Досай Кенжетай: Ненің бұрыс, ненің дұрыс екені айқындалады

Дүйсенбі, 18.09.2017
Досай Кенжетай: Ненің бұрыс, ненің дұрыс екені айқындалады

«Заң бойынша дінді насихаттауға кез келген азамат құқылы. Бірақ насихаттаудың да шегі мен тегі анық болу керек. Мысалы деструктивтік діни ағымдарды насихаттауға, олардың идеологиясын таратуға тыйым салу шарт». Бұл туралы еліміздегі танымал дінтанушы, профессор, теология – философия ғылымының докторы, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Ясауитану ғылыми – зерттеу орталығының директоры Досай Кенжетаймен сұхбаттасқанымызда мәлім етті. Қазіргі уақытта дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, қоғамда талқылануда. Діни радикализмнің алдын-алудағы шаралар бірауыздан қолдау тапқанымен, сарапшылар арасында түрлі пікір бар. Бұл ретте біз Д.Кенжетай мырзамен әңгімелесіп, пікірін білген едік.

 — Теолог-дінтанушы маман ретінде бүгінгі таңдағы заңда өзгеріс талабын қалай бағалайсыз?

— Жалпы қазіргі таңда ғылыми таным мен діни таным арасында көрінбейтін бәсекелестік пайда болды. Тарих қайталанып жатыр. Кезінде орта ғасырларда, кейіннен мына позитивизмнің алдында, екпе, вирус, оба сияқты эпидемиялар белең алғанда жаппай қырылудан сақтану үшін адамзат ғылыми танымның үкіміне бой ұсынған болатын. Енді бүгінгі таңда теріс құбылыс орын алып отыр. Қан ауыстыру, қан құю, екпе мәселесінде иегова діни танымы өзінің болмысын көрсетті. Бұған қоса мұсылмандар да екпеде спирт бар, харам деген негіздемемен қарсылық танытуда. Бұның артында әрине діни сана, діни таным жатыр.

— Сонда діни таным кәмелет жасына толмаған жастарға тез әсер еткені ме?

— Ол да бар. Анығы кәмелетке толмаған балаларды белгілі бір діни танымға бойұсынған ата-анасы мәжбүрлеп, дағдыландырады.  Отан отбасынан басталады. Сондықтан бүгінгі жасөспірімдер арасындағы радикалдық психология немесе наразылықта оның ата-анасының еркі бар екенін жасыра алмаймыз. Сондықтан осындай социо-психологиялық өзгеріске сұранып отырған баптарды қайта қарап, толықтыру заман талабы.

— Вакцинация да бар ғой?

— Әрине бар. Вакцинация мәселесі негізінен медициналық салаға қатысты болғанымен, оның ар жағындағы ерік пен сана діни танымға келіп тіреліп отыр. Сондықтан заңда, құқықта бұл медицинаға қатысты яғни ғылыми танымға қатысты деп ысырып немесе шегеріп тастауға болмайды. Бұл жерде жоғарыда тоқталғандай «діни таным мен ғылыми танымның» диалектикасы жатыр. «Кәмелетке толмаған баланың (балалардың) ата-ана немесе оның заңды өкілдері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен көзделген тәртіппен инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық шараларды қолдануға міндетті» деген толықтыру сол олқылықты толтырып тұр. Көрдіңіз бе заңда баланың өзінен көрі ата-анасына, оның заңды өкілдері туралы басымдық беріліп, анықталып отыр.

— Қоғамда бұл құбылыс тек бір жақты ата-аналар тарапынан да болмауы мүмкін ғой?

— Рас… қазір діни танымы тарихи, дәстүрлі діни санадан алшақтаған жастар ата-анасының беделі мен ұйғарымына пысқырмайтындары да кездеседі. Ата-анасын «күпірлікпен» күстаналап, оның бедел — абыройын аяққа таптайтын, «өзім білем» деген жастар қатары шығып жатыр. Өз еркі өзінде жастарымыздың кейбірі жаңсақ діни  таным жетегінде кетіп, қазір қоғамда «талақ эпидемиясы» орын алды. Жылаған, сыңсыған дауыстан құлақ тұнады. Ойбай тастап кетті, алдап кетті, біреуге аманатқа берді деген уәждерді қарап отырып, азаматтық сана діни санаға ауысып кеткен бе деген ой келеді. Мұның артында отбасылық бірлік пен дәстүрлі сабақтастық үзілген, ата-ана тәрбиесінен мақұрым болған, желөкпе жастардың діни жамағаттарға арқа сүйеуі жатыр.

— Бұған тағы мемлекеттік немесе қоғамдық институттар да кінәлі болуы керек…

— Бұл құбылыстың негізінде деструктивті діни танымның болымсыз ықпалынан екендігі жасырын емес. Хужралар, «ахилар мен ухилар» институтының параллель діни білім беруінен туындаған жаралар. Мемлекет енді кеш те болса, бұл мәселені де тежеу мақсатында заңда толықтырулар жасап жатыр. Мысалы, «тіркеуші органның тарапынан берілген некені (ерлі-зайыптылық) қию немесе тоқтату туралы куәлік ұсынылмаған жағдайда діни рәсімдер мен жоралар бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) қию немесе тоқтатуға жол берілмейді» делінген. Бұл әрине кейбір діндарлар айтып жүргендей, діни тұрғыдан, яғни шарғи сипаттан алыстату емес, керісінше, діннің беделін арттыру мақсатындағы зайырлылық талабы.

— Мектептерде діни атрибуттарға тыйым салу мәселесі қалай шешіледі?

— Тағы да сол ата-аналардың бала тәрбиесіндегі орны маңызды.  Қоғамдық орындарда «деструктивтік идеологиялық ағымдарға қатыстылықты көрсететін» атрибуттарды,  сыртқы киім үлгілерін қолдануды тыю мәселесі қолға алынып жатыр. Мектепте жасөспірімдер арасында, ата-аналар тарапынан қысыммен немесе тәрбие бағыты бойынша қалыптасып келе жатқан балиғатқа жетпегендер діни парызды желеу қылып бастарына хижап киіп қоғамда қайшылық туындап жатыр. Бұл мектепте білім психологиясына да теріс ықпал жасайды. Бала мектепте «сен-мен» немесе дінге сенуші –сенбеуші жіктердің орталығына айналуда. Бұл психологиялық жағынан да, құқықтық және зайырлылық ұстанымы тұрғысынан теріс әрекет.

— Қазір жастар арасында «таза ислам» немесе «бұзылған дін» деген сияқты анықтамалар кездеседі…Біз қайда бара жатырмыз?

— Зайырлылық демекші кез келген адам қалаған дініне сене алады. Оны тарата да насихаттай да алады. Рас айтасыз… енді осындай құқықтық кеңшілікті мойындағысы келмейтін төзімсіздік хәліндегі психологиядағы жастар да өсіп келеді. Олар діни қызметке кедергі келтіріп, жеке тұлғалардың азаматтық құқығын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзып жатқан жағдай кездесіп жатыр. Бұл да ойланатын мәселе. Негізі «сенің дінің бұзылған, менің дінім хақиқат» деген ұстаным Құранда да құпталмайды.  Біреудің діни сезімін қорлау, қандай да бір киелі, қасиетті орындарын бүлдіру, құлпытасы мен ескерткішін, ғибадатханасын таптау бұл вандализм мен шектен шыққан радикализмнің көрінісі. Өкінішке қарай мұндай оқиғалар өзімізде кездесіп қалып жатыр. Әсіресе мына әлеуметтік желілерде осындай «муфтилерден» аяқ алып жүре алмайсың…

— Сонда қазір қоғамда жастар өзара діни жамағаттар негізінде топтасып жатыр деуге бола ма?

— Кездеседі.. Мұндай топтарды ішкі және сыртқы жауларымыз ұтымды пайдаланып кетуі ықтимал. Қазақта онсызда «рушылдық сосын жершілдік» деген сосын саяси элитада «жүзшілдік» деген жазылмаған құнсыз норма бар. Енді бүгін қоғамда діни таным басымдыққа айналып келе жатқанда, құнсыз нормалар қатарын, «жамағатшылдық» алуы әбден мүмкін.

Міне осындай социо-психологиялық типтіліктің зардабын болдырмау немесе мемлекеттік қадағалау тетігі ретінде «…қызмет бабын және онымен байланысты мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүддесі үшін, соның ішінде өзінің оларға деген қарым-қатынасын насихаттау үшін пайдалануға;

өзге тұлғаларды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлеуге тыйым салынып отыр.

— Сөзіңізге қарап отырсам, мемлекет пен дін қатынасында зайырлылық ұстанымының орнын баса көрсететін сияқтысыз..

— Қазақстан Республикасы ата заңының бірінші бабында өзін зайырлы, құқықтық, әлеуметтік және демократиялық ұстанымдарды басшылыққа алатын ел ретінде жариялаған. Өкінішке қарай біз әлі зайырлылық туралы анықтама мен түсіндірмені, негіздеме мен этимологиялық, эпистемиологиялық кешенді тұжырымдарды жасай алмай келеміз. Енді осы ұсыныстағы заңда тұңғыш рет дін мен мемлекет қатынастарын тұжырымдайтын, негіздеме мен анықтама қарастырылып отыр. Бұл жақсы нышан. Себебі құқықтық сана ең алдымен «не» деген сұрақтан бастау алады. Мысалы «діни радикализм», «деструктивтік- идеологиялық ағым», «деструктивтік діни ағым», «дінге сенуші мен сенбеуші» және т.б. терминдерге анықтама беріліп отыр. Зайырлылық ұстанымы құқықтық ұстаным. Сондықтан ол ең алдымен анықтама мен негіздемені, уәжді, рационалды норма мен үкімді ғана қуаттайды.

— «Біз зайырлы елміз.. кез келген жерде дінді наисхаттауға болмайды» — деушілерге не дейсіз?

— Заң бойынша дінді насихаттауға кез келген азамат құқылы. Бірақ насихаттаудың да шегі мен тегі анық болу керек. Мысалы деструктивтік діни ағымдарды насихаттауға, олардың идеологиясын таратуға тыйым салу шарт. Ол үшін де «деструктивті ағым» анықтамасы мен шегі, тегін анықтап, айқындап, жалпы қоғамдық және құқықтық санаға ұғындыруымыз шарт. Насихаттың тілі мен термині, эмоциясы мен психологиясы, ұстанымы  мен идеясы, доктринасы мен діни танымы, ортасы мен жамағатының сапасы, насихаттың кеңістігі мен уақыты толық анық көрініс табуы керек. Сонда діни бірлестіктердің өз құқығын қорғауына, өзінің қызметі үшін ыңғайлы жағдай жасауға, нақтылауға, қорғауға деген иммунитеті мен мүмкіндігі нақтылана түседі. Бұл да зайырлылықтың талабы. Сондықтан зайырлылық діни нормаларды тыюшы емес, керісінше азаматтарымыздың кез келген діни танымның ықпалында кетіп адасуынан, басқа да әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қайшылықтың орын алуынан сақтауға ықпал ететін болады. Яғни, зайырлылық ұстанымы — діни танымның тынысын ашатын құқықтық тетік.

Сұқбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай

Дереккөз

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 372 рет
JoomShaper
Top