Жаңалықтар

20 жылдыққа арналған фестиваль өтті

ҚР Республикасының Қоғамдық даму министрлігінің Жастар саясаты департаменті республикалық жастар ұйымдарымен бірлесіп,  елордадағы Арбатта Астананың 20-жылдығына арналған «Жан жүрегім —  Астана!» атты жастар шығармашылық фестивалін өткізді.

Фестиваль аясында жастардың ұйымдастыруымен өткен автомобильдік флешмобтың бейнеролигі көрсетіліп, белгілі шахматшы Дармен Садуақасовтың өнері көпшіліктің назарына ұсынылды. Елордалық Арбатта жастар арасында ұлттық күйлерімізді виртуозды түрде ойнау, би өнері мен гитарада танымал әндерді орындау бойынша түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Астананың20 жылдығына арналған қолөнершілер бұйымдарының көрмесі өтті.

Іс-шараға ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев және Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Аталған бастамаға отандық эстрада жұлдыздары қолдау көрсетіп, фестивальдың концерттік бағдарламасына қатысты. Елорда тұрғындары мен қонақтары алдында Қыдырәлі Болманов, Қаракат Әбілдина, Ринат Мальцагов, Қанат Үмбетов, ағайынды Жүгінісовтер өнер көрсетті.

Бұдан бөлек, жастар ұйымдарының өкілдері мен іс-шараға келген қала тұрғындары караоке арқылы Астана туралы көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндерін орындады.

«Бүгінгі шара байқау немесе жарыс түрінде емес, фестиваль ретінде өтіп жатыр. Кез-келген қала тұрғыны біздің шарамызға қатысып, Астана туралы әндерін айта алады.  Фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарына ұнап жатса дәстүрлі түрде өткізуге тырысамыз. Бүгінгі шараға 10-нан астам республикалық жастар ұйымдары қатысуда. Олардың ішінде Қазақстанның жастар Конгресі, Жасыл ел және Жас Ұлан ұйымдары бар» — деп атап өтті ҚР Қоғамдық даму министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры  Асхат Оралов.

Фестиваль соңында елордалық «Арбат» аумағында Open Air концерті өтіп, жиналғандардың назарына әуе шарлары ұшырылып, қатысушыларға тегін балмұздақ таратылды.

Аталған іс-шараның мақсаты – жастардың азаматтық және шығармашылық белсенділігін арттыру болып табылады. 20 жыл ішінде елорда жастардың қаласына айналғаны баршамызға мәлім. Бүгінде Астанада талантты жастардың қолдауымен қаржылық тұрғыда  шығындалмай, ауқымды мерекелік іс-шараларды өткізу үшін барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалған. Бүгінгі «Жан жүрегім — Астана!» жастар шығармашылық фестивалінің қаржылық шығынсыз өткізілуі осыған дәлел.

Фестиваль республикалық жастар ұйымдарының бастамасы бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда  «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ, «Жасыл Ел» және «Жас Ұлан» ұйымдары, «Қазақстанның КВН Одағы» РЖҚБ, «Ұлттық Дельфий Комитеті» ҚҚ, «Қазақстан студенттерінің Альянсы»,  ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы қолдау көрсетті.

 

Show More

Басқа жаңалықтар

Close