Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ: Рухани жаңғыруды ұлт бағдарламасына айналдыратын кез жетті

Дүйсенбі, 15.05.2017
Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ: Рухани жаңғыруды ұлт бағдарламасына айналдыратын кез жетті

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат

− Айнұр Әбдірәсілқызы, әңгімемізді таяуда өзіңіз басқаратын орталық өткізген «Рухани жаңғыру – тәуелсіз Қазақстанның жасампаз ұстанымы» атты дөңгелек үстелден бастасақ. Атауынан айқындалғандай, бұл шара Елбасы мақаласының аясында ұйымдастырылған тәрізді...

− Иә, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы руханиятқа қатысты келелі ойларын талдап-таразылау мақсатында осындай атаулы шара өткізген болатынбыз. Дөңгелек үстелді біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Дінтану» кафедрасымен бірлесе ұйымдастырды.

Дін – рухани мәдениеттің қайнар көзі, сондықтан рухани жаңғыру, ұлттық бірегейлік, дін және дәстүр сабақтастығы мәселелерінің дін саласы үшін маңызы қашанда жоғары. Осы өзекті тақырыптарды қозғаған Елбасы мақаласы құндылықтық бағдарларды қайта безбендеуге мол мүмкіндік берді.

Баршаға белгілі, 2014 жылдың 25 тамызындағы Елбасының Ұлытауда берген сұхбаты ұлт руханиятының іргесін бекіте түсуге жасалған маңызды қадам болған еді. Сол қарсаңда біздер көрнекті ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Ұлытау сұхбаты  – рухани жаңғырудың жаңа кезеңі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырған болатынбыз.

Өз кезегінде бұл сұхбат біздің көптеген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымызға арқау болды. 2015 жылдың өн бойында еліміздің барлық аймақтарында «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі рухани құндылықтар және ішкі тұрақтылық мәселелері» атты семинарлар циклін өткізуімізге, осы бағытта көптеген толымды басылымдар әзірлеуімізге  де Ұлытау сұхбатында айшықталған ойлар өзіндік ықпал етті.

Елбасының кезең-кезеңімен ұлт руханияты үшін маңызды мәселелерге оралып отыруы қоғамдық ойға қозғау салып, іс-әрекеттерге соны серпін беретіні белгілі. Бірақ бұл әрекеттер шашыраңқы сипатта қалып қоймай, біртұтас бағдарламаға айналып, ел игілігіне қызмет етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі қазақстандық қоғамның өркениетті, өрелі санасы осы бастаманы бірауыздан қолдайтын деңгейге көтерілді деуге негіз бар.

−  «Дәстүрлі құндылықтар» сөзін соңғы кездері жиі қолданудамыз. Бірақ оны талдап-түсіндіруіміз жеткіліксіз секілді көрінеді...

Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады.

Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық дегеніміз қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қайнап шығады, билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында.

Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар, тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.

Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Рухани дағдарыс басымдық ала бастаған қазіргі әлемдік қауымдастықта дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мәселесі табиғи түрде өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бір ерекшелігі, бәлкім, кемшілігі – барша қоғам мүшелерінің алаңдаушылығын туғызуы тиіс бұл тақырып негізінен дін қызметкерлерінің және белгілі бір дәрежеде мәдениеттанушылардың зерттеу-насихаттау нысаны болумен шектеліп келді. Елбасы мақаласында көтерілген идеялардың тағы бір маңызы осы шектеулер аясын кеңейтуге бағытталуында дер едік.

− Ал дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғамнан тыс өмір сүре алады ма?

−Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады десек те, дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Оның айқын мысалы – бүгінгі қазақ қоғамы.

Тиісті анықтамаларға сәйкес дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамын толық мәнінде дәстүрлі қоғам деп атау қиын.

Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылықтық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік роль атқарып отыр.

Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Осы ақиқатты сана елегінен өткізген қазақстандық қоғамда қысқа мерзімде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың екі толқыны жүріп өтті дер едім.

−  Әлқисса...

−Дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы серпіні тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болды. Үш ғасырлық отарлық және кеңестік саясат қысымында ұлттық мінезінен, санасынан, құндылықтарынан көз жазып қала жаздаған ұлт тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде тілін, тарихын, дәстүрін және дінін жаңғыртуға құлшына ұмтылды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, тіл төңірегінде атқарылған сан салалы жұмыстар, ұлттық мектептер мен балабақшалар ашу, ұлттық сайыстар ұйымдастыру, «Наурызды» халықтық мерекеге айналдыру, тарихи туындыларды жарыққа шығару, ұлт зиялыларын ақтау үдерісі, мешіттер мен медреселер жұмысын жандандыру, діни басылымдарды көбейту – тағы басқа сан жеткісіз іс-әрекеттер мен нәтижелер ұлттың өз болмысына оралуды аңсаған табиғи құлшынысынан туындап жатты.

Бірақ бұл құлшыныстарды нарықтық қатынастардың алғашқы ауыр кезеңі біршама көмескілендірді. Осы талайлы шақты тәуелсіздікпен бірге орныққан ашық шекара саясаты мен ашық ақпарат кеңістігін пайдаланып сыналап ене бастаған сыртқы күштер тиімді пайдаланды. Барлық ақпараттық және заңнамалық мүмкіндіктерді қалт жібермей қолдана отырып, жұртшылыққа жат идеологиялық бағдарлар мен құндылықтарды таңудың, дәстүрлі құндылықтарды өзгертудің белсенді әрекеті басталды. Қоғамдық құрылымның өзгеріп, нарықтық қатынастардың тереңдеуі салдарынан құндылықтық бағдарлардың дәстүрлі қалыптан ауытқуы үдерісіне қолдан қосылған ұлттық руханият саласында теріс мазмұнды ақпараттардың басымдық алуы үстелді. Дін атын жамылып, рухани қауіпсіздікке қатер төндіру әрекеттері көрініс берді.

Дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың екінші кезеңі осы үдерістерге жауап ретінде соңғы бесжылдықта басталды деуге болады.

−  Мысалмен өрнектесек...

−Қозғалыс ең алдымен ұлттық санадан басталды – мерзімді баспасөзде дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту, дін мен дәстүр сабақтастығын ашып түсіндіру, рухани тарихты қайта безбендеу мазмұнындағы мақалалар көптеп жариялана бастады. Гуманитарлық саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының, көптеген ұйымдастырушылық шаралардың бағыты да осылай қарай бұрылғанын көпшілік аңғара алды деп ойлаймын. Ғаламтор ресурстары да бұл үдерістерден шет қалған жоқ.

Руханият саласының пәрменді тетігін қолда ұстап отырған дін саласындағы уәкілетті орган тарапынан бұл жұмыстар кешенді түрде үзіліссіз атқарылды. Өйткені дін саласы үшін экстремистік және радикалды идеологияға балама идея ретінде дәстүрлі құндылықтардың маңызы ерекше. Ол сонысымен де ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі саналады.

Жоғарыда мен «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі рухани құндылықтар және ішкі тұрақтылық мәселелері» атты семинарлар циклін бүкіл ел көлемінде жүргізгенімізді атап өттім. Дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту мәселесі біздің Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыстарының өзекті бағыттарының біріне айналдырылған. Сандарды сөйлетсек, 2013-2016 жж. аралығында 5 млн. 400 мың адамды қамтыған әртүрлі форматтағы 59 мыңнан аса іс-шаралар ұйымдастырылса, соның басым бөлігінде дәстүрлі рухани құндылықтардың маңызы насихатталып, дәстүрлі діни танымның ерекшеліктері түсіндіріліп отырды.

Осы бағытта жылдар бойы арнайы медиа-жоспар жүзеге асырылып, көптеген зерделеу жұмыстары жүргізілді. Тиісті ақпараттық басылымдар әзірленіп, облыстық Дін істері басқармалары арқылы халыққа көптеп таратылды. Көзі қарақты оқырман қауымға белгілі, біздің орталық «Дін мәселелері жөніндегі 20 сұрақ-жауап» сериясы аясында «Дін және дәстүр», «Дін және қоғам», «Рухани-діни ұғымдар» басылымдарын қазақ, орыс тілдерінде шығарып, ел көлеміне таратты. «Қазақ ғұламалары мен ақындарының діни-танымдық ойлары», «Дін, әйел және руханият», «Дін. Дәуір. Дәстүр», «Имамға көмекші», «Ұлытау сұхбаты  – рухани жаңғырудың жаңа кезеңі» секілді басылымдардың кез келгені ақпараттық түсіндіру жұмыстарының өзегіне айналған ойларды ел назарына ұсынды.  

Сөз ретімен жасалған жұмыстарды да шолып өткендегі тұжырымым – осы айтылғандардың барлығы ұлттық сананың рухани жаңғыруға жаңа қадам жасауға дайын екенін айғақтайды дер едім.

Жақында Елбасы дін өкілдерімен кездесуінде қара киім киінудің, бейберекет сақал қойып, шалбардың балағын кесудің ұлттық дәстүрлерімізге сай келмейтінін атап көрсетті.  

 Кез келген форманың ар жағында белгілі бір мазмұн, идея тұрады. Мысалы, мемлекеттік мекемелерде неге діни атрибутика мен символға тыйым салынады? Өйткені кез келген атрибутика мен символ белгілі бір идеяның насихат құралы болып табылады.

Елбасы айшықтаған қара киім, қысқа балақ, қауға сақал да ең алдымен белгілі бір дәстүрлі емес ағым өкілдерін ерекшелейтін сыртқы белгі ретінде танылды. Яғни қауіп киімнің өзінде емес, оның арғы жағындағы идеологияда, форманы жамылған мазмұнда тұр. Формасы сай келмеген құбылыстың мазмұны да дәстүрімізге сәйкес келмейді.

Өзіміз көзін көрген кешегі 1980-жылдардың ортасында дүниеден өткен әжелеріміз алдыңғы ғасырда дүниеге келген буыннан еді. Ол кісілер ешқашан қара киініп, орамалын алқымына түсіріп, тұмшаланып көрген жоқ. Сол заманның салтымен түрлі-түсті көйлегін, барқыт камзолын киіп, жаулығын желкеден орай байлап, екі ұшын алдына бос түсіріп қоюшы еді. «Әжелеріміз де осылай киінген» деп отыратын. Ал ол кісілердің әжелері – он сегізінші ғасырдың қазақтары болатын!

Қара киімге қатысты әжемнің бір сөзі есімде ерекше сақталыпты. Баларақ кезімізде тетелес әпкем дүкеннен ақ гүлді, төсегі қара («негізгі матасы қара» дегенді осылай айтады) көйлек сатып алған еді. Ұсақ ақ гүлі қанша көп әрі әдемі болғанымен, негізгі түсі қара болған соң, көйлек бәрібір күңгірт түстеніп тұрады екен. Әжеміздің екі көзі бірдей нашар көретін (бертінде мүлде зағип болып қалды), соның өзінде көйлектің қою түсін байқап қалып: – Қап-қара етіп, қайдағы жоқты шығарып, мынасы несі? Жас адам деген жарқырап киінер болар еді, – деп кейігені бар.

«Дәстүр – ұлттың мәдени коды» деген тұжырымды мәдениеттанушылар текке айтып жүрген жоқ. Код өзгерген жерде кілт ашылмайтыны сияқты, дәстүр өзгерген кезде оның бұрынғы келбеті өскелең буынға мүлде түсініксіз, жат болып кетеді. Өз мәдениетінен жаттанып, өз дәстүрінен жеріген қазақтың жаны қазақ болып қала алмайды. Оның жан дүниесі, дүниетанымы, көзқарасы, түйсігі мен қабылдау мәнері, рухани сезімдері толығымен өзгереді. Мәдениетпен бірге ұғымдар ауысады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді. Осыны жақсы түйсінгендіктен әлемдік державалар мәдениет арқылы жаулауды отарлаудың негізгі әдісіне айналдырғаны талайлы тарихтан белгілі.

Жалпы осы хижаб пен ниқаб мәселесі жоғарыда аталған және аталмаған көп кітаптарда қозғалып, баспа беттерінде жиі жариялап жүрген тақырыбымыз болғандықтан, осы тұстан қайыруды жөн көріп отырмын.

– Қауға сақал, келте балақ  жастардың мәселесін де айналып өтуге болмайтын секілді...

–Бұл да біздің біраздан бергі жырымыз. Келте балақтың жыры да келте, әңгімені содан басталық. «Әр елдің салты басқа» демекші, исламға дейінгі араб жұртында байлықтың, мақтаншылықтың белгісі ретінде шалбарының балағын жерге түсіріп, сүйретіп жүру әдеті болған. Ислам – тәкаппарлықты қолдамайтын дін. «Ислам дегеніміз – көркем мінез-құлық», «Көкірегіңізде тарыдай менмендігіңіз болса, жұмаққа кірмейсіздер» деген Мұхаммед пайғамбардың хадистері көпке белгілі. Сондықтан «Шалбар (арабша - «изар») балағының тобықтан түскені – тозақта» деген хадис те кезінде осы тәкаппарлықпен балағын жерге сүйреткендерге арнап айтылған болатын.

Ниеті мақтаншылық болмағандарға бұл ескертудің қатысы жоқтығы сол заманда-ақ айқындалған. Өйткені тағы бірде Мұхаммед пайғамбардың: «Алла Тағала тәкаппарланып киімін жерге сүйреткен кісіге қиямет күні назар салмайды (рақым етпейді)» дегенін естіген Әбу Бәкір сахаба: «Менің балағымның бір жағы қадағаламасам төмен түсіп тұрады» дейді. Сонда пайғамбар: «Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой», деп бұл тыйымның тек тәкаппарлық ниетке қатысты екенін анықтап берген болатын.

Ал дәстүрлі емес ағым өкілдері бұл мәселеде шектеушілікке салынып, өздеріне тән буквализмімен хадисті тікелей түсініп, соған сай әрекет етуді әдетке айналдырып отыр. Жоғарыда айтылғандай, бұл жерде де қауіп қысқа балақтың өзінде емес, осы тектес көптеген шектелушіліктің жинақтала келіп, бұрмаланған сенімдік көзқарастарды қалыптастыруында болып отыр.

– Сақалдыларға қайта оралсақ...

– Діни тұрғыдан алғанда сақал қоюдың Пайғамбар сүннетінен туындаған мұстахаб (ұнамды) амал екендігі, бірақ оның да өзіне тән шарттары, әдебі бар екені, Абай айтқан «өлшеуінен асырылмайтын» амалдың бірі саналатыны талай дәлелденіп, дәйектелді. Бұл мәселені түсіндіруде исламтанушы мамандарымыз аянып жатқан жоқ. Мен тек мәдени қырына тоқталайын.

Ер азаматтарымызға көбірек мәлім, қазақта мұрты жаңа тебіндеген түбіт иек бозбала сақал қоймайды. Қойса, онысы не қырма сақал, не шоқша сақал етіп сәндеуге келмейді, ел аузында кекесінмен айтылатын «теке сақалдан» арыға аспайды. Намысты ер орынсыз қылжаққа айналуды ар көріп, мұндай жарасымсыз қылықтан өзі-ақ тартынған.

Сақалды сәндеп қоюдың өзі бір өнер болғандықтан атамыз қазақ: «Сөздің көркі – мақал, жүздің көркі – сақал» дейді.  Әдетте жігіт ағасы жасқа жетіп, тоқтаса бастаған азамат қияқ мұрт, қырма сақал қояды.

«Он үште – отау иесі» болған кешегі қазақ азаматы қырыққа келгенше ата болып үлгерген. Сондықтан қамал бұзар шаққа жетіп, немере сүйіп отырған азамат шоқша сақал қойып жатса, ол да есеюдің, кемелденудің белгісі саналған. «Сақалды басыма сын болар» деп азамат ердің артық қылықтан тартына бастайтыны да осы кез.

Елуінде  – қарасақал, алпысында ақсақал атанған қазақ қариясы қауға сақал мен қаба сақалды жетпісті желкелеп, сексеннің сеңгіріне шыққанда қоя берген. Күмістей қаба сақалы кеудесін жапқан қарияның кемеңгерліктің көрінісіндей құрметтелетін, өйткені сыртқы салиқалылығына сай көкірегі де сара келетін.

Осының бәрін бір күнгідей болмай ұмытып, бүгінгі буын жасына жетпей жаңылып, бозбала басымен сақалын саумалап отырса, әрине, Елбасы айтқан дәстүрімізге жат, елдігімізге сын үрдіс екені айқын. Құндылықтардың құнсыздануы кейде осылай сырт келбеттен де көрініс береді.

Ислам дінінің аясында ұлт болып қалыптасқан қазақтың киім үлгісі мен өмір салты ғасырлар бойы шариғаттан шалыс кетіп көрген жоқ. Оның қадіріне жетіп, тәлімін танымай жатсақ, мың жылдық мұсылмандық тәжірибемізді дұрыс игере алмай отырғанымыздан деп білген жөн.   

–  Түйін сөзіңіз?

Тарихымыздың тағылымына назар салсақ бір шындыққа көзіміз жетеді: Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Ұлттың рухын жаңғыртудың сара жолы сол құндылықтарды ғұмырлы етуден басталмақ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

KazIslam.kz

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1682 рет
JoomShaper
Top