Ислам - ізгілік діні

Алланың көркем есімдері 99 ғана ма? Оны білудің қандай пайдалары бар?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір дұғасында: «Уа, Алла Тағалам, Өзіңді атаған, Кітабыңда баяндаған, Пайғамбарыңа үйреткен және бізге беймәлім мәңгілік іліміңде Өзіңе арналған қасиетті есімдердің барлығымен сыйынамын» деген (Ахмад ибн Ханбал, Муснәд, I/391). Айша анамыз (Оған Алла разы болсын) «Біз білетін және білмейтін барлық Көркем есімдеріңмен Өзіңе сыйынамын. Уа, Жаратқан иеміз, Ұлықтардың ұлығы болған есіміңмен Саған жалбарынамын. Кімде-кім Саған осы есімдеріңмен дұға жасаса, сен жауап бересің!» деп дұға жасағанын Алланың елшісі естіген кезде «Дұрыс айттың» деп құптаған.  (Тәжрид, 8/192).

Алла Тағала біздің білуімізді  қалаған көркем есімдерінің бірқатарын Құранда, бірқатарын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері арқылы білдірген. Алла Тағаланың бұл көркем есімдері адамдардың түсінік деңгейіне орай баяндалған. Бізден тыс әлемдерде біз түсіне бермейтін өзге де есімдері бар екені ақиқат. Адамзаттың асылы (с.ғ.с.) Термезиден келіп жеткен бір хадисінде жоқ дегенде Алланың 99 көркем есімін біліп, соған сай әрекет еткен адамдардың жаннатқа кіретінін айтып, осы іске ынталандырған.   

Негізінен Алланың көркем есімдерін білу Алла Тағаланы дұрыс танып білуге, дұрыс илануға жол ашады. Сондықтан да білімі мен мүмкіндіктері шектеулі біздер Оның есімдері мен сипаттарын білуге зәруміз. Сол себепті де Жаратқан Иеміз бізден Өзінің көркем есімдері арқылы Өзіне жалбарынуымызды талап етіп, түрлі қате сенімге беріліп, адасып кетпеуімізді қалаған. Мына аятта Хақ Тағала: «Ең көркем есімдер Аллаға тән. Ендеше, Оған сол есімдерімен үн қатып, дұға етіңдер. Оның көркем есімдеріне қатысты ақиқаттан ауытқып кеткендерден (яғни Оған лайықсыз есімдермен дұға ететіндерден) аулақ болыңдар!» деген («Ағраф» сүресі, 180). Тағы бірқатар аяттарда Алланың көркем есімдерімен дұға етуге шақырған. Мысалы, «Исра» сүресінің 110-аятында: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Оған дұға еткендеріңде, қаласаңдар Алла деп атаңдар, қаласаңдар Рахман деп атаңдар. Қай есімін атап, дұға етсеңдер де, ең көркем есімдер Оған ғана тән!», – деп айт» делінсе. «Таһа» сүресінде: «Ол – Алла! Одан басқа тәңір жоқ. Ең көркем есімдер Оған ғана тән» деген аят бар («Таһа» сүресі, 8).

Алланың есімдері мен сипаттарын қаншалықты жақсы білсек, иманымыз соншалықты берік, мінез-құлқымыз соған сай көркем бола түседі.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close