− Айнұр Әбдірәсілқызы, мұсылман жұртының мүбарак мерекесі − Мәулід айы құтты болсын! Айтыңызшы, сіз үшін бұл мерекенің орны қандай?
− Мен Мәулід айын рухани сұхбат және сырласу айы ретінде сезінемін. Әр күн сайын адамзаттың абзалы болған Пайғамбарымыздың дүниеге келген айын өткеріп жатқаныңды сезіну адамның болмысына ерекше жақын, етене бір сезімдерді сыйлайды, көмескіленіп бара жатқандарын қайта жаңғыртады, осы отыз күндік өміріңе өзіндік мағына дарытады. Адамның айтқысы келмейтін қимас сезімдері болады ғой, бұл айға қатысты менің сезімдерім де солай.
Қазақтың ең аяулы адамына, ең сүйікті нәрсесіне «дүниеде жоқ» деген теңеуді қолданатыны бар. Он жыл бойы жазылып, алдыңғы жылы аяқталған, бірақ әлі жарыққа шықпаған «Менің махаббатнамам» атты кітабымның алғысөзінде: «Менің басыма бұйырған үш бақ бар: дүниеде жоқ ұлтқа перзент болдым, дүниеде жоқ пайғамбарға үмбет болдым, дүниеде жоқ жанға ғашық болдым» деген жолдар бар еді. Сол дүниеде жоқ пайғамбарға үмбет болу бақытын мен осы айда көбірек сезінемін. Әрбір мұсылман бауырымыз секілді мен де осы айда Пайғамбарымызбен іштей сырласуды көбірек жүрегімнен өткеремін. Сондай сезімдер кезінде мынадай өлең жолдарын тудырған еді:
Уа, Пайғамбар!
Перзентімін мен де өзіңдей мұңлы елдің,
Қазақы мұң – қанымдағы бір белгім.
Сар далада сағынышпен селбесіп,
Мен өмірді сені аңсаумен сүргенмін…
Қайғылыға жалған болсын қайдан жар,
Жан шыдамас жазалы еткен жайды аңғар:
Көргенімше бір мұң едің көңілімде,
Көргеннен соң мың мұң болдың, Пайғамбар!
Болмысыңа бақ бұйырған биіктен,
Жанды түгіл, Жаратқанға сүйікті ең.
Ақыретті арман етем мен енді
Құтқарар деп сағыныштай күйіктен…
− Көптеген ресми қызметтегі, биліктегі азаматтарымыздан айрықша сіз «пайғамбарымыз» деген сөзді еркін қолданасыз. Себебі неде?
− Себебі − біз зайырлы мемлекет азаматтарымыз. Зайырлылықтың ең басты сипаттарының бірі – діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі. Адам ретінде, азамат ретінде менің де сенім бостандығына құқығым бар. Мен мұсылманмын, Алланың құлымын, Мұхаммед пайғамбардың үмбетімін. Менің сенімім – ол менің құндылығым, менің өмірімнің мәні. Өз өміріне қалауынша мән-мағына дарытуға әркім құқылы.
Ал «пайғамбарымыз» деген тәуелдік жалғаулы сөзге келсек, бұл сөз менің қолданысымда кенеттен пайда болды. Араб тілін ислам діні үшін игеруді бастаған сонау 1990-шы жылдардың бас кезінде мен үнемі ғылыми тұрғыдан қалыптасқан стильде «Мұхаммед пайғамбар» деген тіркесті қолданатынмын. «Пайғамбарымыз» деген сөз сол кезеңдегі діни әдебиеттерде там-тұмдап қолданыла бастағанымен, әлі құлаққа тосындау естілетін. Бір күні кезекті құрантанулық ізденістер үстінде маған аяқ астынан мынадай ой келді: «Менің «Мұхаммед пайғамбар» деген сөзімнің «Иса пайғамбар» немесе «Мұса пайғамбар» дегенімнен қандай айырмашылығы болды? Менің сол пайғамбардың үмбеті екенімді сездіретін, танытатын қандай мағына бар осы сөзімде?». Сол ой сол сәтте сананы жарып өтіп, түйсікке бір-ақ жетсе керек, мен сол күннен бастап өз-өзімнен «пайғамбарымыз» деген теңеуді қолданатын болдым. Әрине, ресми орындарда, ғылыми қолданыста әлі де «Мұхаммед пайғамбар» деген тіркесті қолдануға тура келеді, дегенмен одан жүрекке орныққан теңеуге сызат түспесі айқын.
− Әсерлі әңгімеден кейін назарымызды ресми мәліметтерге аударсақ. Күні кеше Франциядағы «Шарли эбдо» журналының редакциясына жасалған лаңкестік әрекет дүниені дүр сілкіндірді. Сарапшы ретінде бұған қандай баға бересіз?
− Болған іске бағаны әркім береді, ал шынайы сарапшының болатын іске болжам жасағаны көбірек жөн секілді. Бұл лаңкестік әрекеттің бағасын бірқатар сарапшылар беріп те үлгерді. Оқиғаның «Шарли эбдо» журналында Ислам мемлекетінің басшысы саналып жүрген Абу Бакр әл-Бағдадидің карикатурасы жарияланысымен орын алғаны әлемге аян болды. Сондықтан лаңкестік әрекетті ешбір ұйым мойнына ала қоймай, әзірге жеке тұлғалар ғана күдікті ретінде құрықталып отырса да, оның артында сол «Ислам мемлекеті» ұйымының тұрғанын болжап отырғандар жетерлік.
Мен назарды мәселенің басқа қырларына аударғым келер еді. Болжам атаулыны былай қойғанда, кез келген уақытта ұйымдасқан лаңкестік әрекетті жүзеге асыруға дайын қауіпті күштердің әлемнің әр түкпірінде қалыптасып үлгергені алаңдатарлық емес, уайымдатарлық жайт. Бұл − жаһанданудың қайтарымсыз үдерісінің салдары болып табылатын ашық ақпарат кеңістігінің ащы жемістерінің бірі. Өкінішке орай, өркениетті даму сатысына өткен шағында адамзат осындай қауіппен өмір сүруге мәжбүр болып отыр.
Болуы мүмкін жайттарға келсек, бұл қайғылы оқиға әлемдік қауымдастықты лаңкестіктің алдын алу шараларында күш біріктіруге жұмыла түсуге, пәрменді тетіктер қалыптастыруға әсер ететіні айқын. Ұлттар мен мемлекеттердің өзін өзі сақтау инстинкті мен қалыптасқан қауіпсіздік институттары еріксіз осыған алып келеді.
Бірақ екінші жағынан «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп атам қазақ айтпақшы, бұл оқиға түсінігі біржақты тұлғалар санасында исламофобияны өршітуге тағы да себеп болатынын жасыруға болмайды. Оған мүдделі күштердің жан сала кірісетіні де айқын.
Біз қанша жерден «лаңкестік дінге жат» деп жар салып жатқанымызбен, сол Франциядағы мешіт имамдары лаңкестік құрбандарына қайғыра көңіл айтып, лаңкестікті қатаң айыптап отырғанымен, ақпарат кеңістігінде исламофобияны қоздыруға себеп болатын ақпараттардың көптігі белгілі бір дәрежеде өз салдарын тудырады. Ал исламға деген жеккөрінішті көзқарас өз кезегінде қарапайым мұсылмандардың да ашу-ызасы мен наразылығына себеп болуы ықтимал.
− Дәстүрлі сұрақ: Не істеу керек?
– Лаңкестікке қарсы күрестің басты бағыттарының бірі азаматтарды исламофобияға жетелейтін орынсыз айыптауларға толы жағымсыз ақпараттардан арашалау, осы тектес мәліметтерден мүмкіндігінше ақпарат кеңістігін тазарту болуға тиіс. Сонымен бір мезгілде діннің шынайы болмысын, реттеушілік функциясын терең түсіндіретін жан жақты, мазмұнды мәліметтерді көптеп жариялау қарқынды түрде жүргізілуге тиіс. Қазақтың «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» дейтіні осы.
Ал экстремистік және террористік мазмұндағы мәліметтер мен ғаламтор ресурстарына тосқауыл қою ісін одан әрі жандандыру, жеделдету қажеттігі – басы ашық мәселелердің бірі. Тек Елбасымыз орынды ескерткен «лаңкестікпен күрестің дінмен күреске айналып кетпеуін» ерекше қадағалаған маңызды. Себебі, қаласақ та, қаламасақ та рух саулығынан гөрі бас амандығын көбірек ойлау адамзат қоғамына тән сезік, қазірдің өзінде «дінге сенудің қажеті бар ма өзі?» деп, сенім мәселесіне тек қауіпсіздік тұрғысынан ғана қарайтын көзқарастардың да аз айтылып жүрмегенін ескерген жөн. Бұл да өз кезегінде шектеулі көзқарас болып табылады, ал шектелушілік белең алған жерде даму тежеледі. Сонымен қатар шектеулі көзқарастар қашанда қарсы пікір мен наразылықтың туындауына себеп болып табылады.
− Сөзіңіз аузыңызда, таяуда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сіз «діни экстремизм» және «діни терроризм» терминдеріне қатысты оқшау пікір айтқан едіңіз. Сол пікіріңізді тарата айтатын орайлы сәт келген тәрізді…
− Ол ойды былайша өрбітуге болады: Біз әдетте «Шетін көзқарас дінге жат», «Дінде экстремизм де, терроризм де жоқ» дегенді үнемі айтамыз. Осы бағытта мемлекет тарапынан сансыз көп ақпараттық ағарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Оған дәстүрлі діндер өкілдері де лайықты дәрежеде үн қосып отыр. Сөйте тұра біз «діни экстремизм» және «діни терроризм» деген тіркестерді ойланбай қосақтап қолданудамыз.
Мемлекет азаматтарын қайшылықты ұғымдар мен көзқарастардан арашалау, қоғамдық пікірді дұрыс қалыптастыру үшін кезең-кезеңімен күрделі ұғымдарды қайта қарап отыру қажет. Осы орайда бірінші кезекте «діни экстремизм» және «діни терроризм» ұғымдарын қайта қарап, лайықты анықтамасын қалыптастыруымыз қажет сияқты. Шетін көзқарастарды дінге өз қолымызбен жақындатып, дін атын жамылған құбылыстарды «діни» деп танығаннан ұтарымыз жоқ, ұтыларымыз көп болмақ.
Дінге ықылас уақыт өткен сайын күшейе түспек – өйткені ол адам болмысында бар қажеттілік әрі қасиет. Дін мәселесін дінді сезіне отырып қана шешуге болады. Дін – қоғамдық сана негіздерінің бірі, адам өміріне мағына мен руханилық дарытушы күш, рухани мәдениет феномені, адамзат болмысының айнымас қажеттілігі, ажырамас бөлшегі, табиғи болмысы ретінде толық мойындалғанда ғана оған қатысты стереотиптер мен әдістер өз-өзінен өзгереді; жанды, қоғаммен байланысы бар, рухтандырушы және руханиландырушы әдістемеге айналады. Осындай жағдай қалыптасқанда радикализацияға тірек болатын құбылыстар еріксіз күшін жояды.
− Франция оқиғасына қайта оралсақ. Қоғамдық пікір бұл лаңкестік әрекетті сөз бостандығына жасалған шабуыл ретінде бағалауға көбірек ойысатын тәрізді. Сіз қалай ойлайсыз?
− Қоғамдық пікір үнемі ең әділ пікір бола бермейді. Себебі ол көп жағдайда қолдан жасалады. Кейде оқиғаның қисыны белгілі бір көзқарастарға алып келеді, кейде базбіреулер кез келген оқиғаны өз саясатына тиімді пайдаланып, пікір қалыптастыра қояды.
Иә, «Шарли Эбдо» журналының редакциясына жасалған лаңкестік әрекет – ақтауға келмейтін қантөгіс, дін тұрғысынан алғанда − күнә, заң тұрғысынан алғанда − қылмыс, ол − анық. Журналдың қайғылы оқиғаға себеп болған «Ислам мемлекеті» басшысының карикатурасын жариялауын орынсыз деуге болмайды. Себебі лаңкестік – адамзатқа қарсы қылмыс, оны кез келген саналы, ұжданды адамның айыптауға құқығы бар.
Бірақ… Дүние − себептер әлемі. Әр оқиға бір себептен ғана тұрмайды. Наразылық жылдар бойы қалыптасады да, бір күні шегіне жетеді. Оны сол уақыт ішінде ширықтырып келген мүдделі топтар осы үдерісті тиімді пайдаланып, өз мақсатына жеге қояды.
Бұл оқиғада да сол сценарий қайталанды. «Шарли Эбдо» − сатиралық журнал, бірақ сатира садағына ілінетін нәрселер де, оның нысанына жатпайтын жайттар да болады. Оны мемлекеттің заңнамалары мен идеологиялық бағдары айқындайды. Соның ішінде қастерлі саналатын құндылықтардың қай қоғамда да орны бөлек. Өзінің сөз бостандығын пайдалану – өзгелердің сенім бостандығына нұқсан келтіруге жол беру деген сөз емес.
Осы жерде мынадай қайшылықты сауал туындайды: Неге азаматтарының үлкен бөлігін мұсылман халқы құрайтын, ислам дінін ұстанған ұлттарының табиғи өсімі жоғары деңгейге жетіп, тіпті демографиялық тұрғыдан алаңдаушылық тудырып отырған Франция 2006 жылы «Шарли Эбдо» журналында күллі мұсылман қауымының қастерлі тұлғасы – Мұхаммед пайғамбардың 12 бірдей карикатурасының дат басылымынан көшіріп жариялануына жол берді? 2011, 2012, 2013 жылдары бірнеше дүркін Мұхаммед пайғамбардың жаңа карикатураларын тұрақты түрде жариялаған басылымға зайырлылықтың отаны саналатын Франция үкіметі неге тоқтау салмады? Зайырлылықтың қастерлі қағидаты саналатын «діни сенім бостандығы» ұғымының аясына азаматтардың діни сенімдерін қастерлеу, олардың діни тұрғыдан кемсітілуіне жол бермеу, діни сезімдерін қорламау кіретіні лаицизмнің қара шаңырағы − Францияға беймәлім бе еді? Әлде француз журналистері зайырлы мемлекет құру мақсатына қызмет ететін лаицистік идеяларды атеизммен біржола шатастырып алды ма? Сол оқиғаларды күллі мұсылман жұртының күңірене қабылдағаны, наразылық шерулері мен қарсылық әрекеттерін ұйымдастырғаны неге француз билігін елең еткізбеді?
Енді сарапшы емес, жеке тұлға ретінде сол оқиғалардың алғашқысын кезінде қалай қабылдағанымды тілім жетсе, айтып көрейін. Мұхаммед пайғамбардың карикатурасы 2006 жылдың басында Данияда жарияланғаны бүгінде баршаға белгілі. Осы оқиғаны алғаш теледидардан берілген жаңалықтардан естігенімде, қазақтың қара өлеңінде айтылатын «орнымнан үш ұмтылып тұра алмадым» деген хәлдің қандай болатынын басымнан өткердім. Өлеңнің ар алдында тізерлеп тұрып жазылатынына да сол күні көзім жетті. Сырттағы сөз − іштегі сезімнің өзі емес, сәулесі ғана, усойқы сезімнің бар күшін жеткізуге қара сөздің дәрмені жетпейді. Дегенмен сол сәтте «Ар алдында» деп аталатын мына өлең туындаған еді:
Қорланып қасиеттім,
Қайратым қайраңдады.
Жер болды жасын-екпін,
Ақырдың пайғамбары!
Табылмай арашаң бір,
Тұлдырдай тайған бағы
Алдыңда аласардым,
Ақырдың пайғамбары…
Мойынсал момын елің
Серті үшін сайланбады…
Қоғамның қоры ма едім,
Ақырдың пайғамбары?!
Көңілге күн де – түнек,
Ойымның ойран бәрі.
…Үкім айт үмбетіңе,
Ақырдың пайғамбары!!!
Иә, сол сәтте мен адамзаттың асылы болған ардақты Пайғамбарына араша түсе алмаған мұсылман үмбетін – өзімді, өзімізді кез келген үкімге лайық деп білдім. Осындай сезімдерді мың-мыңдаған мұсылманның бастан кешкені анық. Ал «жығылған үстіне жұдырық» дегендей, ол карикатураны Францияда көшіріп басқанда Мұхаммед пайғамбар үмбетінің қандай күй кешкені айтпаса да түсінікті.
Осындай орны толмас олқылықтарға жол бермес үшін мен журналистер қауымын дін мәселесіне аса сақ болуға шақырар едім. Болмыстан биік тұратын, жанқиярлыққа жетелейтін санаулы ғана құндылықтар бар. Соның бірі әрі бірегейі – дін. Ол ойынды көтермейді. Ол – өмір, жан, рух мәселесі.
Ал Франциядағы жағдайда, қайталап айтамын, лаңкестік қылмыстың ешбір ақтауы жоқ. Дегенмен орынды-орынсыз қоғамның шамына тиіп, отқа май құятын, өркениетті үмбеттің өнегелі пайғамбарын қайта-қайта келемеж ететін жоғарыдағыдай әрекеттерден аулақ болған жөн. Сонда дін атын жамылған содырлардың сойқанын «сөз бостандығына жасалған шабуыл» деп өз айыптарын бүркемелеуге тырысудың қажеті болмайтыны анық.
– 2015 жыл Қазақстан халқы ассамблеясының жылы болып жарияланды. Таяу тарихқа көз жүгіртсек, көп этникалы Қазақстан жағдайында дін саласындағы заңнаманы әзірлеп, жүзеге асырудың өзіндік ерекшеліктері болғаны айқын. Осы орайда қандай негізгі қағидаттар басшылыққа алынды?
– Мемлекеттік дін саясатының негізгі қағидалары мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі, ешбiр дiннің мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейтіні және барлық діни бірлестіктердің заң алдында теңдігі болып табылатыны белгілі. Бұл жерде ұлтқа немесе дінге қатысты қандай да бір ерекшелік те, артықшылық та көзделмеген.
Дегенмен көп этникалы және көп конфессиялы Қазақстан жағдайында дін саясатына қатысты назарда ұстайтын бір мәселе бар. Көп этникалылық және содан туындаған көп конфессиялылық – біздің таңдауымыз емес, тағдырымыз. Тарихи үдерістер салдарынан қазақ жеріне көптеген этностар өкілдерінің қоныстануы біздің тағдырымызды солармен ортақтастырды. Сыңаржақ саясаттан туындаған сын-тегеуріндерді еңсере отырып, сан ұлысты саясына сыйғызған қазақ ұлтының арқасында біз бүгінде біртұтас Қазақстан халқына айналдық. Бүгінде мәдени байлығымызды молайтып, мақтанышымызға айналған сол этностардың тағдыр-талайы ғана емес, наным-сенімі де бізге аманат болып отыр. Сан ұлыстың сенімін түгел ескеріп жасалғандықтан біздің заңдарымыз жұмсақ, ережелеріміз ескертуге толы болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде біз дін туралы заңнамамызды саналы да сауатты етіп қалыптастыруға, ешкімнің мүддесіне нұқсан келтірмеуге әрі ешкімнің заң талаптарын бұзуына жол бермеуге күш салдық.
– Ал заңның преамбуласындағы ханафи бағытындағы ислам мен православиенің тарихи рөлі танылатыны жөніндегі түсінікке келсек…
– Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Себебі дін – тек сенімдік ұғым емес, ол – рухани мәдениет феномені, халықтың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы. Осы орайда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз болған, оның құралуы мен сақталуы үшін ғасырлар бойы қаны мен терін төккен, рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырған қазақ ұлтының дәстүрлі дінінің заңнамада айшықталуы ешбір азаматтық қоғам қағидаларына қайшы келмейді. Сондықтан біз заңнамаға ел мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның тарихи рөлі танылатыны жөніндегі түсінікті енгіздік. Біздің жағдайымызда ислам тек қазақтардың ғана емес, Қазақстан жеріндегі көптеген этностардың ата діні болуымен де маңызды.
Сонымен қатар соңғы үш ғасырлық тарихы бізбен ортақ христиан дініндегі бірқатар этностардың сенімдік бағыты – православие де Қазақстан халқының елеулі бөлігі ұстанатын дәстүрлі дінге айналып үлгергені – бүгінгі күннің шындығы. Бұл шындық та заңнамада лайықты көрінісін тапты.
– Атаулы жыл қарсаңындаҚазақстан халқы ассамблеясымен ортақ шаралар жүргізу жоспарда бар болар?
– Міндетті түрде, өйткені этноконфессиялық мәселелер – тұжырымдамалық деңгейде қарастырылатын және қоғам тарапынан кеңінен талқыланатын дәрежедегі маңызды мәселелердің бірі. Жыл ерекшелігіне орайластырылған бір ғана шараны атап өтсек, біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жоспарына Қазақстан халқы ассамблеясы құрамындағы этномәдени бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, теріс пиғылды ағымдар идеологиясының алдын алу мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. Бұл шара этноконфессиялық қатынастар мәселесінде бұған дейін жинақталған тәжірибені қорытындылайтын, жаңа зерттеу бағыттары мен атқарылатын жұмыстарды айқындайтын нәтижелі басқосу болады деген сенімдеміз. Бұдан өзге де көптеген шаралар жыл бойы жалғасын табары анық.
– Әңгімеңізге рахмет! Қызметіңізге жеміс тілейміз!
E-islam.kz