Жаңалықтар

Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шарифтың «Таблиғи жамағат – елге жат ағым» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзі

Құрметті конференцияға қатысушылар

мен шақырылған қонақтар!

Бүгінгі іс-шарамыз қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың қатарынан орын алатын еліміздегі дәстүрлі емес исламдық ағымдар мен қозғалыстардың бірі «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметіне арналып отыр.

«Таблиғи жамағат» ұйымы 1927 жылы Дели маңындағы Меуат елді-мекенінде деобандилік бағыттағы дін қайраткері Мұхаммед Ильяс Қандахлауи тарапынан құрылған ислам дінін тарататын қозғалыс ретінде белгілі.

Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бастап «Таблиғи жамағат» миссионерлерінің қарапайым пакистандық үлгідегі киіммен ислам қағидаларына бойұсынуға шақырып, ел аралап жүрулеріне бойымыз да үйреніп қалғандай. Алайда сол қарапайымдылықтың артында не жатыр және бұл қозғалыстың шынайы мүдделерін білу – үлкен мәселе.

Таблиғшылар Орталық Азия елдерінің барлығында белсенді қызмет атқарып келді. Алайда Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстан елдерінде және Ресей Федерациясында олардың қызметіне тыйым салынғанына біршама уақыт болды.

Прокуратура органдарының ұсынуымен 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне де тыйым салынды.

Аталмыш сот шешімі Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерге толық сәйкес келеді. Мемлекет Басшысы өз Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», — дей отырып, дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігіне баса мән берген болатын.

ҚР Дін істері агенттігі де сот тарапынан қабылданған шешімге толық қолдау білдіреді.

«Таблиғи жамағат» деструктивті діни ұйымдардың қатарына жатады. Теологиялық жағынан аталған діни ұйым исламның сунниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше оның идеологиясы исламның бірқатар қағидаларына қайшы және радикалдық тұрғыдан уахабизмге жақын. Яғни, бұл қозғалыстың идеясы да балама ойлар мен пікірлерді жоққа шығарады. Шындығында, исламның ханафи бағытына мұндай біржақтылық тән емес еді.

Ислам дінін зиянды әсерлерден тазалауды алға тарта отырып, бұл қозғалыс өзге діндердің ғана емес, исламның басқа тармақтарының өмір сүруіне қарсы болу арқылы, дінішілік әрі дінаралық қақтығыстардың туындауына себепкер болмақ.

«Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойұсынуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді.

Дегенмен, таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы – зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады.

Осы ретте айтар болсақ, соңғы 20-30 жыл ішінде таблиғшылардың өзге дін өкілдерін қабылдамауға бейімділігі заманауи әлемдегі діни радикализмнің, экстремизм мен терроризмнің қозғаушы күшіне айналып отыр.

Негізінен «Таблиғи жамағат» ұйымының ерушілері саналы-санасыз түрде террористер ұстанатын жихадшылық идеологиядан аса ерекшеленбейтін исламдық сенімді ұстанады. Дінге бет бұрып жүрген жас мұсылмандардың басым көпшілігінің діни санасының радикалдануының алғашқы қадамы «Таблиғи жамағат» қатарына қосылудан басталады. Француздық басылымдардың бағалауынша, исламдық экстремисттердің 80 пайызы осы ұйым қатарынан шыққан.

«Таблиғи жамағат» ұйымы оқшауланған қозғалыс болып табылады. Оның негізгі орталықтары Үндістанда, Пәкістан мен Бангладеште орналасқан болса, ұйымның бағдарламалары мен нұсқаулары қозғалыс басшыларының шағын тобына ғана белгілі. Мұндай тәсіл ислам қағидаларына қайшы, өйткені дәстүрлі ислам оқшаулану мен соқыр бойұсынушылықты құп көрмейді.

Біздің Агенттікте қызмет ететін дінтанушылар таблиғшылардың негізгі кітабы болып табылатын «Фазаил амали» кітабына талдау жұмыстарын жүргізіп, қозғалыстың идеялық негіздері өз мүшелерінің ерік-жігерлерін басып тастауға әрі олардың кәсіби және интеллектуалдық іс-әрекеттерін шектеуге бағытталғанын анықтады.

Бұл кітаптың мазмұнында «адамды Алламен байланыстыра алатын» діндар шейхты табу әрі «оған қызмет етіп, өз еркің мен қалауларыңды жоқ етіп оның айтқанымен жүру керектігі және оның әмірлерін бұлжытпай орындау қажеттігі» насихатталады.

Меніңше, бұл кітапқа осыдан басқа мысалдар келтіру артықтық етер….

Кітапта тіпті отбасының мұқтаждығын өтеуге мұрша бермейтін дәрежеде дінге шексіз қызмет етуге көп көңіл бөлінген. «Таблиғи жамағаттың» идеологиясы бойынша отбасыны қамтамасыз етуге жұмсалатын жұмыс уақыты дін мақсаттарына сәйкес келмейді немесе жеткіліксіз.

Біздің қоғамымызда да «Таблиғи жамағаттың» ізбасарлары «дін тарату» мақсатында отбасыларын тастап кету фактілері орын ала бастауда. Таблиғшылардың отбасыларының ыдырауының, олардың әйелдері мен бала-шағаларының әлеуметтік-экономикалық және рухани тарығушылықтарының себептері осы емес пе? Ал ислам діні мұсылманның өз отбасын бағып-қағуға және жұбайына көңіл бөлуге жұмсаған уақытын ғибадаттың бір түрі деп үйретеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары да азаматтардың отбасыларын бағып-қағуын парыз деп белгілеген.

Соңғы кездері Қазақстандағы «Таблиғи жамағат» белсенділерінің іс-әрекеттері өзінің саяси бейтараптығына қарамастан ресми қызмет атқарып отырған діни бірлестіктердің құрылымдарына енуге бағытталуда.

Әртүрлі жат діни ағымдар мен секталардан қазақтың қазақстандық жастарға келетін қаупіне ерекше назар аудара отырып, Дін істері Агенттігі «Таблиғи жамағат» ұйымының іс-әрекеттерін зерттеу бойынша жүргізген талдау жұмыстары 2012 жылы бұл ұйымның Қазақстанның барлық аймақтарында белсенділігін артқандығын, әрі «ұстаздардың» ықпалымен көптеген жастардың аталған ұйымның қатарына қосылуының артқандығын анықтады.

Олардың кейбіреулері заңнаманы бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, көпшілігіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жалпы алғанда, «Таблиғи жамағат» қозғалысы миссионерлерінің сан ғасырлардан бері мұсылман болып табылатын қазақ халқының арасында белсенді түрде жүргізілуіне сақтықпен қарауымыз керек-ақ. Осы орайда, кез-келген миссионерлік қызметтің өзге дін өкілдеріне бағытталатындығын ескерер болсақ, бұл мәселе өте мұқият назар аударуды қажет ететіндігі сөзсіз.

«Таблиғи жамағат» қызметінің әдістемесін екіге бөліп қарауға болады. Яғни, өз қызметтерін жария түрде атқаруға болатын жағдайда қозғалыс мүшелері миссионерлік әрекеттерді ашық жүргізеді. Ал, қоғам мен мемлекет тарапынан қандай да бір тосқауылдарға ұшыраған жағдайда, олар ұйымдасқан түрде жасырын әрекет етуге көшеді.

Осы себептерден болса керек, «Таблиғи жамағат» жақтастарының жихадшылық идеяны ұстанатын топтарға қосылып, кейіннен қарулы қақтығыстарға қатысуы жиі орын алуда. Демек, «Таблиғи жамағат» қозғалысы осы сипаты бойынша террористік және экстремистік ұйымдар мен басқа да заңсыз жауынгерлік жасақтарға «әскер» дайындайтын орта болып табылады.

«Таблиғи жамағат» қозғалысы Қазақстанда қызмет атқарған уақытында ешқашан ресми тіркеулерден өтпей, іс жүзінде белсенді түрде бейресми қызмет атқарып келді. Ал 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң күшіне енгеннен бастап олардың іс-әрекеттері тіпті заңсыз болып табылады. Елімізде әр жылы ондаған таблиғшылар әкімшілік жазаға тартылуда.

Сонымен, «Таблиғи жамағаттың» қоғамға қауіп төндіретіні күдіксіз. Бұл қозғалыстың діни ұстанымы қоғамның діни-рухани бөлінуіне себепкер болып, оның мүшелері мен ізбасарларының конституциялық құқықтар мен міндеттерді ескермеуі «Таблиғи жамағаттың» деструктивті сипатқа ие екендігін көрсетеді.

Сондықтан, Қазақстанда «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметіне тыйым салынуы мемлекет тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дер уақытында қабылданған шара деп санаймыз.

ҚР Дін істері агенттігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, «Таблиғи жамағат» жақтастарының арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге басымдық беретін болады. Біз бар күшімізді аталған деструктивті қозғалыстың құрамына жаңа мүшелердің келуіне жол бермеуге және таблиғшылар қатарында бұрыннан жүрген мүшелері мен ізбасарларын дәстүрлі ислам мен қоғамдық құндылықтарға қайтаруға жұмылдыруымыз қажет.

Сөзімді аяқтай отырып, бүгінгі конференцияға атсалысқан қадірменді қонақтарымыз бен қатысушылардың барлығына алғысымызды білдіргім келеді.

Исламдық бағыттағы дәстүрлі емес діни ағымдар мен ұйымдардың әрекеттерінен туындайтын проблема аймақ елдері мен онда өмір сүріп отырған халықтардың барлығына ортақ мәселе болып табылады. Сондықтан, бүгінгі іс-шараға жиналған азаматтар халқымыздың діни-рухани тұтастығын сақтауда және қоғамдағы діни ауызбіршілік пен келісімді нығайта беруде тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді деп сенемін.

Назарларыңызға рахмет! 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close