Атақты сопы Баязид Бистами бір күні жындыхананың жанынан өтіп бара жатады. Жындыхана қызметкерлерінің құрал-сайманмен бір нәрсені тоқпақтап жатқанын байқап: «Не істеп жатырсыңдар?», деп сұрайды. Қызметкерлер: «Бұл жер жындыхана. Біз жындыларға дәрі-дәрмек жасап жатырмыз», деп жауап береді.
Баязид Бистами: «Менің дертіме де дәрі-дәрмек жасап бересіздер ме?» деп өтініш жасайды. Қызметкерлер: «Қандай сырқатпен ауырдыңыз?» деп сұрайды. Баязид Бистами: «Менің жанымды жегідей жеген індет – біліп-білмей жасаған сансыз күнәларым. Осы күнәларымнан қалай арылсам болады?», дейді. Қызметкерлер: «Біз мұндай дертке шалдыққандарды емдей алмаймыз», деп жауап қатады.
Осы кезде шеткерек жерде тұрған бір есалаң жынды Баязид Бистамиге: «Мен сенің дертіңді емдей аламын», – дейді. Баязид Бистами: «Мен қалай күнәларымнан арылсам болады? Қәне айта қойшы», – дейді қуанған кейіппен.
Әлгі есалаң: «Әуелі, тәубаның тамыры мен истиғфар (кешірім сұрау) жапырақтарын бір-бірімен мидай етіп араластыр. Содан кейін оны жүрек төсіне қойып таухид тоқпағымен езгілеп, ынсап елегінен өткіз. Одан соң, көзіңнің жасымен илеп, махаббаттың алаулаған отына жақсылап пісір. Дайын болған осы дәрі-дәрмекті таң ертең және кешқұрым асап-асап жесең, бойыңдағы күнәларың төгіліп, дертіңнен құлан-таза айығып кетесің», – дейді.
Жындыны ұйып тыңдаған Баязид Бистами: «Әй дүние-ай, бұл не деген түсінбестік. Осындай жанды да бұл жерге жынды деп әкеліпті ғой», деп қатты күйініш білдіреді.
Мұхан Исахан