Қазақстан Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысты (ФОТО)

Дүйсенбі, 11.09.2017
Қазақстан Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысты (ФОТО)

Астана. 11 қыркүйек. KAZISLAM – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан Президенті жиынды ашып, бұл басқосуды ислам тарихында ерекше із қалдырады деген сенімін білдірді.

Елбасы қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы ежелгі заманнан тамыр тартатынын атап өтті. «Біздің байтақ даламызға Ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасындағы достық диалогқа дәнекер болып отыр» деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар, Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті саммит арқалаған мақсат-міндеттерге тоқталып, ғылым мен инновацияны, исламдық қаржыландырудың рөлін арттыру маңызды екенін атап өтті. «Біз «ЭКСПО-2017» көрмесін өткіздік. Енді оның аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Сіздерді ислам қаржысы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырамыз» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жасыл технологияларды дамыту мәселесіне тоқталып, жасыл технология мен инвестицияны дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды. «Біздің елдеріміз үшін аграрлық саладағы ынтымақтастық аса маңызды. Бәріміз бірлесіп аграрлық ғылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Бұл тек ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға емес, бұдан да тығыз интеграция мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет» деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ислам әлеміндегі маңызды экономикалық мәселелерді шешу үшін Ислам ұйымының жетекші 15 мемлекетін біріктіретін бейресми қоғамдастық құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы алдыңғы қатарлы Батыс елдерімен ғылым және технологияларды дамыту мәселелері бойынша байланыстар орнату қажет екенін атап өтті.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 46 рет
JoomShaper
Top