Жаңалықтар

Алғашқы түрік-ислам мемлекеті

Аббаси халифаты тұсында ислам дінін қабылдаған түркілер халифатта үлкен лауазымды қызметтер атқарды. Соның бірі, түбі ферғаналық түрік Ахмет ибн Толун Мысыр әміршісі бола жүріп, кейін 874 жылы халифаттағы ішкі бұлғақты пайдаланып, солтүстік Африка мен Таяу Шығыс өңірінде  «Толуни» түрік-ислам квази мемлекетінің негізін қалаған болатын.  

Ахмет ибн Толун әскери адам еді. Әкесі Толун (түрік тілінде: толу, толған ай) да әскери адам болатын. Оны Бұқара әмірі 815 жылы Бағдатқа әскери қызметке жіберген еді. Ахмет осы Бағдатта дүниеге келді. Ахмет жастайынан әскери және діни тәлім-тәрбие алды. Ол Тарсустағы медреседе оқыды. Халиф Мустайн оның ержүректігіне тәнті болып, Ахмет ибн Толунды Мысыр әміршісі Байық бектің өкілі етіп тағайындады. Ол Байық бектің өкілі бола жүріп, өзінің әскери дарындылығының арқасында 868 жылы Фуслатты бағындырды. Жалпы, сол кезеңде Мысырда әскери қызметте түріктер өте көп еді. Ахмет ибн Толун Мысырға келгеннен соң әскери қызметтегі түріктер үлкен күшке айналды.

Алғашқыда Ахмет ибн Толунның билікке келуіне Мысыр әмірлігінің қаржы істер жөніндегі басшысы ибн-и Мудаббирин қарсылық көрсетті. Ахмет ибн Толун мен ибн-и Мудаббарин арасындағы ымырасыздық төрт жылға созылып, соңында ибн-и Мудаббарин Сирияға жер аударылды. Байық бек 870 жылы қайтыс болып, аймаққа әмірші болып Ахмет ибн Толунның қайын атасы Йаржуқ әл-Түрки тағайындалды. Йаржуқ күйеубаласына Барка мен Ескендерияның билігін берді.

Дәл осы шақта Аббаси тағына 870 жылы Мутамид отырды. Ол басқаруды оңтайландыру үшін халифаттың Шығыс өлкесіне басшылыққа бауыры әл-Муаффакты, ал Батыс бөлігіне ұлы Жафарды тағайындады. Бірақ, Мутамид халиф тағында отырғанмен, әл-Муаффактің халифатта саяси салмағы аса зор еді. Осы кезде халифаттағы ішкі саяси дағдарысты тиімді пайдаланған Ахмет ибн Толун Мысырды жеке-дара билеуге ұмтылды. Халифаттың Батыс бөлігінің басшысы Жафарға бағынышты саналғанымен, ол іс жүзінде тәуелсіз билеушіге айналды.

Ахмет ибн Толунның тәуелсіз билік жүргізуі бүкіл халифатты уысында ұстағысы келген әл-Муаффакка ұнаған жоқ. Екеуінің арасындағы араздық ұзаққа созылды. Ахмет ибн Толун Бағдаттағы халифат қазынасына құйылуға тиісті хараж салығын үнемдеп, ол қаражатқа түріктер мен судандықтардан құралған Мысырда мықты әскери жасақ құрды. Әл-Муаффақ халифатта өзімен теңесетін екінші бір күштің пайда болғанын қаламады. Ол Шығыстағы көтерілістерді басуды сылтауратып, Ахмет ибн Толуннан қаражат талап етті. Осы кезде халиф Мутамид бауырының күшейіп кетуінен сескеніп, Ахмет ибн Толунға қаражатты тек өзіне жебіруін сұрады. Ахмет ибн Толун Мысыр қазынасынан әл-Муаффаққа ол сұраған ақшадан әлдеқайда аз қаражат (1.200.000 динар) жіберді. Оған қатты ашуланған әл-Муаффақ Мысырға елші аттандырып, Ахмет ибн Толунның өзіне бағынуын талап етті. Бірақ, Ахмет ибн Толун халиф Мутамидке де, әл-Муафaфаққа да бағынған жоқ. Ол Мысырда тәуелсіз мемлекет құрды. Әл-Муаффақ халифаттан бөлініп, дербес саясат жүргізіп отырған Ахмет ибн Толунды орнынан алып, Мысырға Шам әміршісі Амажур әл-Түркиді қойғысы келді. Алайда, Амажур әл-Түрки 878 жылы кенеттен қайтыс болды. Ол өлген соң Ахмет ибн Толун Сирияны да өзіне бағындырды.

Ахмет ибн Толун Сирия жорығында жүргенінде оның ұлы Аббас бербер тайпаларымен ауыз жаласып, бөлек мемлекет құрғысы келді. Ахмет ибн Толун 879 жылы бұлғақты басып, Мысыр мен Сирияның жеке дара билеушісіне айналды. Тіпті, күш-қуаты төмендеп кеткен халиф Мутамидті Мысырға көшуге үгіттеп, оның атынан күллі халифатқа өз билігін жүргізгісі келді. Бірақ, әл-Муаффақ халиф Мутамидтің Мысырға көшуіне жол бермеді. Әл-Муаффақ Ахмет ибн Толунды әлсірету үшін Ысқақ ибн Құндақшыны оның орнына әмірші етіп тағайындамақ болды. Оған қарсы тұрған Ахмет ибн Толун «әл-Муаффақ залым» деген фақиһтердің фатуасын шығартқызды. Екі тарап өздеріне қарасты мешіт мінберлерінде бір-біріне лағынеттер жаудырды. Көп ұзамай екі тарап бітімге келуге шешім қабылдады. Бірақ, Ахмет ибн Толун 884 жылы Сириядағы бұлғақтарды басуға жорыққа шыққанда, науқастанып қайтыс болды. Оның орнына ұлы Хумаравейх таққа отырды.

Ахмет ибн Толун негізін салған «Толуни» мемлекетін тарихшылар өз еңбектерінде толық дербес емес, Аббаси халифатына жартылай бағынышты квази мемлекет ретінде көрсетеді. Десек те, бұл тарихтағы алғашқы түрік-ислам мемлекеті еді. Ахмет ибн Толунның мемлекеті түркі топырағында емес, Мысыр мен Сирия жерінде құрылды. Ол 884 жылы өлген соң Хумаравейх (884-896), Жауш ибн Хумаравейх (896), Харун ибн Хумаравейх (896-905) билік жүргізді. Аббаси билеушілері 903 жылы Кармати қозғалысын жаныштап, артынша 905 жылы Мысыр мен Сирияны билеп отырған Толуни мемлекетін де құлатты.

Толуни түрік-ислам мемлекетінің ғұмыры (30 жылдай) қысқа болғанымен, түркілер Мысыр мен Сирияның мәдениетін көтеріп, шаруашылығы мен экономикасын ілгерлетті. Ахмет ибн Толун «Қатай» атты шаһарды салдырды. Сондай-ақ, өз заманының озық сәулет өнері саналатын «Дар әл-Имара» атты мешітті тұрғызды (бұл мешіттің ғимараты осы күнге дейін сақталған). Ахмет ибн Толун музыка мен әдебиетке құмар еді. Ол түрік тілінде өлең жазатын. Хумаравейх те ақын болатын. Толуни билеушілерінің сарайында ғұламалар мен ақындар зор ілтипатқа бөленетін. Хумаравейх әкесі тұрғызған Қатай қаласын кеңейтіп, онда керуенсарайлар мен хауыздар салды. Яғни, Толуни мемлекеті өркениетті қоғам құруға ұмтылды. 

 

              Мұхан Исахан,

теолог, PhD доктор

 

Show More

Басқа жаңалықтар

Close