Жерде отырған патша

Сенбі, 13.05.2017
Жерде отырған патша

Бір күні Хабашстан елінің патшасы Нажаши сарайға кіріп, таққа отырмай, жерге отырады. Оның басында жарқыраған үлкен алтын тәжі бар еді. Патшының тақта емес, қара жерде отырғанын көрген уәзірлер:

– Уа, хан ием! Жерде отырғаныңыз қалай? Таққа шығыңыз, – деп шулап кетеді. Сонда патша: – Расында, мен Исаға түсірген Тәңірдің кітабында: «Егер Мен, пендеме нығмет берсем, Маған кішіпейілдік қылсын», – деген сөзін оқыдым. Мен түнде ұлды болдым. Сондықтан, Құдайға кішіпейілдік қылып отырмын, – деп жауап берген екен.   Түсініктеме: Нажаши – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде өмір сүрген, Хабашстан елінің христиан патшасы. Бұл кісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын естіген, бірақ, онымен жүзбе-жүз жолықпаған. Ол Ислам дінін құрметтеген. Исламның алғашқы дәуірінде мүшриктердің қатты қысымынан қиындық көрген мұсылмандардың бір тобы пайғамбардың (с.ғ.с.) кеңесімен Нажаши патшаның алдына саяси баспана сұрап келеді. Нажаши патша: «Сендердің діндерің біздің христиан дінін құрметтейді екен. Біздің де дініміз көктен түскен», – деп оларға қол ұшын береді. Сөйтіп, оларды арттарынан қуып келген қуғыншылардың жазасынан аман алып қалған.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

 

 

Оқылды 978 рет
JoomShaper
Top