Имам Ағзам қасындағы шәкірттерінің біріне Әбу Юсуфтан мына мәселелерді сұрауды тапсырады: “Бір адам киім жуғызу үшін кір жуушымен екі дирхамға келіседі. Белгіленген күнде барса, киімі әлі жуылмаған екен. Арада бірнеше күн өткеннен кейін барып қайтып сұрайды, бұл жолы киім жуылып қойылған. Енді сол киім жуушы келісілген екі дирхамды алуға құқылы ма? және егер ол «иә, ақысын алуға құқығы бар десе, «қателестің» де. Құқығы жоқ десе де, қателестің де”.
Шәкірт осы сөзді алып Әбу Юсуфқа барады. Ұстазы тапсырған сұрақты қояды. «Иә, құқығы бар» дейді сонда Әбу Юсуф. «Қателестің» дейді шәкірт. Әбу Юсуф аз ойланып тұрып: «Жоқ, ол ала алмайды» дейді. Бұл жолы да әлгі шәкірт «қателестің» дейді. Мәселенің мәнісін аңғара қойған Әбу Юсуф бұл сұрақтың өзінің ұстазынан келгенін біледі. Орнынан тұрып ұстазының алдына барады. Екеуара мынадай әңгіме жүреді:
– Сені мұнда айдап келген әлгі бір сұрақ болса керек. Осындай қарапайым сұраққа жауап бере алмаған кісінің фиқыһ ілімін үйретуге қалай батылы барды деп таңмын.
– Айыптымын, ұстаз. Бір ағаттықтың болғаны анық. Бұдан былай қайталанбайтынына сөз беремін. Енді маған жаңағы сұрақтың жауабын үйретіңізші?
– Бұл жерде мәселені бөліп қарастыру керек. Егер жумайтынын айтқаннан кейін жуып қойған болса, ақша алуға құқы жоқ. Себебі келісімі жалған болғандықтан, киімді өзі үшін жуған болады. Ал келіспей тұрып жуса, ақы талап етуге құқылы, – деп жауап береді.
Құдайберді БАҒАШАР