Ислам және отбасы

Баланың өзіне деген сенімділігі

Өзіне деген сенімділігі – баланың дене-бітімімен қоса ой-санасының да түзу және дұрыс дамуының нәтижесі. Бала бойындағы сенімділіктің қарым-қатынаста және дербес шешім шығаруда зор әсері бар. Өзіне сенімді бала айнаға қарағанда, сүйіспеншілікке, қамқорлық пен көңіл бөлуге лайықты адамды көреді. Әке-шеше тарапынан болған осындай қолдауға сүйеніп, бала басқалармен қарым-қатынаста оң нәтижеге қол жеткізеді. Мұндай бала белсенді және көтеріңкі көңіл-күймен барлық қиыншылықтарды оңай еңсереді. Кез келген түйінді мәселенің шешімін табуға ешбір қиындықсыз батыл кірісіп кетеді. Демек, баланың дұрыс қалыптасуында сенімділік ерекше роль ойнайды.

Балаңыз өзіне сенімді ме әлде жан-жағына жалтақтай береді ме? Сенімсіз баланың бойындағы «сиптомдар» мынау:

1.Жүрексіну. Бала жаңа нәрсені қолға алып, оны тексеріп көруге батылы бармау. Бұл баланың өз қабілетіне және мүмкіндігіне деген сенімсіздіктен; 

2.Оқшаулану. Баланың ешбір досы болмауы және басқа балалармен қарым-қатынас орнатуда қиындық сезінуі. Алайда, балаңыздың аз болса да досы болса, онда оқасы жоқ;

3.Күйзеліс. Кез келген қиыншылықпен бетпе-бет келген сәтте күйзеліс сезінуі. Осы сезім тұла бойын билегендіктен дұрыс деп білген әрекетін жасай алмайды;

4.Өзін бағаламау. Баланың өз-өзін «менің кесірімнен болды…», «тағы барлығын бүлдірдім», «менің жолым болмайды» деген сияқты жағымсыз сөздермен сынауы;

5.Кінәлау. Баланың өзін қойып, айналасындағыларды айыптай бастауы. Мәселен, «достарым ойында арамдық жасады…», «мектепте мұғалім үнемі маған ғана тисе береді» деген сияқты;

6.Тәуелділік. Басқалардың өзі туралы ойынан қорқу. Өзінің не қалайтынын түсінудің орнына, үнемі «мен жайлы адамдар не ойлайды екен» деген ойдың жетегінде жүру;

7.Еліктеушілік. Өзіне деген сенімділіктің жоқтығынан туындайтын қатер – бала барлық іс-қимылында достарына еліктей бастайды. Керегінен артық еліктеп, достарын таң қалдыруға ұмтылуға көшеді.

Баланың өз-өзіне сенімсіз болуына «кінәлі» – ата-ана. Бұл мәселенің алдын алу үшін және баланың бойына өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға ықпал ететін қадамдарға назар аударыңыз:

1.Бесіктен бастау. Бала емізулі шағынан өзіне деген сенімділікті жоғалтуы мүмкін. Қарны ашқан, жөргегі былғанған және тағы басқа жағдайдағы бала көп уақыт қараусыз қалдырса, оның санасында өзінің ешкімге керегі жоқ, ешкім қадірлемейтін біреу деген ой сіңе бастайды;

2.Шартты махаббат. Әке-шешенің перзентке деген махаббаты баланың бір қимыл-әрекетімен байланысты болмауы. Баланың санасына «шартты сүйіспеншілік» түсінігін қалыптастырмау. Мәселен, «Тамағыңды тауысып жеп қойсаң, сонда мен сені жақсы көремін».

Осы мағыналас сөздерді қолданатын аналар тез арада мұны тоқтатсын. Сіз балаға тек перзентіңіз болғаны үшін ғана жақсы көретініңізді жеткізіңіз. Ата-анасы оның дарынды, спортшы, епшіл, ширақ немесе тамақты жеп қойғаны үшін жақсы көретінін сезіп өсу баланың санасын бұзады. Ал, ата-ананың махаббаты – баланың өзіне деген сенімділігінің дәні;

3.Еңсені басу. Үлкендер тарапынан ылғи да «жалқаусың, тынымсызсың, мазасызсыз» деген сөз естіп өскен баладан ертең не күтесіз? Мұндай сөздер тал шыбықтай бала санасына сәуле кіргізбей, еңсесін көтеруге мұрша бермей қояды. Одан да жаманы ардақ тұтатын жандардан «тым болмаса өзіңнен ұялсайшы!», «менің үмітімді ақтамадың!» деген сөздерді естіген бала «мен жаманмын, түкке тұрғысыз біреумін» деп өзіне-өзі «үкім шығарады» емес пе? Мұндай болмас үшін баланың өзін емес, оның қате іс-әрекеттерін сынаңыз. Мүмкіндігінше «Сен мұндайсың…» деген сөздерді қолданудан сақ болыңыз;

4.Мүмкіндік беру. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» дегендей, баланың өзі істеуге шамасы жететін шаруаға араласушы болмаңыз. Балаға мүмкіндік беріңіз. Егер үнемі жөн-жосықсыз араласа берсеңіз, баланы өз бетінше ұмтылып әрекет ету және жауапкершілік сезіну мүмкіндігінен айырасыз. Сондай-ақ, бала да «егер ата-анам менің орныма істесе, демек менің шамам келмейді» деген қате ойда қалады. Сондай-ақ, бала болғасын аулада көршінің балаларымен ұрсып немесе төбелесіп қалуы да кездеседі. Мұндай кезде балаңызды қорғай жөнелсеңіз, балада өзін дәрменсіз және әлсіз деген ой қалыптасады;

5.Жауапкершілік. Балаға бір іс тапсырып, оны жауапкершілікке үйретіңіз. Бала өзінің қолынан іс келетініне көз жеткізсін. Сонымен бірге, бала өзіне ата-анасымен бірге басқалардың да сенім артатындығын білсін. Ол да тапсырылған бір шаруаны тәп-тәуір орындай алатынын сезінсін. Және ол шаруа басқаларға немесе отбасына пайдалы екенін ұғынсын.

6.Шыңдалу. Баланың спортта, білімде жаңа белестерді бағындыруда қателесуіне рұқсат беріңіз. Өмірде қателесу болатындығын және  қателіктер мен сәтсіздіктер адамды жігерлендіріп, шыңдайтындығын үйретіңіз. Бала өз қателіктері мен кішкентай сәтсіздіктері арқылы тәжірибе жинасын, шеберлігін шыңдасын. Баланы асықтырмаңыз.

7.Бірге болу. Әрқашан баланың қасынан табылыңыз. Бала сізді әке-шеше, дос және өмірдегі, Алла Тағаладан кейінгі, негізгі арқа сүйеуші деп білсін.

Мұхаммед Ибраһим

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close