Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XVI отырысы өтті (ФОТО)

Бейсенбі, 18.05.2017
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XVI отырысы өтті (ФОТО)

Астана. 18 мамыр. KAZISLAM – Бүгін Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XVI отырысы өтті.

Шараға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм, индуизмнің жоғары мәртебелі өкілдері, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың басшылары, оның ішінде БҰҰ Өркениеттер Альянсының директоры Метью Ходс, Дүниежүзілік бейбітшілік хабаршысы Кеңесі Бас хатшысының Пичаи Товивич, Біріккен Араб Әмірліктері толеранттылық мәселелері жөніндегі министрінің кеңесшісі Рашид әл-Тунайджи қатысты.


 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты аша келіп, дінаралық өзара түсіністікті нығайту ісіндегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына қолдау білдіргені үшін шараға қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы қазақстандық бастама шеңберінде нығайып келе жатқан үнқатысу форумның айналасына мүдделі қатысушыларды көптеп тартуда. Мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, танымал саяси және қоғам қайраткерлері, ғылыми қоғамдастық пен азаматтық сектор өкілдері діни көшбасшылардың үнқатысудағы тікелей серіктестеріне айналды», - деп атап өтті төраға. Сонымен қатар, жиында діни және саяси қайраткерлердің диалогын нығайту жөніндегі күш-жігер ерекше атап өтілді. Қ.Тоқаев өткен жылғы мамырда Астанада түрлі елдердің парламентшілері, Съезд Хатшылығының мүшелері және сарапшылардың қатысуымен «Діндер терроризмге қарсы» конференциясы өткенін еске салды.

Сенат Төрағасы биылғы наурызда Санкт-Петербургте өткен Халықаралық терроризм жөніндегі Парламенттің конференцияда ЕҚЫҰ және ТМД Парламенттік ассамблеяларының көптеген депутаттары кезекті VI Съезге қатысуға ықылас білдіргенін хабарлады. Қ.Тоқаев әлемнің көптеген аймақтарындағы текетірестер мен ядролық қарудың таралу қаупіне байланысты жаһандық саяси дүрбелеңдер көріністері күшейіп келе жатқанына назар аударды. «Көптеген елдерде әлемдік тәртіпті құлдырату, ксенофобияны өршіту, этностық-діни белгілер бойынша кемсіту қаупіне ұшырататын популизмге ұмтылу үрдісі шегіне жетіп тұр. Жер бетіндегі өркениеттің барлық жетістіктерін жоқ қыла алатын жаһандық экономикалық, әлеуметтік және экологиялық проблемалар да планетамыздың қауіпсіз болашағына қатер төндіруде», - деді Төраға. Қ.Тоқаев өз сөзінде уақыт алдымызға қойып отырған көптеген сын-қатерлерге өткен жылғы Дүниежүзілік ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Президент Н. Назарбаев жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінен жауап табуға болатынын айтты. Төрағаның пікірінше, VI Съезге қатысушы діни және саяси өкілдердің оны талқылауы – бізді қауіпсіз және әділетті әлемді құрудағы іздеген мақсатымызға жақындата түседі.


Қ.Тоқаев сөз соңында: «Қазіргі әлемде дін лидерлерінің рөлі аса маңызды. Халықаралық өткір мәселелерді шешуде Сіздерге көп нәрсе байланысты. Біз ортақ күш-жігерімізбен діндер мен өркениеттердің шынайы текетірестеріне жол бермеуіміз керек. Сіздерге, дін көшбасшыларына бүкіл әлем зор үмітпен қарап отыр», - деп сөзін түйіндеді.


Хатшылық отырысына қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VІ Съезін 2018 жылғы 10-11 қазанда өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл форумға әзірлік барысы туралы жан-жақты пікір алмасу өрістеді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев шараға қатысушыларға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның басымдықтарын таныстырды. Отырыс аясында әлемдік діндер өкілдері «Шапағат» медалімен және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған медальмен марапатталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 176 рет
JoomShaper
Top