Шейх Ахмет ТАЙБ: Экстремизм мәселесі үстел үстінде шешілмейді

Жұма, 06.10.2017
Шейх Ахмет ТАЙБ: Экстремизм мәселесі үстел үстінде шешілмейді

«Әл-Азхар» университеті – әлемге танымал әрі Ислам дінін дұрыс бағытта насихаттайтын іргелі оқу орны. Университет бүгінгі таңда Исламды қаралап жатқан теріс идеологияның жетекшілеріне қарсы көптеген жұмыстар атқаруда. Осы тұрғыда аталмыш оқу орнының жоғарғы имамы, Шейх Ахмет Тайбтан «Мыср әл-иаум» газетінің тілшілері арнайы сұхбат алған екен. Біз сол әңгіменің қазақша аудармасын оқырмандар назарына ұсынуды жөн санадық.

Құрметті Шейх Ахмет Тайб, қазіргі таңда «экстремизм» деген терминді білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Экстремизмнің дерті бүкіл әлемді үрейде ұстап отырғаны анық. Осыған қарсы иммунитетті «әл-Азхар» университеті қалай қалыптастыруда? «Экстремизм» деген сөздің негізгі анықтамасы қандай?

– Әрине, «әл-Азхар» университеті тарапынан мұндай дертке қарсы жан-жақты жұмыстар атқарылып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. «Әл-Азхар» Исламды жақсы жағынан насихаттайды және орта бағытты ұстануды дәріптейді. Себебі, Құранда: «Осылайша сендерді (артық, кемсіз) орташа бір үммет қылдық» делінген.

Экстремизмнің толқыны әрбір елдің жағасына жетпес үшін бүгінге дейін «Әл-Азхар»-дан миллиондаған ғұламалар шыққан. Олардың барлығы дерлік кез келген елдің саясаты, мәдениеті, экономикасы мен дінін өзгертуге бағытталған экстремисттік идеологиядан сақтандыру жұмыстарын жүргізген.

Ислам таза бір дақ түспеген кітаптың парақтары секілді. Осындай Исламды әрбір теріс ағым мүшелері өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін былғап, мүлде Исламның қағидасымен ұштаспайтын көзқарастармен бұрмалап келеді. Сондықтан, «әл-Азхар» бұл тек Мысыр елімен ғана шектеліп қоймай, экстремизмнен зардап шеккен барлық елдерге қолдау көрсетіп, исламды терең ойлап білетін, білікті де білімді мамандар жіберуде.

Бүгінде экстремизм мен терроризмнің қасіретінен сақтандыру үшін әлемнің әрбір елінде көптеген халықаралық конференциялар мен форумдар ұйымдастырылуда. Бұл дертпен күресу үшін осындай шаралардың нендей ықпалы бар?

– Біз бүгін экстремизмге қарсы күресте ашық майданға шықтық. Сондықтан, халықаралық конференциялар мен форумдарды ұйымдастыру  экстремизмнің тамырына балта шаба алмайды. Экстремизм қаупінен арылу  көптеген жылдарды әрі әртүрлі деңгейдегі жұмыстарды үздіксіз ұйымдастыруды талап етеді. Осы тұрғыда әрбір қаладағы кез келген мешіттердің мінберін тазалау аса маңызды. Алланың үйі саналатын мешіттерде тек діни білімі жетік, саясатты дінмен ұштастырмайтын білікті имамдарды тарту керек. Себебі, бұқара халық мінбердегі имамның аузынан шыққан уағызды дұрыс деп қабылдайды. Сондықтан ең алдымен мешіт қызметкерлерінің біліктілігін қадағалап, профилактика жұмыстарын жүргізген абзал.

Адамның діни теріс бағытқа түсуінің ең басты себебі не?

– Қазіргі таңда діни теріс ағым мүшелерінің басты назары қоғамды қозғаушы күші саналатын жастарда болып отыр. Жастар қашанда кез келген қоғамда назардан тыс қалған емес. Сол сияқты экстремизмді дәріптейтін идеологтар да осы жастардың сана-сезімін бағындыру арқылы қоғамның ағымына елеулі ықпал етіп отыр.

Көптеген жастар қанаты қатайған сәтінде білім алу үшін үйінен жырақтағы оқу орнына түседі. Олар отбасының қамқорлығы мен жылуынан алыстаған соң, өзге қалада, бөтен ортада өзін тұлға ретінде қалыптастыруға тырысады. Алайда, көп ұзамай мұндай жастар ата-ананың қадірін түсініп, өзін жалғыз сезіне бастайды. Осы сәтті пайдаланып әлгі экстремисттік топ мүшелері оған рухани демеу болады. Оған күнделікті  теріс мазмұндағы діни әдебиеттер ұсынып, әбден санасын улап алғаннан кейін, өмірге деген көзқарастары мүлде басқа кейіпке енеді. Уақыт өте санасы уланған экстремистік жастардың қатары көбейе береді. Сондықтан, әрбір бала отбасынан ажырамас бұрын оның қанатын ата-ана шаңырақтан шығармай қатайту керек. Дер кезінде отбасынан дұрыс бағыт ала алмаған жасөспірімнің оқу орнына түскеннен кейінгі қадамы оң болып кетуіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Сонда бұл мәселенің шешімі қандай?

– Біріншіден, ұясынан ұшқан кез келген баланы ЖОО қабырғасында қадағалау жұмыстарын ұйымдастыру керек. Жастардың бос уақытында өзгенің айласына түсіп қалу жолдарынан барынша сақтандыру шараларын жиі ұйымдастырып тұрған жөн. Екіншіден, жастардың бос уақытында шұғылданатын қоғамға әрі өзіне пайдасы бар нәрселерді ойлап тапқан абзал. Бұл өз кезегінде қоғамды ілгері дамытуға деген жастардың қызығушылығын арттырып, олардың бойындағы күш-жігерін тиімді пайдалануға жол ашады.  Ол үшін жастармен айналысатын ұйымдарды көптеп құру керек.

– Өткен жылдары «Charlie Hebdo» секілді Францияның журналы Исламға қатысты карикатуралар салып, мұсылман әлемін шулатты. Нәтижесінде кейбір мұсылмандар Францияда жарылыс ұйымдастырғаны белгілі. Бұл жайында не айтасыз?

– Әрине, әлдебір мұсылманның теріс әрекетінің нәтижесінде бүтіндей таза болып түскен Ислам дінін қаралау бүгінде сәнге айналған секілді. Мен осыған дейін мұсылманның әрекеті дінмен шектелмейтіні туралы қаншама үндеу тастағанмын. Исламға қара күйе жағушыларға қарсы мұсылмандардың қантөгіске баруы құптарлық іс емес. Біз Исламды қаралаушыларға қарсы шықсақ керісінше олардың пасық ниеттеріне ортақ болып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан, мұндай теріс әрекеттерге біз сабырлық танытуымыз керек. Себебі, Исламға қанша күйе жағылса да 14 ғасыр бұрын Алла Тағаланың өзі бұл діннің мәртебесі мен дәрежесін өшпейтіндей етіп қойған.

Соңғы уақытта Ислам әлемінде «экстремизм» мен «терроризм» терминдерімен қатар «ДАИШ» термині қатар айтылып жүр. Баршаға мәлім соңғы уақытта «ДАИШ» содырларын Мысыр ғұламалары, соның ішінде «әл-Азхар» тарапы күпірлікпен айыптаудан бас тартқан болатын. Бұндай шешім шығарудың себебі неде?

– Бұл шариғат аясында ойластырылып қаралған шешім. Кәләм және таухид кітаптарында «үкімдер» деген тарау бар. Сонда мұсылман мен кәпірдің ара жігін нақты ажыратып қарастырады. Мәселен, бір мұсылман екінші мұсылманды өлтірсе немесе басқа да үлкен күнәға бой алдыратын болса, біз оны кәпір деп айыптай алмаймыз. Ал, күпірлік мәселесі бұл мәселенің аясынан алыс қарастырылады. Себебі, ол Аллаға, періштелерге, кітаптар мен елшілерге кәміл иман келтіреді. Ол мұсылман болып қала береді және егер ол өмірден өткен жағдайда денесі жуылып оған жаназа оқылады. Осы секілді, қазіргі «ДАИШ» содырлары мен шиитердің арасында болып жатқан қарулы қақтығысқа қатысушыларды күпірлікпен айыптай алмайды екенбіз. Олар қанша адам өліміне себепкер болса да, мешіттерді қиратып, қаншама отбасының шырқын бұзса да, оларды діннен шығару біздің қолымызда емес. Бүгінде мұсылмандар «такфир» үкімін өзгені үрейлету үшін қару ретінде қолданып отыр. Бұл Исламды қаралаудан басқа ештеңе алып келмейді. Сондықтан біз, мұсылмандар «такфир» мәселесінде өте мұқият болуымыз қажет.

Жалпы, мұсылмандар бүгінде тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүреміз десе, онда өзгені кінәлауды доғарып, жеке өркениеттің дамуына басты назар аудару керек. Дінді әркім өз игілігіне тартпалап, саясатқа айналдыру – қазіргі мұсылмандардың басты проблемасы. Әркім дінді өзінің өмірлік бағыт-бағдары ретінде ұстанып, өзгенің өміріне қол сұқпай, кешірім, мейірім, парасат қасиеттерін бойына сіңірген мұсылман ғана Алланың алдына таза барады деп ойлаймын. Өкінішке қарай, қазіргі бұзық ниетті мұсылмандар Алла елшісінің (с.ғ.с): «Сендердің ең жақсыларың ол – өзгеге көп пайдасы тигендер» деп айтқан қанатты сөздерін ұмыт қалдырған секілді. Ақиқатында, «Шынайы мұсылман ол – тілімен де қолымен де біреуге зияны тимеген мұсылман» болып табылады.

Әңгімеңізге рахмет!

Аударған Жалғас АСХАТҰЛЫ

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 602 рет
JoomShaper
Top