Елордада жаңа стильдегі мешіт ашылды

Жұма, 11.05.2018
Елордада жаңа стильдегі мешіт ашылды

Бүгін Астанада постмодеренизм стиліндегі жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті. Шараны Бас мүфти Серікбай қажы Ораз ашып берді.

 «Бүгін – күллі мұсылман қауымының рухани өмірінде тарихи күн. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында елімізде тұңғыш рет постмодернизм стилінде салынған мешіт есігін айқара ашты. Баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін нөмірі бірінші құтханамыз құтты болсын, ардақты ағайын! Біз мұндай нығметке елдігіміз бен ерлігіміздің, бірлігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында жеттік. Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Осы мешіттің салынуына қамқорлық танытқан, ел қамында жүрген Елбасы мен ел ағаларына Алла разы болсын!"

Бас мүфтиден кейін сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.  

Естеріңізге сала кетейік, Есіл өзенінің оң жағалауындағы мешіттің құрылысы 2016 жылы басталған. Жаңа мешіт қайырымдылық қаражаты есебінен салынған болатын. Мешіттің ғимараты дәстүрлі әшекейлер мен сәндік элементтерді пайдаланып постмодернизм стилінде жасалады. Сырттай, мешіттің дизайны гүлге және гауһартасқа ұқсайды. Мешіттің басты ғимаратының солтүстік жағында орналасқан мұнараның биіктігі 43,5 метр. Ол «калама» - «қасиетті қылқалам» түрінде жасалған. Жаңа мешітті энергиямен қамтамасыз ету үшін қолданылатын балама көздер қажетті көлемнен үш есе көп электр энергиясын өндіреді.  Мешіттің ауданы 2248 шаршы метр. Алаңқайы 1,44 гектар жерді алып жатыр. Сарыарқа ауданында орналасқан мешіт 750 адамға арналған.
    

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 385 рет
JoomShaper
Top