Бекарыс НҰРИМАН: Сыр елінің – жыр елі атануына Алдашбай мен Қожабай ахунның әсері бар

Сәрсенбі, 22.02.2017
Бекарыс НҰРИМАН:  Сыр елінің – жыр елі атануына Алдашбай мен Қожабай ахунның әсері бар

Ата-бабамыздың дін ұстануы қандай болды? Олар діни білімді қайдан алды? Алдашбай, Қожабай ахундар туралы не білеміз? Осы сұрақтар төңірегінде және қазақ даласындағы ескі мешіт-медреселер туралы зерттеулер жасап жүрген ЕҰУ-нің PhD докторанты, ақын Бекарыс Нұриманмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Соңғы кезде қазақ даласындағы ескі мешіт-медреселер туралы зерттеулер жасап жүрсіз? Бүгінгі әңгімеміздің басын осыдан бастасақ...

– Оныңыз рас, соңғы 6-7 жылдан бері мені қатты қызықтырған тақырыптың бірі осы. Бұл саладағы ізденісім Сыр бойындағы Алдашбай, Қожабай ахундардың мешіт-медреселерімен, өмірімен танысудан басталды. Олардың ұрпақтарымен жолығып сұхбаттасып, ескі қолжазбаларын көрдім. Одан кейін Көкше өңіріндегі Науан хазіреттің мешіт-медресесі (қазір оның орнында Көкшетеу Мемлекеттік университеті тұр) мен өзі тұрған үйін көрудің де сәті түсті. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан Науанның оқу жолындағы ізденісін ерекше бағалап, Ломоносов білім іздеу жолында Мәскеуге қалай барса, Науанды да сондай ұлы мақсат Бұхараға жетелегенін айтады. Ал Жетісудағы Мамания мектебі жайлы ізденіп жүріп, мол қазынаға кенелдім десем болады. 1912 жылдары онда кімдер оқыды? Кім, қандай пәннен дәріс берді? Қай пән қандай оқулықпен оқытылды? Бұған қатысты мәліметтер біраз жайды аңғартты. Ақындығымен аты мәшһүр Ғұмар Қараштың Алаш құрылған уақытта мүфти болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Ол туралы да құнды деректер әлі күнге сақтаулы. Маңғыстаудың қай жерінен мұнай шығатынын және қанша қоры бар екенін ең алғаш зерттеген Оразмағанбет ахунның да өмір жолы еріксіз назар аудартады. Ал, Ұлытаудағы мешіт-медреселерде болғанымда кезінде оқулық ретінде пайдаланылған ескі кітаптар тіпті таң қалдырды. Жалпы, бұл аталған ескі мешіттер мен медреселер туралы зерттеу жұмыстарым «Асыларна» телеарнасына арнайы экпедициялық бағдарлама ретінде де түсіріліп, эфирден берілді. Хабар барысында осы ескі мешіттерде имамдық еткен кісілердің бүгінгі ұрпақтары сөз сөйлеп, сол кездегі тарихтан хабары бар қариялар да білетін деректі әңгімелерімен бөліседі. Жалпы осындай тарихи мұраларымызға қатысты еңбектер мен қолжазбалардың өзін жеке зерттейтін болсақ, әр қайсысы арнайы бір-бір хабарға сұранып тұрған тақырып. Оқып, көріп, танысқан деректерге сүйене келе қазақ даласында мешіт-медреселер ХІХ ғасырдың ортасынан бастап көптеп бой көтергенін айтуға болады. Ол кез қазақ даласында қоғамдық саяси жағдайдың қатты күрделеніп, ұлт тағдыры талқыға түскен уақыт. Осы кезде бабаларымыз отаршылдықтан аман қалудың және ұлттық болмысты бұзбай сақтаудың бірден-бір жолы иман мен білім екенін жете түсінді. Сондықтан балаларын Бұхараға, Қазанға, Уфаға оқытып, мешіт-медресе жұмысын барынша жетілдірді. Мен үшін жаңалық болған, әрі таң қалалдырған жәйт, халықты мұсылманша жаппай сауаттындырудың жүйелі түрде жүргізілуі, әрі қазақ даласының әр өңіріндегі мешіт-медреселердің барлығында да білім үйретудің ортақ бір жүйесі болғаны.

– Ол қандай жүйе?

– Ол – жәдиттік білім беру жүйесі. «Жәдиттік» дегенде, кейде «қадымдық» бағытты оған қарсы қойып жатады. Бір сөзбен айтқанда, жәдит – жаңа, қадым – ескі деген мағынаны білдіреді. Жәдиттік, яғни, жаңашылдық бағыттың мақсаты; дін мен ғылымды қатар ұстану, дін деп дүниені тәрк етпеу, дүние деп діннен безбеу, мешіт-медреседе діни пәндермен қатар, арифметика, жағрапия, химия, астрономия, тіб (медицина), тарих, әдебиет секілді ғылыми пәндерді үйрету. Сонымен қатар, шәкірттерді егіншілік, ағаш, темір ұсталығы секілді өмірге қажетті кәсіптің түрлеріне баулу. Бұл бағыт тек қана қазақ жерінде ғана  емес, барша түрік халықтарында кеңінен жайылды. Жәдиттік бағыттың таралуы ХІХ ғасырда татар оқымыстылары Исмайл бек Гаспыралы мен Шахабудин Маржани есімімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, хакім Абай да, бүкіл Алаш қайраткерлері де өз заманында осы жүйенің негізінде сауат ашқанын айта кету керек. Яғни, Алаш арыстарының ұстанған жолы да, діни танымы да осы жәдиттік бағыт. Дініміздің бұл жаңашылдық бағытта кең таралуының тарихына келсек, ол сонау Әл-Фараби, Әл-Бируни, Әл-Хорезми, Ибн Сина секілді ғылымның негізін салған тұлғаларымыздан, солар өмір сүрген кезеңнен бастау алады.

– Сөз басында Сыр бойындағы Қожабай, Алдашбай сынды ахундар туралы айтып қалдыңыз. Осы кісілер туралы ойыңызды толықтыра кетсеңіз...

– Қожабай Жанназарұлы 1852 жылы Сыр бойында қазіргі Қармақшы ауданы Тұрмағамбет аулының маңында өмірге келген. Алдашбай Ерназарұлы одан мүшел жас шамасында кіші. Екеуінің әкелері Жанназар мен Ерназар бірге туған ағайын. Қожабай мен Алдашбай Бұхараға барып, он жылдан астам уақыт оқып, екеуі де «ахун» атағын алып келген. Бұл 1880-1890 жылдардың арасы. Елге келген соң ауыл халқының өзара ұйымдасуымен мешіт-медресе салынып, олар «мынау байдың баласы», «мынау кедейдің баласы» деп бөліп-жармай, тең қарап, халықты жаппай сауаттандыру жұмысын бастайды. Мешіт-медресе жұмысының бүкіл қаржысын сол өңірдің байлары өз мойындарына алған.  Кейде қазақ даласында мешіт болмаған деген пікір айтылып жатады ғой. Бұл қате пікір. Жырау Алмас Алматов ағамыз «Сыр мен Қуаңның арасында Кете мен Шөмекей руына тиесілі 40-қа жуық мешіт-медресе болған» деп еді. Бұл басқа өңірді айтпағанда, бір ғана Қызылордадағы Қармақшы ауданының маңайы. Шынында да, мен олардың көбін өз көзіммен көрдім. Әрбірі үлкен бір территорияны алып жатқан кешенді білім қалашығы деуге болады. Оның ішіне мешіт пен медресе, жатақхана, қонақ үй, асханасы бір бөлек, сонымен қатар қойма, мал қамайтын қора және т.б. ғимараттар кіреді. Көктемде жайлауға көшерде ел-жұрт алдын-ала жиналып, ақылдасып балалардың бір бөлігін қыстауға ахунның қасына қалдыратын болған. Медреседегі ұстаздар мен шәкірттердің жаз бойы жейтін астығы мен малын да байлар қамдайды. Ахундардың тек ұстаздық қана емес, сыншылық қабілетіне де еріксіз бас шайқайсыз. Жаз бойы балаларға қара танытып, сауатын ашады. Сонымен қатар, бір қора малдың күтімі, ғимараттардың құрылысы, егін егу деген секілді шаруашылық жұмыстарға да жұмсайды. Сөйтіп, балалардың білімге деген зеректігі мен шаруаға қабілетін байқайды. Сосын олар белгілі бір деңгейге жеткенде ата-аналарымен сөйлеседі. «Мына баланың талабы зор, оқыса бірдеңе шығайын деп тұр. Бағын байлама, әрі қарай тереңдетіп оқысын» дейді. Әке-шешесі келісім берсе, баланы оқыту үшін Бұхараға өзін оқытқан ұстаздарына хат жазып, жолдамамен жіберіп отырған. Солардың бірі Сырдың атақты шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Ахундар кейбір кісілерге «балаңыз қара таныды. Бес парызын орындауға жетерлік білім алып, сүрелер мен дұғаларды жаттады. Бірақ, бұл оқудан гөрі, малдың, егіннің шаруасына бейім немесе ұсталыққа ебі бар» деген секілді бағытын сілтеп отырған. Мәселен, Шораяқтың Омары алғыр, оқуға зерек болса да, оған Алдашбай ахун: «сенің оқығаныңнан ел басқарғаныңның пайдасы мол» деп болыс болуына кеңес береді. Омар болыс болып, әділдігімен де танылады. Қариялардың айтуынша, Алдашбай мен Қожабайдан бас-аяғы екі мыңдай шәкірт тәлім алыпты. Олардың көбі Сырдың ақын-жыраулары: Тұрмағамбет Ізтілеу, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Ешнияз сал және т.б. Бұлардың көбі ақындығымен танылып қоймай, елге қызмет етіп, мешіт-медреседе ұстаз болған. Олардан да мықты шәкірттер шыққан. Мысалы, сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуден кезінде Нарком басшысы болған, қазір Алматыдағы өнер академиясына аты берілген Темірбек Жүргенов, қазақтың тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараев секілді тұлғалар сауат ашып, білім алған.

– Байқап отырсам, Алдашбай мен Қожабайдан тәлім алған шәкірттердің барлығы ақын-жыраулар. Мұның бір сыры бар ма?

– Бұл өте орынды сұрақ. Бұл мені де таң қалдырды. Қармақшыдан жүз жырау шығып, «Сыр елі – жыр елі» атанып жатса, оған осы Алдашбай мен Қожабай ахун есімдерінің тікелей әсері бар. Өйткені, олар Бұхарадан «әдебиет», «тарих», «пәлсапа», «шешендік өнер» салаларына маманданып келген. Сондықтан  олардың шәкірттері шетінен ақын, тілге шешен болып шыққан.

Бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Сол кезде Бұхарада әр түрлі деңгейдегі медреселер көп болған. «Көкілташ», «Мирараб» солардың ішіндегі ең ірілері. Оған оқуға түскен жастарға әуелі діни пәндерді оқу міндеттеледі. Сонымен қатар, ғылыми пәндерден де дәріс алады. Онан кейін әр түрлі қоғамдық салаға қатысты тереңдетіп оқиды. Мысалы, Қармақшы өңірінен шыққан Ешмағамбет молда құрылыс саласын жақсы меңгеріп, Сыр мен Қуаңның арасындағы мешіт-медресенің көбісінің жобасын сызыпты. Сүйінбай деген кісі химия саласын тереңдетіп оқыпты. Кейін мектептегі химия пәнінің мұғалімдерімен айтысып отырады екен. Садық ахун тіб (медицина) саласының маманы болған. Жаппай қырғынның кезінде ол орыстың бір офицерін емдегені үшін қырғыннан аман қалған екен. Қожабай ахун әдебиет, тарих саласымен қатар, мұрабтық мамандықты (су шаруашылығы), егін салуды да меңгеріп келген. Алдашбай ахун әдебиет, тарих, заң салаларын терең меңгерген. Яғни, Бұхарадан білім алып, мешіт-медреседе ұстаздық еткен кісілер тек қана молда емес, жан-жақты білімді, елдің ең сауаттылары. Міне, бұл деректер көнекөз, құймақұлақ қарияларымыздан бізге жетіп отыр.

Ертеде Шөмекей Сарықасқа руынан шыққан Келман бидің Қожабайдан кеусен сұрап, яғни астық алғаны туралы әңгіме ел ауызында әлі күнге аңыз боп айтылып жүр. Бүгінде бізде суландыру, егін егу, астық сақтау әрқайсысы жеке-жеке мамандық ретінде оқытылады. Ал осы бірнеше кәсіптің сырын бір бойына жиған Қожабай елге имандылықты насихаттап, сауат ашумен қатар, халықты отырықшылыққа бейімдеп, арық қазып, суландыруды, егін егуді, ұра қазып, астық сақтауды үйреткен. Қожабайдан төрт бала, Алдашбайдан алты бала тараған. Бәрі де Бұхарадан білім алып келіп, кейін елдің сауат ашуына үлес қосқан. Ең өкініштісі, олардың көбісі кеңестің қырғынына ұшырап, жазықсыз атылған. Аман қалғаны бас сауғалап, Бұхара асқан. Кейін елге оралғандарының бүгінде ұрпақтары бар.

– Бұл тақырыпты зерттеуіңізге не түрткі болды?

– Біраз жылдардан бері дін тақырыбы қазақ қоғамында өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Бізге шариғаттың шартын әркім өзінше әртүрлі түсіндіріп, дінді қалай ұстануымыз керектігін үйреткісі келетіндер бар. Біз үшін маңызды бір нәрсе, ата бабамыздың дінді қалай ұстанғандығы. Біздің қоғамда бұл сұраққа жауап іздеушілер аз емес. Алысқа бармай-ақ, Абай мен Шәкәрімнің және Сыр бойындағы шайырлардың шығармаларындағы діни мәселелердің астарына үңілсек, дәстүрлі жолымызды тануға соның өзі жеткілікті. Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінде, Шәкәрімнің «Мұсылманшылық шарты» мен «Үш анық» еңбегінде және басқа да өлеңдерінде шариғатты жан-жақты талдайды. Ол таңды таңға ұрып айтуға болатын бөлек әңгіме. Ал, өзімнің туған жерім Сыр бойындағы шайырларды оқығанымда тіпті көзім ашыла түсті. Ең қызығы, бұл шайырлардың ар жағында қаптаған молдалар мен ахундар тұр екен. Біз оларды зерттемей, халыққа танытпай ата-бабамыздың діни танымын, жолын ұстана алмайтынымызды түсіндім. Содан бастап Сыр бойындағы ахундарды зерттеуге бел байладым. Ең алғаш Сырдың атақты шайыры Тұрмағамбет Ізтілеу атамыздың ұстаздары Қожабай мен Алдашбай ахундардың есімімен таныстым. Бүгінде Тұрмағамбет ақынның атындағы ауылда «Алдашбай ахун» мешітінің имамы, ахунның немересі Мінуар атамен кездесіп, көп жайға қанық болдым. Ахундардың ескі мешіт-медреселерінің орнын көріп, олардан қалған мұралармен танысу менің діни танымымды кеңейтті. Ахунның көзін көрген, тәлімін алған немересі Нағыметулла атаның әңгімесін тыңдасаңыз, көңіліңізді толқытпай қоймайды.  Ол кісінің және сол өңірдегі көненің көзін көрген  басқа да ақсақалдардың сөзін таспаға жазып алғанмын. Бұл бағыттағы ізденісім бұнымен тоқтап қалмайды. Жинақтаған мәліметтерді көпшілікке жариялайтын уақыт та алыс емес, Алла қаласа.

– Қазір діни білімді әркім әр түрлі алады. Көбі «ақиқатты ғаламтордан табамыз» деп адасып жатқаны жасырын емес. Ал сіз дінге деген алғашқы бетбұрысты қашан, қайдан бастадыңыз?

– Мұсылманшылық жайлы әңгіме бізге бала кезімізден құлаққа сіңді. Әжем тоқсанға келіп қайтты. Бес уақыт намазын қаза қылған жан емес. Кей күндері түн ортасында да тұрып, дәрет алып, намаз оқитын. Бір күні түнде дәрет алам деп жүріп, табалдырықтан сүрініп қалып, қолын қатты жарақаттап алғаны есімде. Әкем онысына ренжіп «түнде оқып қайтесің, қартайдың, көзің көрмейді, далада өліп қалсаң қайтеміз» дегенде, «тәйт, олай деме» дегені бар. Әпкем, інілерім, бәріміз бала кезімізде әжеміздің намаз оқыған сәтін күтетінбіз, сәждеге жығылғанда арқасына мініп аламыз. Тұрар сәтінде түсе сала қашып кетеміз. Бұл балалығымыз еске түссе, осы күнде ұяламыз. Ұйықтар алдында дұға қылуды, Құран оқуды әжемнен көріп өстік. Сосын біздің үйдің ас бөлмесінде қабырғада домалақ айна тұратын. Анам соның жанына ақ параққа сүрелерді кирил әрпімен жазып, іліп қоятын. Күнделікті айнаның қасына келіп сүртінсек те, тарансақ та немесе сабаққа кетерде жағамызды дұрыстасақ та парақтағы жазуды бір оқып шығамыз. Құран аяттарын осылай жаттадық. Сонымен қатар, маған бала кезімде мұсылманшылық туралы көп әңгіме, хикая, жыр-дастан айтқан Өтепберген деген атам болатын. Ол кісі оқиғаларды майын тамыза суреттейтін. Осы күні ойланып қарасам, сол кезде атамның айтқанының бәрі пайғамбарлар қиссасы екен ғой.

– Әр сөзіңізден ғылымға деген махаббат пен ізденіске деген құлшынысыңыз сезіліп тұр. Қазір немен айналысып жүрсіз, болашаққа қандай жоспармен қарап отырсыз?

– Алдағы уақытта қазақ даласындағы ағартушылық жұмыстары туралы да жазғым келеді. Бұған дейін жинаған материалдарым аз емес. Алайда, оны жүйелеп, әлі де зерттей түсу алдағы күннің еншісінде. Дәл қазір Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті бағыты бойынша докторантурада оқып жүрмін. Докторлық зерттеу тақырыбым орта ғасырдағы ескі түрік әдебиетіне қатысты. Бүгінгі күні  Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегін түпнұсақадан оқып жатырмын. Бұл туралы да айтатын, жазатын нәрсе көп.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕКҰЛЫ

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 2615 рет
JoomShaper
Top