Күйеуіңіздің жүрегін жаулағыңыз келсе...

Сенбі, 06.05.2017
Күйеуіңіздің жүрегін жаулағыңыз келсе...

 Бір әйел қайтсем күйеуіме өзімді жақсы көргіземін, қайтсем күйеуім үшін әлемдегі ең жақын әйел мен болам деген пікірге душар болыпты. Сөйтіп өзінің шамасын келмесін біліп, сұрастыра-сұрастыра қаласындағы бір ғалымға келіп жүгініпті.

Әлгі ғалымды сиқыршы деп ойласа керек, келген бойда күйеуімді бүкіл әйелдерден мені артық жақсы көретіндей етіп беріңіз деп өтініпті. Жарайды, - дейді ғалым, — бірақ сенің сұрап тұрғаның оңай біте қоятын шаруа емес. Мен қойған шарттарға шыдай алмайсың-ау». – Жоқ, айтқаныңыздың бәрін жасаймын дейді әйел.

— Онда айтқаның орындалсын десең, маған арыстанның жон арқасынан бірнеше тал қылын өз қолыңмен жұлып әкелесің, дейді.

— Арыстан дейсіз бе, деп таң қалады әйел.

— Иә, арыстан,

— Бұдан жеңілдеу шартыңыз жоқ па еді?

— Жоқ, онсыз мәселе шешілмейді.

Енді не істейді? Әйел әрі ойлап, бері ойлап, қалайда бұл істі бітіру керектігіне белін бекем буады. Сөйтіп арыстанның мінезін зерттейтін мамандарға барып: «Арыстанның қасына қайтсем, жақындай алам, соны маған үйретіңіздер» дейді. Мамандардың бірі тұрып: «Арыстанның жыртқыштығы көбінесе аш кезде қозады. Ал тоятын болса, оның қаупі азаяды» деп кеңес береді. Осылайша, қаласындағы циркке барып арыстанға ет лақтыра бастайды. Күн сайын бірнеше сағат бойы осы іспен шұғылданады. Бірте-бірте етті жақынырақ жерден бере бастайды. Осылайша бірнеше ай дегенде арыстанның бойы бұл әйелге үйрене бастайды. Ақыр соңында арқасын сипатып, жонынан бірнеше қылын алуға да мүмкіндік табады.

Мақсатына жеткендей болып, оны ала салып, әлгі ғалымға жөнеледі. Жүрегі толған қуаныш. Сонша еңбектеніп жүріп көздеген мақсатына жеткеніне мәз. Бар ойы, енді менің өмірім түбегейлі өзгереді. Күйеуім мені мәңгілікке жақсы көретін болды деген ой кеудесін кернейді. Өлдім-талдым дегенде тапқанын ғалымның қолына тигізеді. Сонда ғалым: «Бұған қалай қол жеткіздің. Бұл оңай емес қой» деп таң қалғансиды. Әйел ынта-шынтасымен бірнеше ай бойы басынан кешкендерін, арыстанның жүрегіне қалай жол тапқанын әңгімелеп береді. Ол үшін қандай ықылас, қандай сабыр керек болғанын жеткізеді. Сонда ғалым тұрып: «Әй, Құдайдың құлы! Сенің күйеуің осы арыстаннан да жыртқыш, әрі қанішер ме еді?» деп сұрайды. Жоқ, әрине, — дейді. «Ендеше, арыстанға жұмсаған ақылыңды, сабырыңды, ықыласыңды күйеуіңе көрсет те, жүрегіне жол тап! Сөйт те, оны иеленіп ал. Мұндай жан кешті қызметің үшін сені күйеуің әлбетте басқа әйелдерден артығырақ сүйетін болады» дейді.

Асылбек Әуезханұлы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1711 рет
JoomShaper
Top