Жаңалықтар

Бас мүфти Ақтөбеде ауызашар берді (ФОТО)

Ақтөбе өкілдігі Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің атынан ауызашар дастарханын жайды. Оған ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Бауыржан қажы Есмахан арнайы қатысты.

Сондай-ақ, ауызашарға жергілікті мекеме, ұйым басшылары мен қызметкерлері, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, С.Бәйішев атындағы университеттің ректорлары, профессорлары, мешіт имамдары, алқа мүшелері және ақсақалдар, кәсіпкер азаматтар, Т.Ахтанов атындағы драма театры қызметкерлері және БАҚ өкілдері шақырылды.

Алғашқы боп сөз сөйлеген наиб мүфти Бауыржан қажы Әбдірашұлы ақтөбеліктерге Бас мүфтидің ыстық ықыласын жеткізді:

—  Баршаңызды Бас мүфтидің атынан Рамазан айымен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шарапатты айдың шуағы шашылсын дегім келеді. Елбасының қатысуымен зердесі кесіліп, «Ғасыр құрылысы» атанған осынау мешітте қасиетті айда сіздермен қайта қауышып отырғаныма қуаныштымын. Бүгінде бес парызымызға бекем болып, ауызбіршілігіміз бүтін, дәмі мол дастархан басында кездесуіміз – тыныштық нығметінің арқасында. Сондай-ақ, діни басқарманың елдегі діни тұрақтылықты сақтау, мұсылман жамағатын бірлікке ұйыстыру, жамағаттың діни сауатталығын арттыру бағытында жасап жатқан қызметі де орасан. Жыл басында Елордада өткен Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы соған дәлел. 20-ға жуық елдің дін басылары, өзге де шетел делегаттары қатысқан келелі кеңесте мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін арттыру, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру секілді өзекті мәселелелер талқыланды. Бейбіт күніміз баянды шақта осы секілді игі бастамаларды жүзеге асырып, ел игілігіне қызмет ете беруімізге Алла бәрімізге күш-қуат бергей, — деп наиб мүфти Бауыржан қажы Есмахан сөзін түйіндеді.

Шара барысында наиб мүфти «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ерлерге арналған тоғыз айлық сауат ашу курсын үздік тәмамадаған 30 шәкіртке сертификаттар табыстады. Жалпы биыл мешіттегі тоғыз айлық сауат ашу курсының бағдарламасын 160 ер, 100 әйел шәкірт меңгерген болатын. Соның ішінде, сабаққа тұрақты қатысып, емтиханда жақсы нәтиже көрсеткендер ғана марапатқа лайық деп танылды. Діни сауатты жастарда ғана жат идеологияға төтеп бере алатын берік иммунитет қалыптасатындығын айтқан наиб мүфти Бауыржан Есмахан сауат ашу курстары жұмысының деструктивті діни ағымдармен күрестегі рөлін айрықша атап өтті.

Осы ретте, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің ректоры Бауыржан Амангелдіұлы руханияты толысқан, иманды жас ұрпақтың саны артып келе жатқандығына ерекше толқынысын білдірді:

—  Университетіміздің студенттері арасында ораза тұтып, имандылық жолына бет бұрушы жастар жылдан-жылға артып келе жатыр. Биыл мұндай студенттеріміздің саны 3000-ға жетті., Бүгін ғана наиб мүфти қолынан марапат алғандардың арасында біздің де университетіміздің студенттері бар. Олардың діни сауатын басқа жерден емес, мешіттен ашуы, имамдардан сабақ алуы өте орынды, — деді ол.

Дәм басында тағылымды әңгімелермен бірге қазақы дәстүрімізге сай терме айтылып, қастерлі қара домбырада күй орындалды. Құран аяттары оқылып, жасы үлкендер қол жайып, бата берді.

Show More

Басқа жаңалықтар

Close