Мұхамеджан ТАЗАБЕК: Отбасыңда тыныштық орнаса, қоғамдағы кез келген ауыртпашылық жеңілдейді

Жұма, 15.09.2017
Мұхамеджан ТАЗАБЕК: Отбасыңда тыныштық орнаса, қоғамдағы кез келген ауыртпашылық жеңілдейді

«Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабекпен болған сұхбат кезінде қоғамдағы кейбір мәселелер, атап айтқанда ақсақалдар институты, ажырасу, отбасы құндылығы, бала тәрибесіне қатысты бірқатар мәселелер көтерілді.

– Кезінде кемеңгер тұлға Қонаевтан бата  алғаныңызды білеміз.  Қазіргі уақытта қоғамда бата беретін  ақсақалдардың рөлі қандай? Ақсақалдар иституты туралы не айтуға болады?  Тау тұлғалы азаматтың берген батасы өміріңізге қалай әсер етті?

– Әлбетте ол батаның берекесін әлі күнге дейін көріп келемін. Себебі Дінмұхаммед Ахметұлы бір ғасырда бір туатын ғана емес, қазақ қазақ болып келе жатқалы көз тоқтатып, көңілден ұмыттырмайтындай ірі тұлғалардың бірі. Ол өте қиын әрі күрделі кезеңде өмір сүрген адам. Менің тағдырыма он төрт жасымда Қонаев атамызға туыс болып келетін  Берден Байқошқаров деген ел ағасының сонау Алматының  төрінен біздің кеңшарға директор болып келуі тікелей байланысты. Үлкен тұғырда жүрген адам елге келген соң ауыл басшысы емес, ел ағасы ретінде мені жанына ертіп, қамқорлық қылды.  Тіпті, бірнеше айдан кейін атамыздың 80 жылдық мерейтойына ертіп апарды. Үш күн, үш түн ақсақалдың үйінде болып, өнегелі әңгімесін тыңдап, құрметті кісілермен бірге қонақ болдық. Ол кезде Зухра апамыз жоқ еді. Маған атамыздың ықыласы ерекше түсіп, жеке өзімнен өмірбаянымды, туған-туыстарымды сұрады. Кетерде «Сен Алматыға кел, оқуға түсірейік»  деді. Кейін мектеп бітіргеннен кейін Алматыға алдыртып, тиісті адамдарға тапсырды. Мырзатай Жолдасбеков ағамыз ол кездері бүкіл иделогияны басқарып тұрған болатын. Қонаев атамыздың маған берген батасы одан әрі Мырзатай ағаның қамқорлығына ұласты. «Бұл баланың жолын ашыңдар» деген атамыздың сөзі, осылайша жастық шағымның, студенттік кезеңімнің жарқын болуына бастау болды. 

Жасыратыны жоқ, студент кезімде аптасына бір рет атамыздың үйіне барып, хәл-жағдайын сұрайтынмын. Қасыма студент достарымды ертіп алып, әңгімесін ұйып тыңдайтынбыз.  «Ассалаумағалейкум» деп үйіне кіріп барғанда, «Уағалейкумассалам, Мұхамеджан. Төрлет, ел-жұрт аман ба?»  деп сұрайтын. Келесі жолы барғанда елдің жағдайын тағы сұрап қала ма деп,  халықтың ішінде не жаңалық бар, соны зерделеп, пайымдап жүруге тура келді. Сөйтіп ол кісі артық ауыз сөз айтпай-ақ, бір ауыз «Ел қалай?» деген сұрағымен елдің баласы болуға, елді ойлап жүруге тәрбиелеп жіберді. Бұл ақсақалдықтың ең жоғарғы дәрежесі еді. 

Біз қазіргі уақытта ақсақалдық деген иститутты аңсап, оны қалпына келтіріп жатқан елміз. Мұқағали: «Бір ауыл ақсақалы болмаса жетім қалар еді» деген еді немесе кешегі қазақты қазақ қылып жолға салған небір билер, шешендер, көсемдер ақсақалға не жарасатынын, не жараспайтынын көп айтып кетті.

Ақсақал аспаннан жаумайды

– Ендеше бүгінгінің ақсақалы кімдер? 

– Біріншіден, ақсақалдық мүлдем жоқ деп айтуға келмейді. Өзімізге жарасарлық ақсақалдығымыз, қариялығымыз бар. Бірақ біз қай қоғамнан шықтық, қай қоғамда өмір сүріп жатырмыз, әлбетте бәрі соған сәйкес болып тұр.  Мәселен, ақсақалдарға жиын-тойларда,  ас-садақалардарда алғашқы болып сөз беріп жатады. Кейбір кезде жасы ұлғайған немесе ел басқарған кісілер жұрттың алдында сөйлей алмай, айтар ойы құжырап жатады. Керісінше, кейінгілерге үлгі өнеге көрсетіп жататындар бар. Жай қартайған, отбасына  бас-көз болып отырғандар бар. Бір әулеттің  берекесі болып отырған қариялар немесе ұлттық деңгейдегі құндылықтарды толық игеріп отырған ақсақалдар бар. Өкінішке қарай аз. Оның бірінші себебі, кешегі кеңестік жүйеде жеті атасынан текітілігі үзілмеген, оқыған-тоқыған,  ұлтқа жаны ашитын, арлы, жүректі адамдарды басшылыққа жолатпауға тырысты. Олар тасада қалған күйі мемлекеттік, ұлттық деңгейге шыға алмады. Сөйтіп, өмірі өксікпен өткен тұлғалар аз болмады.  Міне, ақсақалдардың кемуінің бір себебі кешегі кеңестік тоталитарлық жүйеде жатыр. Екіншіден, жақсы ұйымдастырушылығымен жоғары қызметке барған ел ағаларының өзін шектеп,  басын ноқталап, әртүрлі қасиетін  тұмшалап отырды. Олар да біздің кезеңімізге жеткен кезде біз күткендегідей, қиялымыздағыдай болмады.  Көп жағдайда ақсақалдарды аңсаған кезде шын мағынасындағы ақсақал еске түседі. Ол ұлттық құндылықтар мен қасиеттерді түгел  қамтыған, қазақы қасиеттер бойынан тұтас көрініс берген адам. Бір жағынан жасы ұлғайған болса, екінші жағынан әулетіне абыройлы.
Үшіншіден – иманды, төртіншіден – парасатты,  бесіншіден – шешен, алтыншыдан шәкірт тәрбиелеген дегендей ішкі дүниесі мен сыртқы дүниесі сәйкес келіп тұрған жарасымды тұлғаларды айтамыз.  Қазіргі кезде ақсақалдар бар, бірақ әлгінде айтып өткен құндылықтар  тұтас сақталмаған. Шешендігі күшті, бірақ ұлтшылдығы болмауы мүмкін.  Көсемдігі мықты, алайда имандылықтан алыс.  Халықтың алдында абыройлы, бірақ ұлтжандылығының тамыры үзіліп кеткен болуы мүмкін.  Шешен адам, бірақ отының басында абыройы жоқ.

Ақсақалдықтың қай заманнан келе жатқан өзіндік дәстүрі бар. Жас кезіндегі қуаты мен жастық шақтағы уайымсыз шад-шадыман көңілін бекер нәрсеге жұмсамай,  соны тиімді пайдаланып, дос жинауға, білім жинауға арнап, жақсы ортада жақсы адамдармен араласса, ол жігіттік шағында ештеңеден ұтылмайды. Тұлға болып қалыптасудың алғашқы тамарын тереңге жібергендіктен, отызында орда бұзады, қырықта қамал алады. Жұрт танып, ел мойындаған ел ағасына айналады.  Одан ақыл сұрап, кез-келген елдік мүддедегі мәселелердің басы қасында жүріп, тәжірибесі толысып алпысқа келгенде ақсақал болып, жетпіске келгенде көшбасшыға айнала алады.

Ақсақал аспаннан жаумайды.  Ол қалыптасады. Тұлғаның кемелденуімен пайда болады. Біз қазір жастарды тәрбиелеп жатсақ,  болашақ ақсақалдықты қалыптастырып жатқанымыз.  Кешегі дәстүр бұзылған, қаймағымыз ыдыраған кезде ақсақалдық институтың қалыптасу кезеңдері бұзылды.  Сол себепті қазіргі ақсақалдарымызға  разы болып,  оларды түсінуіміз керек.

Мәселен, Өмірбек Байгелді ағамызды айтайық. Мен өмірімде шешен сөйлейтін мұндай адамды көрмедім. Табиғи шешендігі төгіліп тұр. Бірақ өмірінің бір кезеңі кеңестік уақытта өткендіктен кейбір діни рухани мәселелерде келіспеуіміз мүмкін. Дегенмен, ол кісінің шешендігі алты алашқа әйгілі, мойындалған тұлға. Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың да жастарға берер үлгісі, мемлекеттік деңгейдегі саяси тәжірибесі, ел басқарудағы  көргенін көп адам көрген жоқ.

Әдетте біз Елбасын да тек саяси тұлға ретінде көргіміз келеді. Негізі олай емес. Елбасымыз шын мағынасында жастарға үлгі болатын, еңбекпен есейген тұлға.  Жақсы ананың құрсағында дүниеге келіп, жақсы әкенің тәрбиесін көрген адам. Бауырмал, кішкентай кезінен бірге келе жатқан достарымен, сыныптастарымен жарқын көңілмен араласып тұруы, балаларының қоғамнан өз орнын табуы, еңбекпен қызметті ұштастыруы, сондай биікте жүрсе де ұлттық құндылықтарды ұмытпай, атқа мініп,  көкпар тартып, домбырамен  қазақтың қара өлеңдерін, халық әндерін шырқап, содан ләззат алуы негізінен ажырамағанын білдіреді.

Қоғамда  өзім риза болатын тағы бір тұлға - тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкеміров. Бір ауылда туып өскендіктен немесе әкемнің құрдасы болғаны үшін айтып тұрғаным жоқ. Ол кісі біз бағалай алмай жүрген үлкен қасиетке ие. Әлі күнге дейін жаспен жас, үлкенмен үлкен болып араласатын, спорттан қол үзбей, атағын саумай, шаруашылықпен айналысып, ағайын жұртына қол ұшын беріп,  елпілдеп жүретін тұлға. Он жыл бұрын көрсең де, жиырма жыл бұрын көрсеңде ханның қасында хан, қараның қасында қара сияқты жүреді. Құнды нәрсе кейде осылай көзге түсе бермейді. Ол құндылық кішіпейілдікте, қарапайымдылықта жатыр.

Ендеше, ауызды қу шөппен  сүртуге болмайды. Көзге түсерлер қырылып қалған соғыстан кейінгі кезеңде де адамдар өзіне үлгі болар тұлға тапқан. Ол мектептегі ұстазың, ауылдағы нағашың болуы мүмкін. Қазақ қоғамында ұлтқа ұстын болатын, елге еге болатын, алашақа абырой болатын азаматтар жоқ емес.

 Отбасы құндылығы көп ойлантатын мәселеге айналды. Отау тікпей жатып, оңай ажырасатын ұрпақ көбейді. Отбасы құндылығын қалай дәріптеген жөн, қайтсек ұтамыз?

– Отбасы құндылығы бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда күрделі кезеңге тірелдік.  Отбасында тыныштық, бақыт болса қоғамдағы кез келген ауыртпашылық жеңілдейді. Жұмыстан орныңды таппай жүрсең де, біреуден  зәбір көрсең де қайтып  оралатын отауың болса, сол отаудың  ішінде тыныштық орнаса, сені жан-тәнімен түсініп, қабағын арнап отырған жан болса, кез келген ауыртпашылық жеңілдейтініне тарих дәлел. Өйткені тарихта «қара қазан, сары бала қамы үшін» дегендей, талай соғыстар, аласапырандар болды. Сол сары балаң «әке» деп аяғыңа оралса, қара қазанында қарын тоятын тамақ болса, барлығына шүкір деген кезеңдер өтті.

Отбасы – бақытымыздың бастауы. Қоғамда жасайтын жұмыстарымыздың негізі сонда жатыр.  Кейде жұмыс деп, отбасымызға көңіл бөле алмай жатуымыз мүмкін. Кейде басқа да тіршіліктің қамымен отбасының хақысын өтей алмай жатамыз. Бұл қате нәрсе. Себебі отбасын реттей алмаған жан қоғамда да берекесіз болады. Қоғамда көптеген жетістіктерге жеткен адамдар отбасында бақытты азаматтар. Әйелінің алдында еркек ретінде қадірі бар, балаларының алдында әке ретінде орны бар, туыс ретінде ағайын арасында абыройы бар.  Өзіңнің өсіп-өнген осындай бау бақшаңнан береке тапқан адам  қоғамда да елдің кәдесіне жарап, жел жағына ықтасын болады. Қанша жерден  үрлеп, қолдан тұлға жасап, қодырайтып айтқанмен оның отбасында тыныштық береке болмаса, ол адам бір күні бәрібір сүрінеді.

Мына жағдай жүрегімді қатты ауыртады. Соңғы кезде бір бірінің қадірін білмейтін қауымға айналып бара жатқандаймыз.  Тірі адам тірі адамның жанын қинаудан ләззат алатын, бірінің бетінен алып, жағасына жармасатын, сырттай ғайбат пен өсекке оп-оңай қиып жіберетін, мейрім көрсетіп біреуді қуантқаннан гөрі, тып-тыныш тұрған адмады ренжіте салудан ауырсынбайтын адамға айналып  барамыз. Мәселен, ажырасу. Қаншама шаңырақ  көтеріледі, керегелері керілмей жатып сынып кетеді. Қазақстанда бір жылда некелескен адамдардың ажырасуы көбейіп кеткен. Қараңызшы, ерлі-зайыпты деген кімдер?  Бір жастықта басы түйіскен,  ең жақын адамдар емес пе?! Тіпті, әке-шешеңнен гөрі сол жұбайыңмен  ұзағырақ өмір сүріп, бірге болуың мүмкін. Өмірдегі тән, рух, жағынан ең жақын адамың. Өкінішке қарай, ыстық суығы басылмаған, бір жастықта бастары түйіскендердің  жыл өтпей жатып-ақ ажырап, бір бірін көрместей боп жатуы, қаншалықты қатігез,  суық, кешірімсіз, мейрімісіз болып  баратынымызды көрсетеді. Бір жастықта жатып, бір-бірінің қадірін білмесе, ол күнде көріп жүрмеген, сәт сайын араласпаған адамдардың қадірін қайдан білсін?  Онда қай байдан шарапат, қай кедейден мейірім күтеміз? Егер бастары бір жастықта, тізелері бір дастарxанда түйіскен адамдар бір бірін бағаламаса, басқа кімді бағалайды? Міне, біздің ұлттық қасіретіміз.

Бұл біздің бала-шағамызды отбасылы болуға, ұлымызды оттың егесі, қызымызды отбасының берекесі етіп тәрбиелей алмағанымызды көрсетеді. Рас, балаларымызды білімді болуға, көркем киініп, көркем ортада жүруге, алайда көркем отбасы болуға тәрбиелеп жатпағанымыз, ащы болса да шындық. Неге?  Өйткені, ең басты құндылық деп есептемейміз.

Бұрын қазақтың тұрмысы төмендеу, парасаты биік кезеңде  ұл- қыздарын бірінші кезекте болашақ ана, болашақ отбасының егесі  деп тәрбилейтін. Сүндетеген баланы не үшін тайға мінгізеді?  Тізгін ұстасын, тақымы толсын, алысқа қарасын, белгілі бір мүліктің егесі екенін сезінсін, жауапкершілікті мойнына алсын дегені. «Ана көрген тон пішер» дегендей, шағын ғана қазақы үйдің ішінде  қазақ қызының бөлек орны болған. Шілтерлі шымылдық құрылып, соның ішінде қыз өзіннің  ісін тігетін, шашын тарайтын, демалатын. Қызды не үшін алақанға салып бағалайтынбыз? Ертең басқа әулетке кететін болған соң, ата-анасынан толық мейірім алсын дегені. Қазіргі кезде он сегіздегі қызға әлі кішентай қарап, тек еркелететін ата-аналар бар. Бір күні тұрмысқа шығатынын айтқанда, «қызымыз бой жетіпті ғой» деп, құтты орнына қондырады. Ия, физиологиялық  тұрғыдан  дайын болғанымен, психологиялық, рухани тұрғыдан түк те дайындығы жоқ. Бұл ұл балаға да қатысты.  Оны дайындамасаң, ешуақытта да дайын болмайды.

Жасыратыны жоқ, өзімнің ұлыма 5-6 жасынан бастап «Осы үйдің иесі сенсің»,  «қарындасыңа қара», «әпкеңнің айтқанын істе» деп құйып келемін. Ол бала бір нәрсеге жауапты екенін сезіну керек. Қыздарыма да «денсаулығыңды күт, ертең ана боласың» деп, ертеңгі күннің жауапкершілігін сезіндірумен келемін.  Әрине, ағылшын тілін үйретудемін, жүзуге, үлкен тенниске қатысады,  мүмкіндік болған кезде шетелге лагерьге жіберемін. Көздерін ашып, көкжиегін кеңейтіп жатырмын. Бірақ ертең  отбасы болатынын ұғындырып, ашық сөйлесуді ұмытқан емеспін. Ақырын Алла xайырлы, берекелі қылсын!

Рас, шаңырақтар шайқала беретіндей дәстүрсіз халық емес едік қой. Қай заманнан негізіміз болды.  Сол ұстын болған негіздерді ұмытқан кезде салдары отбасына тиеді. Сондықтан біреудің үйін өрт шалса, жанталасып жүгіреміз. Егер ұрыс-керіс болып жаста, бей- жай қараймыз. Бірақ бұл өрттен де жаман. Өрттің орнына ағайын-туыс жиналып үй салып көмектеседі. Ал жанжал көбейген үйде соңы ажырасып, қалпына келмеуі қалуы да мүмкін.  Адамдардың бір-біріне деген салқын көзқарасын байқасақ, жарастыруға, жылы сөз айтып арасын жақындатуға көмектесуіміз керек. Жастар үй болып кеткенше үлкендеріміздің  біраз жерге дейін қамқор болуы жетіспей жатыр. Қазақта «Үй көрсету» деген дәстүр бар. Ол жастарды үйге шақырып, өліп-өшкен махаббаттан да  басқа құндылықтар бар екенін сезіндіру. Кеше ғана қосылған екі жасқа арнайы көңіл бөліп, ерекше сый-сияпат көрсетіп, бастарын бағалау. «Алдын жас бала едіңдер, енді бір үйдің кереге, бақанысыңдар» дегендей, жауапкершілікке толы сөз айтып, мойындарындағы жүкті сезіндіру, есейту. Оңашада күліп-ойнап жүрген жас жұбайлар, сондай "үй көрсетулер" арқылы салмақты насиxат тыңдап, байсалдылықты бойларына қалай сіңіргендерін де байқамай қалады. Елеусіз дүние көрінгенімен осы жөн-жосықтардың артында қаншама құнды тәрбие, ұмытылмас үлгі-өнеге жатыр.

– Қоғамдағы кілең келеңсіз оқиғаларды сұрап жатыр деп сөкпеңіз. Жақсылығымызды ешкім тартып алмайды. Ендеше, өршіп тұрған педофилизмге қарсы қалай күресеміз? Айтуға да ұят. Бұрын мұндай сорақылықты естімейтін едік, әлде айтылмаушы ме еді?

– Бұл  қазақтың ғана емес, әлемге тән проблема. Кез келген адамның бойында жаман және жақсы қасиеттің тамыры болады.  Қайсысына көбірек нәр берсең, сол  қасиет дамып жетіледі. Мәселен, жетім баланы асырап, оны ұрып-соғып қатігездіпен өсірсең, есейгенде мейрімділіктен жұрдай болады.  Керісінше, жақсы тәрбие берсең, жақсы азамат болып шығады.

Біздің бойымызда нәпсі болады. Кез келген нәрсе мөлшерінен асса, Абай атамыз айтқандай, боғы шығады.  Соның бірі – ақпарат. Қоғамда қажетті-қажетсіз ақпарат өте көп,  Соның бірі – қоздырушы ақпараттар. Қоғамда балаларымызға қауіп төндіріп жатқан адамдардың көбеюі,  зиянды ақпараттардың жиі  таралуына байланысты.  Кез келген сабырлы адамның өзіне негатив ақпаратты қайталап айта берсе, соңында сабыры сарқылуы мүмкін. Бір уақытта шектен шығып кетеді. Байсалды, орнықты деген адамның өзі түрлі жалаңаш әйелдерге қарап, көзін тыймаса, соңында өз әйеліне тәбеті тартпай қалуы мүмкін. Қиялы бұзылып, қай-қайдағы бұзық ойларға бой алдыруы мүмкін. Шетен шығып, азғындай келе еркектен, малдан, баладан, тіпті  өліктен ғана қозуы мүмкін.

Өлік демекші, Лондондағы музейде Мұса пайғамбар заманындағы тыржалаңаш сәждеде жатқан перғауын қойылған. Бір барғанымда байқадым, жамбас тұсын таспен жауып қойыпты. Музей қызметкерлерінен сұрасам, өлік зорлайтын некрофилдер азаннан кешке дейін соны айналшықтап жүретін көрінеді.  Солардан құтылу үшін жамбас тұсын жауып қоюға тура келіпті.

Адам баласына  зұлым  идеология сіңірілсе, басқа мақұлықтың жасамайтынын жасауы мүмкін. Мәселен, мал өзінің баласын зорламайды, текті айғырлар кіндігінен шыққан  байталды үйіріне жолатпайды. Мал екеш мал сөйтеді.

Ол үшін жақсы ақпараттар қоғамда көп таралу керек. Елдің санасы нұрланып, көзқарасы тазарған жөн. Сонда ғана бұл сорақылықтан түбегейлі құтылуға болады. Піштіріп немессе өлтіріп тастаумен іс бітпейді. Қоғам мүшесі ретінде алдын алу жұмыстарына әрекеттенуіміз керек.

– Тәрибе құралы –телеарна. Өзіңіз басқарып отырған «Асыл арнаға» биыл 10 жыл толады. Халық қандай дүниені қажет етеді, үдеден шықтық деп ойлайсыз ба?

– Осы айтқан әңгімелерміздің  амал тұрғысындағы көрінісі «Асыл арна» 100 пайыз діни арна деп айтуға болмайды. Алланың әділ заңдылығына қайшы келмейтін адамзаттық құндылықтар мен ұлттың мәйектерімізді насиxаттау- заман талабы. Түсірген телесериалдарымыз көрілім жағынан көп алда. Адамдар таза рухани бұлақтарға шөлдеп отыр. Қымбат түсірілген фильмдерден жалықты. Түбінде ақылды шешім шығаратын қарапайым дүниелерге қызығады. Біздің «Үлкен үй» деген сериалымыздың әр бөлімін миллиондар көреді. Бұл халқымыздың сұранысын  жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Ел ішіндегі проблемаларды екшей келе қысқа роликтер түсірудеміз. Біреуге ақыл, насихат айтып, дұрыс деп тапқан дүниені тықпалауға емес, өмірі ғибратқа суғарылған асыл қасиеттерін оятумен ғана шұғылданып жүрміз. Мешіт имамдары мен дінтанушыларға мінбер ұсынып, ұғынықты насиxат естірткеніміз болмаса, қазаққа тықпалап дін үйретіп жүрген жоқпыз. Біздікі, ділімізде қатталып жатқан, ой-сана, жүрегімізде тапталып жатқан қасиетті дүниелерімізді оятуға себеп болу ғана. Жұртқа төтеннен ақпарат құю емес, руxани жаңғырып жатқан қоғамда төл құндылықтардың қалпына келуіне себеп болсақ та мақсатымыздың орындалғаны.

Әңгімелескен 

Гүлмира Шарханқызы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1530 рет
JoomShaper
Top