Жаңалықтар

«Мектепке жол» акциясына мешіттер де үлес қосуда

Елімізде дәстүрге айналған «Мектепке жол» атты қайырымдылық шарасына мешіттер де ат салысуда. Бұл жөнінде газет тілшісіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласындағы өкілі, «Нұр-Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов әңгімелеп берді. 

– Наурызбай Тағанұлы, Ислам дінінің қайырымдылық істерді құптайтыны белгілі. Осы орайда, астаналық қалталы азаматтар арасындағы ізгілікке құштарлық танытатындар жөнінде айта кетсеңіз.

– Саф алтындай тазалық пен мейірімділікке, жұмсақтық пен кешірімшілдікке үндейтін асыл дініміз ата дәстүрімізбен үйлесім тауып, тамырын тарих қатпарынан тартып келеді. Бір Алланың разылығы үшін сауапты істерге ат салысып, қайырымдылық шараларына мұрындық болып жүрген азаматтар ел ішінде баршылық. Бұл да болса асыл дініміздің көкжиегінің кеңеюі, шаңырағының биіктеуі деп білеміз.

Ақ пен қара алмасқан қым-қуыт тіршілікте тағдырдың сан қилы сынақтары мен қиыншылықтарына тап болған қандас, елдес, отандастарымыз, ағайын-туғандарымыз мешітімізге келіп жатады. Баршасының мұң-мұқтажына мешіт қызметкерлері бейжай қарамай, қолда бар мүмкіндіктерімен аянбай қол ұшын созуда. Баса айта кетерлігі, осы істе жұмыла кірісіп, атсалысып келе жатқан кәсіп дөңгелеткен азаматтардың үлкен септігі тиюде. Алайда, олардың көпшілігі есімдерін жария етпеуді қалайды. Сондай азаматтарымызға Алла екі дүниенің бақытын берсін, отбасыларына амандық-саулық жазсын деп сұраймыз Жаратқаннан.

– Қазір еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде Астана қаласында кезекті оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды. Бұл игі шараға елордалық мешіттердің жамағаттары қаншалықты үлес қосуда?

– Ағымдағы тамыз айы – мектеп маусымына дайындық айы. Ата-аналар балаларына мектепке қажетті оқу құралдары мен керек-жарақ, киім-кешектерін әзірлеуге көшуде. Осы маусымда көштен кейіндеу қалатын отбасылар да болатыны жасырын емес. Қай ата-ана баласынан барын аяп қалар дейсіз. Осы ретте жапырақ жүрек жеткіншектерге қуаныш сыйлап, көңілдеріне демеу болу да – мұсылмандығымыздың белгісі.

Астанадағы Әзірет Сұлтан, «Нұр-Астана» және Сәдуақас Ғылмани мешіттері мектеп балаларына қажетті киім-кешек, оқу формаларын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестіру мақсатында сіз айтқан қайырымдылық акциясына бір кісідей үлес қосуда. Жақсылықта жарысамын, көпшілікке көмегім тисін деген, сауабын бір Алладан күткен кісілердің әлі де қайырлы іске қатысуларына мүмкіндік бар. 

– Дұрыс-ақ, шара барысында көмекке мұқтаж қанша отбасыны қамтамасыз етпексіздер?

– Ең алдымен Астана мешіттерінің бұл игі шараны бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқанын айтқым келеді. Ал енді акция аясында Әзірет Сұлтан мешіті үш жүз бүлдіршінді, «Нұр-Астана» орталық мешіті екі жүз елу баланы, Сәдуақас Ғылмани мешіті жүзден астам оқушыны керек-жарақтарымен, оқу құралдарымен қамтымақ. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Асхат Райқұл

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close