймын. Ал бұл ретте Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа алған ауқымды бағдарламалар аясында өткенімізден өнеге алып, заманның озық тәжірибесін тиімді пайдаланып, біртұтас қоғамның қалыптасуына атсалысып, үлес қосу әрбір қоғам мүшесінің, әр азаматтың міндеті болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ,

Kazislam.kz

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 208 рет
JoomShaper
Top