Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I Съезінің ашылуында сөйлеген сөзі

Сенбі, 17.08.2013

23-25 қыркүйек 2003 Ж.

Құрметті съезге келген қонақтар мен қатысушылар!

Әлемнің жетекші діндерінің өкілдерін байырғы қазақ жерінде қарсы алу мен үшін үлкен қуаныш және айтарлықтай құрмет. 

Сіздердің шақыруды құп алып, осы форумға келіп қатысуға біздің шақыруымызға үн қосқандарыңыз үшін өзімнің және көпұлтты халқымыздың атынан үлкен алғыс айтамын. 

Съездің Еуразияның нақ ортасында өтіп жатқандығы да қуанышты. 

Көптеген ғасырлар бойы Ұлы Дала төсі көптеген халықтардың бейбіт мекені болды. Олар әртүрлі – тәңіршілдік, зороастризм, буддизм, христиандық, иудаизм, ислам және басқа да діндерді ұстанды. 

Бағзы заманнан күні бүгінге дейін біздің жеріміз сауда мен мәдени айырбастар арқылы Азия мен Еуропа арасын өзіндік бір байланыстырушы буын қызметін атқарып келеді. Ол бүгін де көптеген халықтар мен діндердің өкілдері үшін ортақ үй болып отыр. 

Біз әлеуметтік-гуманитарлық бірегей феномен туралы мақтанышпен айта аламыз. Ол біздің Конституциямыздың бастауында өз көрінісін тапқан. Ата Заңымыз: «Біз - Қазақстан халқы...» деген сөздермен басталады. 

Мынандай бір тамаша фактіні айтқанды жөн санаймын. Еліміздің оңтүстігінде Қойлық деген он үшінші ғасыр қаласының орны бар. Осы ежелгі қоныста будда пагодасы, мешіт пен христиандар шіркеуі көрші орналасқан.

Ал бүгінде біздің барлық басқа да қалаларымыздағыдай, Қазақстанның жаңа астанасында Сіздер мешітке, проваславия храмына, католиктер костеліне, синагогаға, дұға оқитын үйге еркін кіре аласыздар. Уақытты байланыстырушы алтын арқау дегеніміз міне осы. 

Аталған съезге дайындық барысында мен Астанада Ұлттар сарайын салу туралы ойға келдім. Онда мешіт, шіркеу, синагога, будда храмы болады. Осында Қазақстан Халықтарының ассамблеясы мен барлық ұлттық-мәдени орталықтар орналасады.

Сөз реті келгенде айта кетейін, Қазақстан Халқының ассамблеясы біз үшін мемлекеттік-ұлттық саясатты тиімді жүргізуге көмектесетін азаматтық қоғамның бірегей институты болып отыр. Оның қызметін Қазақстан жұртшылығы мойындады және көптеген елдерден, БҰҰ мен ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардан жоғары баға алды. 

Ұлттар сарайы ансамблі біздің еліміздің халықтары бірлігінің өзіндік бір рәмізі болады. Бізде 120-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етеді. Бізде 40-тан астам конфессиялардың жұмыс істеуіне ешқандай кедергі болып отырған жоқ. 

Біздің сөзсіз ұлттық байлығымыз да, тұрақты даму мен болашаққа деген үмітіміз де міне осында. 

Біз сақтап және нығайтып отырған ұлысаралық және конфессияаралық келісім түбегейлі және кең ауқымда қайта құруларды қарқынды жүргізуге мүмкіндік берген іргетас болғандығына сенімдімін. Ол саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы табыстарды қамтамасыз етті. Ал мұны бүгінде қалың жұртшылық мойындаған. 

Діни төзімділік, келісім мен ынтымақтастық принциптерін біз өзіміздің сыртқы саяси қызметімізде де ұстанамыз. 

Олар көпсалалық, ықпалдастық, ғалами және аймақтық қауіпсіздік жолындағы ынтымаққа, әділеттілік пен прогреске негізделген. 

Қазақстан өзінің қуаты жөнінен әлемде төртінші орын алатын ядролық қару-жарақтарынан өз еркімен бас тартқан және әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигонын жапқан мемлекеттердің ең алғашқысы. Бұл біздің ғалами қауіпсіздікке қосқан лайықты үлесіміз және ол басқа халықтар мен мемлекеттердің танылымына ие болды. 

Біздің еліміз Азиядағы қауіпсіздік пен сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға бастамашы болды. Ал ол өткен жылы Алматыда аймақ мемлекеттері басшылары форумында ұйымдық тұрғыдан ресімделді.

Үстіміздегі жылғы ақпан айында біз Бейбітшілік пен келісім конференциясын өткіздік. Оған көптеген көрнекті діни қайраткерлер, әртүрлі конфессияның өкілдері қатысты. «Бейбітшілік пен келісімге қарай» декларациясы қабылданды, Бейбітшілік пен тұрақтылық форумы құрылды. 

Қазақстандағы діни конфессиялардың әрбір басшысы өздері басқарып отырған қауымның қайта түлеуі мен рухани өрлеу фактісін қуаттай алады. 

Міне бұл біздің мемлекетіміздің қоғамдағы бейбітшілікті, келісімді және тұрақтылықты сақтауға ұмтылысының нәтижесі болып табылады. Ал мұны біз өзіміздің ең басты жетістіктеріміздің бірі деп санаймыз.

Біз алдағы уақытта да қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі негізін нығайта отырып, қажымай-талмай еңбек ететін боламыз.

Осы айтылғандармен қатар, біз бір мемлекет ауқымында бұл бағыттағы күш-жігердің қаншалықты үлкен болғандығына қарамастан, оған сыртқы факторлар жәрдемдеспесе тиісті нәтиже шықпайтындығын көріп отырмыз және анық сезінеміз. Бұл ғаламшардағы кез келген мемлекет үшін шындық.

Халықтардың, діндердің, мемлекеттердің және үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі уақытта айрықша өзек жарды маңызға ие болуда. 

Ол таза теориялық көзқарастан маңызды практикалық міндеттердің қатарына қосылды. 

Сондықтан да көптеген саяси және діни қайраткерлердің күш-жігерлерімен бағзы заманнан бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан діндер, мәдениеттер, өркениеттер арасындағы диалогты жалғастыру аса маңызды оқиға болып табылады. 

Бізге оқиғалар мен құбылыстардың әлемдік өлшемдегі ғана емес, аймақтық және мемлекет ішіндегі терең сыни талдамасы керек.

Бұл талдама сөзсіз «күрішті күрмектен тазартуға», адамзат қауымдастығын келешекте әрқилы саяси, экономикалық, діни және әскери экстремизммен оқшаулауға көмектеседі.

Бұл талдаманың бүгінде әлемде кең тарап отырған «қарапайым шешімдерге», антиізгілікті ойларға қарсы дауа болатындығына күмәнім жоқ. 

Осымен байланысты мен, мәртебелі форуммен замамынымыздың кейбір келелі мәселелеріне қатысты өз ойымды бөліскім келеді.

Біріншіден, соңғы жылдары орын алып отырған «өркениеттер қақтығысы» және «діндер дағдарысы» тақырыптарына қатысты ой-пікірлер негізсіз деп санаймын. 

Керісінше, әлемде орын алып отырған күрделі өзгерістердің, дүниежүзіндегі миллиардтаған адамдардың технологиялық жаңалықтарға бейімделудегі қиындықтардың, ғалами рыноктың қатаң талаптарының тұсында адамзат шындықты діннен іздей бастады. 

Еуразияның орталық бөлігінің ерекшелігі сол, бұл жерде дін - көптеген халықтардың ұлттық шоғырлану факторына айналды. 

Сондай-ақ осынау ұлан-ғайыр кеңістікте ондаған жылдар бойына ар-ождан бостандығы мен адамдардың діни парыздарын орындау жолындағы дәстүрлері жасанды жолмен үзілгенін еш ұмытуға болмайды. Біздер діндер туралы жаңа заң қабылдағаннан кейін ғана, дін қайта түлеп, барлық діни қауымдарға келушілердің саны күрт артты. Және де бұл қуанарлық жайт, себебі, дін – ғаламиландыру дәуірі орнағанға дейін де ізгілік пен мәдени диалог идеясын сақтап қалған жалғыз ғалами құбылыс. 

Рухани әмбебаптықпен қоса, дін, сонымен бірге, халықаралық ынтымақтастықтың жұмыс істейтін институты болып табылады. Ал, бұл - жер-жердегі және аймақтық қақтығыстар саны артып, олардың біразы этнодіндік мазмұнға ие болып отырған қазіргі кезеңде ерекше маңызға ие. 

Саяси үйлестіру әдістері іске аспай отырғанда, Құдай сөзі бітімгершілік пен үміттің жалғыз ғана құралы болып қалады. Адамгершіліктің аса жоғарғы үлгілеріне негізделген діни дәстүрлердің ролін біздің қазіргі астан-кестең әлемімізде қайта бағалау мүмкін емес. 

Өкінішке орай, біз қазір діннің адамдарды саяси әрекетке жұмылдыру мүмкіндігінің игі мақсатқа жұмсалмай отырғанының куәсіміз.

«Қасиеттілік» санатының өзіндік мазмұны бұзылуда. Оның мазмұнын дұрыс түсіндірмеудің салдары - адами заңдарды жеккөрушілікке, моральмен, адамгершілікпен, ізгілікпен, кез-келген діннің негізгі қағидаларына сай келмейтін іс-әрекеттерге жетелейді. 

Мен, мәдени-өркениетті және діни көптүрлілікке идеологиялық, саяси мән беруге жол бермеу керек деп мәлімдейтін уақыт келді, деп санаймын. 

Біз, бүгінде доктрина мен жалған діни қағидалар ретінде түсіндіріліп отырған зорлық пен зомдылық актілерінің ақиқат мәнін танып, әшкерелеуді үйренуіміз керек. 

Екіншіден, қазір «өркениеттердің қақтығысы» туралы емес, «өркениеттердің тоғысуы» туралы айтқан жөн. Ешқандай «заман ақыр» жоқ, себебі адамзат қазіргі кезеңде және болашақта да, әлемдік қауымдастық өзіндік тіршіліктің жалғыз құралы ретінде қабылдай алатын мәдени-діни құрылғының әмбебап өркениетті үлгісіне ие болып отырған жоқ. 

Менің ойымша, бұлардың бәрі - «түс көруден» туындыған аңыздар мен жалған мақсаттар. Және мұны әрбір саналы саясаткер, әрбір мемлекеттік және діни қайраткер түсінуі керек.

Менің пікірімше, кез-келген моножүйе жалпы адамзаттың ғана емес, тіптен оның бір ғана бөлшегінің тұрақтылығын, тепе-теңдігін және дамуын қамтамасыз ете алмайды. Онда әрқашан қақтығыс пен жарылыс қаупі болмай қоймайды. Көптүрліліктің, көпұлттылықтың және көпконфессиялықтың бірлігі ғана - жалғыз ақиқат. 

Өзіндік терең және мазмұнды мәнге ие, өз белгісі мен ділі бар басқа да өркениеттердің, мәдениеттердің, діндердің бар екендігін мойындау және олармен санасу керек. Және мұны ешқандай күш қолдану әдістерімен бұзу мүмкін емес. 

Қазіргі кезде әлемде өркениеттер қақтығысы емес, мәдени-діни жүйелердің жаңа өмірге, жаңа технологияларға, жаңа қоғамдық қатынастарға бейімделуі жүріп жатыр. 

Ғаламиландыру мен заманауи технологиялардың, қоғамдық-саяи құрылғылардың уақыт жаңалықтарына үнқатып отырғанын біздің барлығымыз түсінеміз. 

Бірақ, олардың барлығы тек игілік қана әкелмейді, олардың теріс құбылыстары да бар. Ал қоғам өз кезегінде бұл кемшіліктерді түбірімен жоймағанымен, барынша азайта алады. 

Материалдық игілікпен мүлдем байланысты емес, адам үшін басым және негізгі болып қала беретін дау тудырмас құндылықтар бар. 

Олардың бастысы – руханиат, имандылық. Олардың негізгі көзі әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және діни дәстүрлерін, өзіндік тарихи әрі мәдени тәжірибесін сақтаушы дін болып табылады. 

Ақырында, үшіншіден, ХХІ ғасырдың жаһанданған, қауіп-қатерлерге толы әлемінде мемлекетте, дінде, азаматтық қоғамда, меніңше, ізгі еріктің ерекше әрі біртұтас стратегиясы мен іске асырылу әдісі бар болып отыр. 

Ол - бейбітшілікті сақтау, келісім, өзара түсіністік, елдер, халықтар мен конфессиялар арасындағы ынтымақтастыққа жетуге бағытталған үндеу мен әрекет болып табылады. 

Тек сабыр мен серіктестік арқылы біз лаңкестік, жаппай қырып-жою және кез-келген өзге қарудың таралуы, есірткі саудасы мен оның салдарлары, экологиялық апаттар, заманымыздың өте ауыр физикалық және әлеуметтік аурулары секілді бүкіләлемдік зұлымдық көріністерімен күресте жеңіске жете алмақпыз.

Бұл сондай-ақ қоғамның аса таршылық көріп отырған жіктеріне қатысты мейірім мен қайырымдылық. 

Алда тұрған кезеңде аталған мәселелер, менің ойымша, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың, барлық бүкіләлемдік қоғамдық мекемелердің қызметінде айтарлықтай орын алуы тиіс. 

Және, әрине, осы салада бүкіләлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндер өздерінің салмақты рөлін атқаруға міндетті.

Қазақстан жеріндегі кездесу конфессияаралық диалог мәдениетінің қалыптасуына өзінің қарапайым үлесін қоса алар еді.

Біздің пікірімізше, әңгіме кеңесу кездесулері жүйесін құру, мұндай диалогтың анықталған рәсімдері мен нормаларын қалыптастыру жөнінде болғаны жөн. 

Сонымен қатар, мен, сіздер менің бұл пікіріме қосыларсыздар деп сенемін, өзімізге түпкі мақсат қоймауға тиіспіз және оны қоюдың да қажеті жоқ. Біртұтас діни кеңістік жасау мүмкін емес, өмір сүріп отырған айырмашылықтарды түбіне дейін жоқ ету де мүмкін емес, оның үстіне олар кейде ұлы діндердің негіздерін құрайды. 

Алайда, тұрақты диалогтың құндылығы, оның қазіргі айырмашылықтарына қарамастан, бір «алтын орта» іздеудің мағынасы мен процесін сақтайтындығында. Бастысы – диалог бейбітшілік пен келісім аймағын, үйлесім мен айқындық уақытын жасайды. Мұнан мен діни диалогтың күмән келтірмейтін құндылығын көремін. 

Осымен байланысты мен барлық діндер мен конфессиялар өкілдеріне Діндер форумын тұрақты негізде өткізу жөнінде ұсыныс білдіремін.

Мұндай мекемені құру дінаралық диалогтың негіздерін нығайтып, діни қайраткерлер мен діндарлардың арасындағы жасампаз қарым-қатынастарға жүйелілік бермекші. 

Келешекте бұл мақсаты әлемдегі дінаралық ширығуды бәсеңдету, руханиятты, бейбітшілік сүйгіштікті және төзімділікті насихаттау болатын халықаралық ұйымның іргетасы бола алады.

Біз сондай-ақ Діни төзімдік хартиясын талдап жасауда алғашқы қадам жасай аламыз. Бүгінде діндердің бейбіт қатар өмір сүру тұғырларын уағыздап қана қоймай, сонымен қатар олардың арасындағы жасампаз диалогтың тиімділігін дәлелдейтін құжат өте қажет. 

Біз Діндердің біртұтас мәдени орталығын құру туралы да ойлануымыз абзал. Аталған идея баяғыдан бері өмірде бар және бүгінде оны нақты іске асырудың уақыты келіп жетті. 

Егер діни қайраткерлер бізге осыны сеніп табыстаса, онда біз сіздердің қолдауларыңыз және сіздердің қатысуларыңыз арқылы бұл маңызды да кезек күттірмес мәселелерді шешуге кірісуге даярмыз. 

 

Құрметті съезге қатысушылар мен қонақтар!

Сіздерге сьезге қатысқандықтарыңыз және қазіргі әлем мәселелеріне терең ықлас танытқандықтарыңыз үшін тағы да үлкен алғыс айтамын.

Мен бүгінгі рухани тәлімгерлердің жоғары мұраты өз сенімдерін адамдарға таза, әсірелік қосылмаған, түсініспестігі жоқ, жауластық пен ашу-ызадан ада күйінде жеткізу деп білемін. 

Мен сіздердің барлықтарыңыздың нағыз сенімнің, ақиқаттың, ізгілік пен мейірімділіктің сәулесін бойларыңызға ұялатқандықтарыңызды білемін. Сіздердің ұлан-ғайыр әрі әрқашан лайықты бағалана бермейтін еңбектеріңіз үшін барлықтарыңызға көп-көп рахмет. 

Сіздерге ізгілік пен бақыт тілеймін! 

Ықыластарыңызға рахмет.

 

 

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1681 рет
JoomShaper
Top