Имамға не үшін ұю керек?

Бейсенбі, 16.11.2017
Имамға не үшін ұю керек?

Бірде Әбу Ханифаға бір топ адам келіп, «намазда сүрелерді тек имамның оқығаны жеткілікті» деген пәтуаға келіспейтіндіктерін білдіреді. Бірақ біреуі неге ондай пәтуа бергенінің себебін сұраса, енді бірі имамды айыптап мәжілісті азан-қазан қылады. Шулаған көпшілікке имам байсалды үнмен:

– Мен қайсыңның сөзіне жауап беріп, қайсыңмен сөйлесемін?! Араларыңнан біреуің шығып маған бәрін түсіндіріп айтсын, – дейді. Жұрт тынышталып, араларынан бір уәкіл сайлайды. Имам көпшілікке дауыстап:

– Мен мына кісіні тыңдасам, сендермен сөйлескен боламын ба? Бұған ешкім қарсы емес пе? – дейді. Жұрт бірауыздан:

–  Иә, біздің атымыздан сол сөйлейді, – дейді. Сонда имам:

–  Көрдіңдер ғой, сендердің араларыңнан бір адам өкіл болып менімен сөйлескелі тұр. Біз де намазда дәл осылай жамағаттың атынан имамды өкіл етеміз. Имамның оқығаны бәріміздің оқығанымыздай болады, – деп дәлелінің қаншалықты қисынды екенін көрсетеді.

Қ.Сабыржанұлы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 696 рет
JoomShaper
Top