Сұхбат

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ: «Радикализм – діни мәселе емес, саяси-әлеуметтік мәселе»

 − Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Бауырласқырғыз жеріндегі мұсылман әйелдердің басқосуына барып қайтқаныңыздан хабардар болып отырмыз. Әңгімемізді осы жаңалықтың мән-жайын білуден бастасақ.

Иә, 20-21 тамыз күндері ер Манастың еліне   қазақтың бір туған бауыры қырғыз жұртына барып, Орталық Азия мұсылман әйелдерінің І форумына қатысу нәсіп болды. Іс-шараны Қырғыз Республикасы Президенті аппаратының қолдауымен осы салада он бес жылдық тәжірибесі бар «Мутакаллим» әйелдер қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Қырғыз Республикасы бұған дейін Орталық Азияның Терроризмге қарсы орталықтарының форумы, құқық қорғау орталықтары өкілдерінің басқосуы, аймақ сарапшыларының форумы, Ғұламалар кеңесінің отырысы секілді бірнеше басқосуды ұйымдастырған болатын. Бішкектегі ірі шаралар қырғыз елінің Орталық Азияның барлық республикалармен шектесетін территориялық ерекшелігін ескере отырып жасалған аймақ елдерінің ортақ келісімі негізінде жүзеге асып отырғаны айқын.

Мұсылман әйелдер форумына оралсақ, шара аясында Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының танымал әйел қайраткерлері, дін мәселелеріне қатысты қоғамдық қорлар жетекшілері, діни бірлестіктер қызметкерлері, соның ішінде діни оқу орындарының дәріскерлері болып табылатын әйел-аналар қатысты. Әрине, шара барысына Қырғыз Республикасы Дін істері комиссиясының басшылығы, Ішкі істер министрлігі мен Терроризмге қарсы орталық өкілдері, Қырғыз мұсылмандары діни басқармасының жетекшілері, Ғұламалар кеңесінің мүшелері де атсалысты. Дегенмен негізгі талқылаулар әйелдер ұйымдарының өкілдері арасында өтті.

− Әңгіме қай арнада өрбіді?

− Негізгі тақырып экстремизм мен радикализмге қарсы іс-қимыл мәселелері болды. Әр тарап өз тәжірибесін ортаға салып, бірқатар ұсыныстар талқыланды. Жетекші қоғамдық ұйымдар немесе діни бірлестіктер арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасасу, ортақ құрылымдар жасақтау арқылы жаңа шаралар ұйымдастыру мүмкіндіктері қаралып, іс-шараның тиісті қарары қабылданды.

Қызметтік бағыттағы тікелей әріптесіміз – Қырғыз Республикасы Дін істері комиссиясының қызметкерлері біздің дінтану сараптамасын құқықтық қамтамасыз ету тәжірибесінен өздеріне көп үлгі алғанын, көптеген нормативтік құқықтық құжаттарды әзірлеуде Дін істері комитетінің ресми сайтындағы материалдарды жолнұсқа ретінде пайдаланғанын, «Қауырт желі-114» қызметін қазақстандық үлгі негізінде қырғыз елінде іске қосқанын атап айтты. Діни оқу орындарының қызметі Қазақстанда толық реттелгеніне тәнті бола отырып, алдағы уақытта осы бағытта тәжірибе алмасуға ықылас танытты.

Журналистерге арнап ұйымдастырылған баспасөз конференциясында қызу сұрақ-жауап алмасылды. Қырғыз журналистерін Қазақстандағы дін саласын заңнамалық реттеу мәселелері мен діни мәселелердің әлеуметтік астарлары көбірек қызықтыратынын аңғардық. Журналистер көр-жерді сөз етпей, ойлы, деңгейлі сұрақтар қоя білді.

− Көңіліңізден көбірек шыққаны қандай сұрақ болды?

Ойашар сұрақтарға жауап беру барысында мен: «Парадокстық жайт ретінде көрінсе де, бір нәрсені мойындауымыз қажет: Радикалдану діннің мәселесі емес, ол әлеуметтік-экономикалық мәселе» деген тұжырымды келтірген болатынмын. Осы бағыттағы ойларды талқылау барысында «Бішкек ақшамы» газетінің арнайы тілшісі Светлана Лаптева: «Қазақстан Республикасы Орталық Азиядағы экономикалық ахуалы ең тұрақты мемлекет. Айтыңызшы, экономикалық жағдайы жақсы, халықтың тұрмысы түзу, барлық мәселелер шешімін тапқан елде де радикалдану үдерісін тоқтату мүмкін болып табылмайды ма?» деген сауал қойды. Осы қарапайым сауалға жауап беру іс-шараға өзек болған тақырыптың талай қырын қозғауға тура келді.

− Әлқисса…

Ең алдымен, ішкі ахуалы қаншалықты тұрақты болса да, ешбір мемлекет «әлеуметтік-экономикалық мәселелерімізді толық шешіп болдық» деп айта алмаса керек. Қазақстанның да өзіне тән қиындықтары жеткілікті, ол мәлім жағдай және белгілі бір дәрежеде қалыпты құбылыс.

Кез келген мемлекет өз тарихының өн бойында даму үстінде болады, оның азаматтарының саны да, сұранысы да өсіп, өзгеріп отырады, мемлекет дүниежүзілік даму үдерістерінен шет қала алмайды, технологиялық өсу қарқыны мен қажеттілігі тағы бар, осының барлығы ерікті-еріксіз барлық мемлекеттерде шешілуі тиіс мәселелерді тұрақты түрде туындатып отырады.

Ал рухани саладағы қиындықтар – өз алдына бір төбе. Ол мемлекет азаматтарының тарихи тәжірибені игеру дәрежесі, соның негізінде қалыптасқан рухани деңгейі, сапалық құрамы, рухани сұраныстары мен ішкі-сыртқы байланыстары секілді көптеген факторлар есебінен қалыптасады. Бұл да өз кезегінде тоқтаусыз үдеріс.

Осы ерекшеліктердің барлығы табиғи түрде Қазақстан қоғамына да тән болып табылатын қазіргі жағдайда біз де радикалдану үдерісімен бетпе-бет келіп отырмыз. Оның әлеуметтік-экономикалық алғышарттарын түйсіне отырып, шешу және алдын алу жолдары елімізде кеңінен қарастырылуда. Ал енді осы құбылыстың әлеуметтік қырының аясында қамтылатын тұлғалық ерекшелік мәселесінің де маңызы аз еместігін атап айтуға тиіспіз.

Әрбір азамат жеке тұлға ретінде табиғатынан дарыған мінез-құлыққа ие. Идеология  немесе тәрбие саласы қаншалықты пәрменді қызмет атқарса да, тұлғалық болмыс өз ерекшелігін жоғалтпайды, соның ішінде кемшіліктерінен де ада-күде арыла алмайды. Шетін көзқарастарды қабылдауға бейімділік адамның тұрмыс жағдайына, діни сауатына ғана емес, табиғатына да тәуелді. Бірер мысалмен шектелейін.

Әлеуметтанулық-психологиялық зерттеулерде тұжырымдалғандай, мінез-құлық ерекшеліктері жөнінен алғанда радикалды идеология ықпалына бірінші кезекте билікқұмарлар, екінші кезекте пайдакүнемдер, үшінші кезекте барып әсіредіншілдер ұшырайды екен.

Шетін көзқарас пен лаңкестік әрекетке еліккіштердің мінез-құлқының ортақ ерекшеліктері ретінде өзіне және әлеуметтік жағдайына көңілі толмаушылық, кез келген қиындыққа өзгелерді (соның ішінде мемлекеттік құрылымды да) кінәлауға бейімділік, әлеуметтік-психологиялық қолдау мен көмекке мұқтаждық, әлеуметтік әділеттілікті тар ауқымда түсініп, ортаны өзгертуге құлшыну, тәуекелшіл әрекеттерге бейімділік, өзін көрсету, өзінің бір нәрсеге қабілеттілігін дәлелдеуге тырысушылық секілді сипаттар айқындалған.

Демек, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бәрін шешіп, қоғамды гүл жайнатып қойсаңыз да, күйретуші идеялар мен шетін көзқарастарды тудырушылар да, қабылдаушылар да қашанда табылады.

−  «Идеалды қоғам болмайды» деген тұжырымға тоқыраймыз ғой…

Адамзат қоғамы идеялар қақтығысы тоқтап қалған, қарсылықтар мен қиындықтар болмаған жұмақ дәуір мен жер бетіндегі жәннат мекенді әзірге білмейді. Күйретуші күштер барлық дәуірлерде болған, әрбір тарихи кезеңде ол өзіндік бір формасын тауып, жарыққа шығуға жан салады. Радикалдану үдерісі – ХХІ ғасырдың мәселесі, осы кезеңдегі күйретуші идеялардың көрініс табу тұрпаты. Әзірге ол радикалдану құбылысын қолдан жасаушылар мен жандандырушылар үшін барлық формалардың ішіндегі ең ыңғайлысы болып отыр.

Ал ол форма кең өлшемді, терең мазмұнды, түрлендіруге икемді дін қалыбын иемденіп, оның болмысын бұрмалап танытуға тырысқанда, қарапайым сананың ақ пен қараны ажырата алмай сансырап қалуы қалыпты жағдай. Өйткені ол сананың бұған лайықты дайындығы болған жоқ. Ол заңды да: Радикалдану үдерісінің әлемдік осынша жылдам қарқын алатынын болжап біліп, дайындық жасап үлгерген ел жоққа тән. Бұл орайда бүкіл адамзат қоғамы құбылыстың өзімен де, себебімен де емес, салдарымен күресуге мәжбүр болып қалды. Алғашқы ауыр соққылардан кейін ес жинап, етек жауып, болуы мүмкін лаңдардың алдын алуға адамзаттың төселе бастағанына тарихи өлшеммен алғанда көп уақыт бола қойған жоқ.

«Смертельный оптимизм» деген тіркесті өз басым «өлердей өмірсүйгіштік» деп аударамын («Өлердей» сөзі ауызекі қолданысқа тән болса да, бұл сөздің мағыналық реңкін дәл бере алатын әдеби ұғым қазақта жоқ). Сол өлердей өмірсүйгіштікпен пайымдар болсақ, адамзат қоғамы бұл шырғалаңнан шығудың да жолын табады. Бірақ келер күннің күйреткіш күштері өзіне жаңа тұрпат табуға тырысатынын да түсінуге тиіспіз.

−  «Радикализм – діни мәселе емес, саяси-әлеуметтік мәселе» деген тұжырымызды тиянақтай түссеңіз…

Дін қағидаларының бұрмаланып, саяси мақсаттарға пайдаланылуы – мәселенің бірінші қыры болса, әлеуметтік өмірдегі жеке тұлға бетпе-бет жүздесетін қиындықтарының осы мақсатты жүзеге асыруға жегілуі – мәселенің екінші жағы. Діннің саяси мақсаттарға пайдаланылуы геосаяси, стратегиялық  қырларынан да, дін қағидаттарын қарулы күрес идеясына бұрмалап жегу жөнінен де, идеалды мемлекет орнату жөніндегі жалған әрі жасанды түсініктерді орнықтыру тұрғысынан да аз айтылып жүрген жоқ. Мен радикализм ықпалына түсуге әлеуметтік жағдайлар мен тұлғалық ерекшеліктердің қай дәрежеде себеп болып отырғанына аз-кем тоқталып өтейін. Бір жағынан бұл жоғарыда айтылған кейбір ойларды тарата түсуге мүмкіндік береді.

Қазақстандық зерттеуші, психолог Л.Шакимова еліміздегі лаңкестік әрекетке немесе оны ұйымдастыруға қатысқан тұлғалардың өмір-дерегін зерттей отырып, олардың әлеуметтік-психологиялық мінездемесін жасақтап шыққан. Оның мінездемесіне сәйкес радикалды идеологияны ұстанушылар ішінде толық емес отбасынан шыққандар – 18%, психологиялық соққы алғандар – 39%, бас-сүйек жарақатын алғандар – 36%; түзету мекемелерінде болғандар – 32%; маскүнемдікке салынғандар – 61%; есірткіге тәуелділер – 27%; құмар ойынына салынғандар 43%-ды құрайды екен. Мұның ішінде, әрине, осы аталған қиындықтардың бірнешеуін қатар басынан өткерген  немесе ішімдік, есірткі мен құмар ойындарына бірдей тәуелділікке түскен тұлғалар аз еместігі айқын.

Білімі жөнінен алғанда радикалды идеология ұстанушыларының 36%-ы – орта, 18%-ы – жоғары білімді болған (Басқа санаттағылар (аяқталмаған орта, аяқталмаған жоғары білімді) да болуы мүмкін, олар жөнінде мәлімет келтірілмейді). Тұтастай алғанда 84% лаңкестердің мүлде діни білімі болмаған.

Лаңкестік идеологияға бой ұрғандардың 52%-ының тұрақты жұмыс орны жоқ, 38%-ының тұрмыс деңгейі төмен, 52%-ы баспанасыздар болған.

Жас ерекшелігіне келсек, әдеттегідей бұл келеңсіз құбылыста да басым көпшілікті жастар құрайды. Барлық нәрседе, соның ішінде рухани ізденістерде де жоғары шекке (максимализмге) бейім тұратын, аңсар-мұраты қалыпты тіршіліктен жоғары, ерлік жасауға құштар, өзгерістерге құлшынысы мол, сонымен қатар ересек буынмен салыстырғанда бос уақыттың да қызығын көбірек көретін жастардың қашанда жаңашыл көрінетін жат идеологиялық және құндылықтық бағдарларға оңай елігетіні әмбеге аян жайт. Радикалды идеология құрығына шындап ілінгендердің 48%-ы 26-35 жас аралығындағылар болса, 19%-ы  25 жасқа толмағандар екен.

Осының барлығы радикалдану құбылысының әлеуметтік-тұлғалық алғышарттары қаншалықты пәрменді екендігін көрсетеді. Сондықтан дін қағидаларының дұрыс түсінілуі, шетін көзқарастарға жол берілмеуі үшін діни сауаттылықты жетілдіру қаншалықты маңызды болса, радикалдануға икемді сананы оң сапаға бейімдеу үшін қоғам мүшелерінің әлеуметтік-психологиялық мәселелерін шешуге қолдау көрсету де соншалықты маңызды.

− Тұщымды тұжырымдарыңызға алғыс білдіре отырып, соңғы сауалға ойыссақ. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген, қырғыз ағайынның халі нешік екен?

Жақсы жағын айтсам, жасанды жылтырақ пен жалған имиджге әуестігі жоқ, бардың бағасын біліп, ысыраптан бойын аулақ ұстайтын, екі қолға бір жұмыс тауып, күнкөріске бейімделген халық екен. Бәлкім, бұл ұзақ мерзімді дағдарыстан алған тағылымы болар.

Сол ахуалдың қыспағы ма екен, әлде ұлт ретіндегі болмысы солай ма – қазақтағыдай аста-төк дастархан мен ақжарма пейіл қонақжайлылықты көре алмадық. Рухани тұрғыдан алғанда, біздің аз күн дәмдес болған ағайындарымыз шектеулі ортаның адамдары болғандықтан шығар, олардың бойынан білім биіктігі мен рух асқақтығы да аңғарыла қоймады.

Дегенмен болар елдің баласына тән игі бастамаларға ұйытқы болып отырған елдік қадамдарына азаматтық алғысымызды білдіріп, Орталық Азия мұсылман әйелдерінің келесі форумын Қазақстанда өткізуге бәтуаласып қайттық.

− Ендеше, тек «іске сәт!» дейміз. Әңгімеңізге рахмет!

E-islam.kz

 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close