Министр: Қазақстанда исламды түсіндірудің өзіндік моделі әзірленеді

Сәрсенбі, 29.11.2017
Министр: Қазақстанда исламды түсіндірудің өзіндік моделі әзірленеді

Астана. 29 қараша. KAZISLAM – Қазақстанда исламды түсіндірудің өзіндік моделі әзірленеді.  Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев елордада өтіп жатқан «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н.Ә.Назарбаевтың үлгісі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы сәтті пайдалана отырып конференция қатысушыларының назарын біздің министрлік пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірлескен жобасына аудартқым келеді. Бүгінде біз исламның қасиетті кітаптарын түсіну және түсіндірудің қазақстандық моделін әзірлеуге кірістік. Исламды түсінудің мұндай қазақстандық моделінің ғылыми негіздемесін әзірлеу үшін арнайы ғалымдар тобын жасақтадық» деді министр.

Нұрлан Ермекбаевтың сөзіне қарағанда, аталған модель рухани, адамгершілік-әдеп құндылықтарына және діни сеніміне қарамастан барлық азаматтардың құқығын құрметтеуге негізделетін болады.

Айта кетсек, аталған конференция ҚР Тұңғыш Президенті күні мен елорданың Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған. Шара мақсаты – әлем елдеріндегі бірегейліктің қалыптасу мәселелерін қазақстандық тәжірибемен салыстыра талқылау, этносаралық және конфессияаралық  келісімнің «Н.Назарбаев моделі» ретінде танылған қазақстандық үлгінің тұсауын кесу. Конференцияға саясаттану, тарих, философия, әлеуметтану, этнология және басқа да гуманитарлық ғылымдар бағытындағы Германия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан  елдерінің ғалымдары қатысуда.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 86 рет
JoomShaper
Top