Жалғас САДУАХАСҰЛЫ: Бір мұсылманның екінші мұсылманнан артықшылығы жоқ

Сәрсенбі, 09.08.2017
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ: Бір мұсылманның екінші мұсылманнан артықшылығы жоқ

Ата Заңымызда «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген. Ал ислам дінінің ұлт пен ұлтаралық қатынастарға деген ұстанымы қандай? Біз бұл туралы белгілі дінтанушы, философия ғылымының кандидаты, Жалғас САДУАХАСҰЛЫНАН аз-кем сұхбат алған едік.

– Аға, ислам дінінің ұлтқа, ұлтаралық қатынастарға қатысты ұстанымы қандай?

– Діннің адамдарды біріктіру, қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты реттеу, саяси жағдайды тұрақтандыру сияқты әлеуметтік құбылыстардағы орны ерекше. Дін адамгершілік пен рухани құндылықтар арқылы адамдарды әлеуметтік, идеялық және саяси тұрғыдан ұйысуына негіз болатын біріктірушілік қызмет атқарады.

«Ұлттық діндер ұлт бойында ұлттық ерекшелік пен астамшылық тәңір таңдаған халық түйсігін қалыптастырып, ұлттық идеясына мистикалық реңк береді», – дейді  әйгілі орыс ғалымы Писманик М.Г. Олай болса біздің ұлтымызға өзіндік нақыш пен реңк беріп тұрған тарихи және мәдени қалыптасқан дәстүрлі Ислам.

Ал енді марқұм белгілі ғалым, дінтанушы Орынбеков ағамыз ислам дінінің ұстанымы мен таралу ерекшелігіне қатысты былай деп айтқан:

«Адамның теңдігі мен еркіндігін, өмірдегі әділеттілік пен қайырымдылық құндылықтарын уағыздаған мұсылман діні – еркіндік және бауырмал түркілердің дүние танымына тең келеді. Мұсылман бейнесі халықтың басым көпшілігі үшін өте тартымды. Ислам жоғарғы биліктің басындағылардан бастап, төмендегі кедейлер мен жарлы-міскіндерді қамтыған әрбір әлеуметтік таптың түсінігі мен ұстанымына лайық әрі дұрыс келді».

Полиэтносты Қазақстан халқы үшін дәстүрлі исламның рухани әлеуеті мен құндылықтары ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім мәдениетіне ықпалы зор екені белгілі. Себебі, ислам мұсылман дінін ұстанатын халықтардың рухан-имани өрлеуі мен қайта жаңғыруында басым және жетекші рөл атқарады.

– Енді осы Ислам дінінің ұлтқа, ұлтаралық қатынастарға қатысты ұстанымына, оның ішкі догмаларына талдау жасап көрейікші. Расында да Исламда біздер естіп жүргендей «діни ұлтшылдық», «нәсілдік» бар ма?

– Қазақ энциклопедиясында мынадай анықтама беріледі: Ұлт ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі. Сонымен бірге көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекеті болады.

Ал енді ұлт мәселесін біраздан бері зерделеп жүрген Амангелді Айталы ағамыздың сөзімен айтар болсақ, «Ұлт» терминін әртүрлі анықтауға болар, бірақ оның терең әлеуметтік, тарихи тамырын, тіл бірлігін, мәдени ерекшелігін, дәстүрлері мен салтын көрмеу мүмкін емес. Сонау кеңес заманында, тарихи ма­териалистік тұрғыдан саралай келе ұлт­тың рухани өміріне, тіліне, мәдениетіне үстір қарадық. Ұлт болмысының тер­риториялық, экономикалық, ша­руашылық қырларына ұлттың белгілері ретінде мән беріліп, ұлтты ұлт ететін эт­никалық сана-сезімін, рухани болмысын елемедік, жоққа шығардық. Бүгін совет заманындағы біржақтылықтықты сынай келе, енді екінші шекке шығу орын алуда – ұлттың ақиқаттығына күмәндану, оны тек субъективтік, тамырсыз қиял ретінде түсіну.

Негізінде исламда «ұлт» дегеніміз бірнеше мағынаны білдіреді: біріншісі, «шағб» – аймағы мен мәдениеті және тілі ортақ халық; екіншісі, «қабилә» – ру, жүз мағынасында келеді; үшіншісі, «умма» – рухани және діни сенімі бір, соның арқасында бір-біріне жақын адамдардың тобы, үлкен қоғам, яғни қазақша – үмбет.

Қасиетті Құранда: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» делінген (Хужурат сүресі, 13 аят).

Осы аятты қағида етіп ұстанған Ислам ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдікті, бір нәсілдің басқа нәсілден жоғарылығын, бір текті келесі тектен артық қоймайды, жақсырақ санамайды. Бұған қатысты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар: «Арабтың араб еместен артықшылығы бар ма әлде араб еместің араб алдында артықшылығы бар ма? Немесе қара түстінің ақ түстінің алдында артықшылығы бар ма, әлде керісінше болады ма? Артықшылық тек – тақуалық пен жақсылықта ғана болады!».

Сөйтіп, Исламда адамның тегі мен нәсіліне қарағанда рухани жақындық пен тақуалық бірінші орынға шығады. Сондықтан да Құранда «үмбет» сөзі жие айтылады: «Сендердің үмбеттерің бір-ақ үммет. Мен Раббыларыңмын...» (Әнбия сүресі6 92 аят). Бұл аят барлық мұсылмандардың бір үмбет екенін айтып отыр. Бұлардың барлығы тең. Ал енді басқа дін өкілдеріне келер болсақ олар да өз үмбеттеріне жатады.

«(Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді. Олар үнемі қайшылықта тұруда. Бірақ Раббыңның мәрхамет еткені басқа. Оларды сол үшін жаратты...» (Һуд сүресі, 118-119 аят).

Себебі, әрбір үмбеттің өз елшісі бар: «Әр үмметтің бір пайғамбары бар. Оларға пайғамбарлары келген заман, араларына туралықпен үкім болады. Сондай-ақ олар, зұлымдыққа ұшырамайды» (Юнус сүресі, 47 аят).

Ислам қандай болсын ұлтқа қарсы шықпайды және өзгелерді де соған шақырады. Себебі, Ислам ұлтқа және ұлттық мәселеге қатысты анық әрі берік ұстанымға сүйенеді. Бұл ұстанымның түсіндірмесі – тағдыр концепциясы, яғни, болмыс – Алланың жаратылысы, демек адам оны өзгерте алмайды. Оны өзгертуге адамның құқығы да жоқ деген тұжырымдама.

Мұсылман ғалымдары осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, адамдардың ұлттарға, тайпаларға бөлінуі ақыр заманға дейін жалғаспақ деп сенеді. Себебі, Құранда Жаратушының Өзі адамдарды «халықтар мен тайпалар» етіп жаратқандығы туралы айтқан.

Ислам жай ғана ережелер жиынтығы емес, оның ішінде мәдениет пен дәстүрлер бар. Бұл дегеніміз, Ислам діні – мәдени дәстүр ретінде  жер бетіндегі этникалықтың элементтерін жоққа шығармайды, керісінше, оны өз ішіне қамтиды.

Ислам канонында «ұлт» деген сөзге қарағанда ұлттық, тайпалық, этникалық шекараларды білмейтін «үмбет» ұғымын қолданады. Адамдар арасында теңдік қағидасын ұстанатын ол ізгілік қасиетін насихаттайды. Исламның адамдар арасындағы өлшемі – тақуалық. Бір ұлтты басқа бір ұлттан жоғары немесе төмен қоймайды.

– Британдық тарихшы, философ Арнольд Джозеф Тойнби Ислам дініндегі татулық пен бірлікке қызыға отырып: «Мұсылмандар арасындағы нәсілділік сананың жойылуы – Ислам мен қазіргі әлемнің керемет жетістіктерінің бірі. Осы Исламдық қасиетті тарқату қажеттілігі жиі кездеседі» деп айтқан екен.

– Өте тамаша айтқан. Қазір кейбір исламның атын жамылған «мұсылманшыл» ағымдардың насихатынан естіліп жататын және бұқаралық ақпарат құралдарынан ара-тұра көрініп қалатын «мұсылмандық ұлшылдық» «нәсілдік» ұрандары шынайы исламның доктриналарында жоқ. Бұл – белгілі бір топтардың мемлекет ішіндегі тұрақтылықты бұзу үшін,  Исламды «құбыжық» етіп көрсету үшін дінді жамылып жасайтын әрекеттері, айла-тәсілдері.

Бір мұсылманның екінші мұсылманнан артықшылығы бар ма?

– Исламда екі ұстаным бар: біріншісі, барлық мұсылмандар – бауыр; екіншісі, бір мұсылманның екінші мұсылманнан артықшылығы жоқ, (артықшылық тек) – тақуалықта. Осы қағида Исламдағы этникалық ұлшылдықты немесе діни ұлтшылдықты жоққа шығарады.

Жоғарыда айтқандай Ислам Құрандағы адамдардың «халықтар мен ұлттар» етіп жаратылғаны туралы аятты ұстанады. Ислам этникалық ерекшеліктерді, ұлттар мен ұлыстарды олардың қасиеттері мен сипаттарын мойындайды. Себебі, Алланың бізді «халықтар мен ұлттар» қылып жаратудағы мақсаты – біздің бір-бірімізбен соғысуымыз үшін емес, керісінше бір-бірімізді танып, бейбіт ғұмыр кешуіміз үшін жаратқан.

– Қазір қоғамның дінге деген қызығушылығы артып келеді. Бұл қуанарлық жағдай. Бірақ, жат ағымдарға еріп кетіп жатқан жастарымыз да аз емес.

– Иә, рас айтасыз. Қазір қоғамда әсіресе, жастардың арасында дінге, діни рәсімдерге, діни ақпаратқа сұраныс артып отыр. Бүгінгідей сымсыз айди (iD) технология дамыған заманда ақпарат шексіз және қол жетімді. Егер біз жастардың осындай сұранысын қанағаттандыра алмасақ, онда олар бұл ақпаратты, дерек көздерді сырттан іздейді. Бірақ, біз ол кезде жастардың алып жатқан дін туралы ақпараттың қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін, ғаламторда онлайн дәріс беріп отырған шейхтың кім екенін (шын ғалым, экстремист, террорист, псевдо шейх, радикал және т.б.) білмейміз,  дереккөздің сенімді немесе сенімсіз екенін, қауіпті немесе қауіпсіз екенін дөп басып айта алмаймыз.

Ғаламтордың арғы жағында отырған «шейх» жастардың санасын өтірік уағызбен улап, баланы әкеге, қызды анасына қарсы қойып нағыз радикал қылып шығаруы мүмкін. Бүгін дұрыс діни білім алмаған ізденуші, ертең әкесі мен анасын «кәпір» деп, бір дастарқан басына отырмайтын радикал. Өкінішке орай мұндай қанды оқиғалардың куәсі болып, зардабын да тарттық. Әсіресе, 2011 және 2012 жылдары орын алған Ақтау, Балқаш, Шұбарши, Тараз және Ақсай шатқалындағы қанды оқиғалар, Сирия сұрапылына «жиһад», «һижра» деп көшкендер, кешегі 2016 жылғы Ақтөбе және Алматы қалаларындағы лаңкестер лаңы жадымызда қасіретті оқиға болып сақталды.

– Осындай аса күрделі жағдайда мемлекеттің ұстанымы қандай болу керек?

– Бұл мәселеге мемлекеттің ұстанып отырған бағыты айқын. Мысалы, жоғарыда айтылған жағдайлардың барлығын ескерген еліміздегі Дін істері министрлігі «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын»  әзірледі.

Бұдан былай мемлекет (Дін істері министрлігі уәкілетті орган ретінде) осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып ҚМДБ-мен қоян қолтық жұмыс жасамақ. Мысалы, елдің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, дін догмаларын дұрыс ашықтау, мұсылманшылық құндылықтарды түсіндіру, жоғары білімді дін мамандарын, теологтарды даярлау, шет мемлекетке шәкірттер жіберу, имамдардың діни һәм зайырлы білімдерін жетілдіру секілді мәселелер шешімін табатын болады.

Сонымен қатар, биыл мамыр айында «Уақып» қайырымдылық қоры құрылды. «Уақып» қоры да өз қызметінде діни бірлестіктерге, имамдарға стипендиялық көмек көрсету, білім деңгейін көтеру және ғибадат үйлерін ұстау арқылы көмек көрсететін болады.

– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен

Олжас СӘНДІБЕК

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 452 рет

Қажылық анықтамалығы

JoomShaper
Top