Путин Назарбаевқа Астана процесіндегі келісімдер үшін алғыс айтты

Сейсенбі, 16.05.2017
Путин Назарбаевқа Астана процесіндегі келісімдер үшін алғыс айтты

Астана. 16 мамыр. KAZISLAM –  Қытайдың Бейжің қаласында  «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық Форумының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Ресей Президенті Владимир Путин Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша Астана процесі аясындағы келісімдер үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Бұл туралы Қытайдағы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

«Қауіпсіздікке байланысты (Сириядағы) мұны іске асырылатын құрал деп есептеймін, бәрінен бұрын бұл - соғысты тоқтату режімін сақтау. Іс жүзінде бүгінгі кезеңдегі  ең бастысы - оқ атуды тоқтату режімін нығайту, бекіту, ал осының негізінде  мәміле жасауға жағдай туғызу және келесі саяси процестерге негіз қалау» деді Ресей президенті. Оның айтуынша, егер жағдай осы сценарий бойынша жалғасар болса, елдер алға қойған мақсатына жетеді деп есептеуге болады. Бірақ оқ ату тоқтатылмай, саяси процесте қандай да бір тиімділікке қол жетеді деген әңгіме болуы мүмкін емес. 

«Бұл кезеңде тап осыны жасау керек. Ал бұған қалай қол жеткізуге болады? Міне біз Астанада осыған келістік. Осындай алаң ұсынғаны үшін Қазақстанға және Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа  алғыс айтамыз. Енді біз  әскери деңгейде Анкарада (Ресей, Иран және Түркия)  сириялық тараппен ұдайы консультация жасай отырып, осы деэскалация аймағының нақты шекарасын талқылайтын боламыз, және екіншісі бақылау элементтері: қалай, қашан және қайда, кім бақылайтын болады. Бұл практикалық, нақты мәселелер, олар талқылауды қажет етеді және ол туралы айтуға әлі ерте» деп түйіндеді В. Путин.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 144 рет
JoomShaper
Top