Кемшілікті жасырушы кім?

Бейсенбі, 12.04.2018
Кемшілікті жасырушы кім?

Бірде елді қуаңшылық жайлап Мұса пайғамбар (а.с.) қауымын ертіп, тасаттыққа шығады. Дұға жасап, Алладан жаңбыр тілейді. Бірақ дұға қабыл болмай, жаңбыр жауа қоймайды.

Мұса пайғамбар (а.с.) қолын жайып: «Я, Алла Тағалам! Сен менен тіле, сонда жаңбыр жаудырам, қуаңшылықтан құтқарам деп едің. Бірақ қанша дұға жасасам да, дұғамды қабыл қылмауыңның сыры неде?» деп сұрайды. Сонда Алла Тағала: «Дұғаңның қабыл болмауы, араларыңда жасаған күнәсына тәубе етпеген біреу бар, сол тәубаға келмейінше дұғаң қабыл болмайды» деп жауап қатады.

Сонда Мұса пайғамбар: «Онда ол адамның кім екенін білдіре гөр» дегенде, Алла Тағала: «Менің бір есімім – Саттар, яғни пенделерімнің күнәларын жасырып тұрамын. Ешбір құлымның күнәсін әшкерелегенді қаламаймын. Сендер бірің қалмай тегіс тәубаға келіңдер, сонда араларыңдағы әлгі кісі де тәубе етеді» деген екен.

Құдайберді БАҒАШАР

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 419 рет
JoomShaper
Top