Қазақстандағы Ислам

18-19 ғғ. Исламның дамуы және қажылық. Қазақстан.

Патшалық Ресейдің Қазақстанда мұсылман дініне жүргізген саясатын зерттеу қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Хан әулеттерінің мұсылман дінін басты ұстанымда негіздеуімен, мектеп-медресе, мешіт салдыруымен, мұсылман дінінің бес парызының бірі «қажылық» парыздарын ұйымдастыруымен көрініс табады.

1789 жылы 4 желтоқсанда  Уфадағы мүфтиліктің ашылу салтанатын  бас мүфти М.Хұсейінов мұсылмандарды патшайым ІІ Екатеринаға адал болуға шақырудан бастады. ІІ Екатерина патшайым  дін уағыздау, жалпы идеологияны өз қолдарына алып, Кіші жүзге мешіт пен мектепке өздеріне сенімді адамдарды ғана жіберіп, оларды бақылауға, уысында ұстауға күш салды. Бұл молдалар тарихта «указный молдалар» деген атаумен қалды[1].Ал, мешіт салу, молда жіберу, орналастыру губернатордың билігінде болған[2]. Мұсылман діні мектептерде, медреселерде оқытылып, мешіт салу, қажылыққа бару өз деңгейінде дамымасада, бірізділікпен жолға қойылып отырды. Алғаш рет Қазақстан тарихында ахундар хандықта басты рухани тұлға ретінде лауазымдылығына бекітіліп, және оған қоса хандықта рухани қазылар міндетін атқарған. Хандықта дін басылары ханның жанында отырып, оның қолдауына сүйенген. Хан өз ойларын жүзеге асыру үшін мұсылмандық жаңа үлгідегі бастауыш ауыл мектептері мен медреселерді салған. Қазақтар ішінен ислам діни қызметшілері тобы ұйымдастырылып пайда болғанын зерттеуші А. Алекторов көрсеткен[3].

Енді ислам дінінің мектеп-медреселерде қолдау табуына тоқталсақ. 1841 жылдың ақырына дейін қазақ балалары білімді тек исламдық мектептерден  меңгерді. Оқу ісінде көбінесе ислам мектебі, оқуы әркімнің үйінде, не ауылында болған[4]. Ислам мектептерінің оқушылары шын мәнінде татар сауаттылығына қарағанда анағұрлым үлкен дәрежеде дамиды. Мектептегі оқуды молдалар мемлекеттің қолдауымен жүргізеді. Бұл мектептердің бағдарламасы күрделі емес, оқу және жазу татарша, кейбір жатталатын мәтіндер Құраннан және намаз оқу тәртібінен еді. Мектептер ата-аналар және қоғамның қорынан өмір сүрген. 1868 жылға дейін, яғни, әкімшілік реформасына дейін жалғыз орыс-қазақ мектебінен басқа хан ставкасында тек ислам мектептері мен медреселер болды. Ислам мектептерінде орыс және орыс-түзем мектептеріне қарағанда шәкірттердің көп ескеруіміз қажет. Бірақ мектептің өмір сүруі тұрақсыз болды. Көптеген мәселе тұрғындардың материалдық жағдайына, діни қызметкерлердің жеке басына, географиялық және табиғи факторларға байланысты еді. Патша үкіметінің шоқындыру саясатының ықпалымен исламдық мектептер мен медреселер кеми түсті[5].

1870жылы 26-наурызда жоғарыдан бекітілген тәртіпке байланысты ұлт мектептерінде міндетті түрде орыс тілін оқытуды енгізудің керектігі айтылды. Бұ бағытқа молдалар сенімсіздікпен қараған болатын. Оларға әсер ету үшін Орынбор мүфтиі молдаларға өз мектептерінде орыс тілін енгізуге келісім беретіндігі туралы циркулярлық қаулы жібереді. Барлық ислам мектептері және медреселер, сонымен бірге үйде  және жеке оқытумен айналысатындар 1874 жылы 20-қарашадағы Мемлекеттік Кеңестің пікіріне байланысты Халық Ағарту Министрлігінің оқу басқармасына бағындырылған[6]. Алайда, патшалық Ресей өлкедегі мұсылмандық оқу орындарын түркі халықтарын біріктіруші саяси күш ретінде қарастырды және алғашқы Түркістан генерал-губернаторы К.П.фон-Кауфманның пікірінше, бұратана балалары мен орыс балаларының бөлек білім алулары келешекте империяның отаршылдық саясатына кедергі келтіретін-ді. Сол үшін кең тараған мұсылмандық оқу орындарын жойып, олармен күресу қажет болды[7]. Сөйтіп мектеп-медреселерді қысқартуға барынша күш жұмсай бастады. 1868 жылдан бастап мектепте білім беру орысша сауаттылыққа күш салынды[8]. Қазақ жерінде патша үкіметінің саясатына да өз деңгейінде қарсылықтар орын алып отырды[9].

Мұсылмандардың бес парыздарының бірі болып саналатын «қажылық» мәселесі де өзіндік жалғасын тапты. Қажылық – исламдық діни ағымның ең маңызды институттарының бірі. Сонымен бірге, аталмыш институт – ислам дінінің таралу ауқымы мен деңгейінің де ең басты көрсеткіші де. Оның территориясы, саяси-экономикасы, мәдениеті, тіпті тілі жағынан да әртүрлі мұсылман халықтарын рухани, идеологиялық біріктіруші әләуетті институционалдық құрылым болатындығы да сондықтан. Қажылық ежелден бері мұсылман елдерінің, олардың сан алуан нәсілдік, этникалық өзара айырмашылықтарына қарамастан, рухани және идеологиялық жақындасуының, тіпті кейбір саяси жағдайда бірігуінің аса тегеурінді факторларының біріне айналды.

Ресей патшасы ІІ Екатеринаның 1767-1773 жылдардағы басқа халықтардың дініне төзімділікпен қарау саясаты («О терпимости всех исповеданий») мұсылман халықтарының Ресей арқылы қажылыққа бару мүмкіндігін жеңілдеткенімен, патшалық әкімшіліктің одан кейінгі ислам дініне байланысты екіжүзділік саясаты нәтижесінде Бөкей Ордасында да мұсылмандардың қажылыққа бару барысы үкімет тарапынан әртүрлі кедергіге ұшырап отырады. Соған қарамастан, Бөкей ордасының  1862-1897 жылдар аралығында 500 жуық мұсылман қажылыққа аттанған.Осы тұста назар аударар жайт, аталмыш жылдар ішінде қажылыққа ден қойған адамдардың санының жылдық динамикасының синусоидасы құбылмалы болғанмен, ол қажылықтың қазақы ортадағы орнықты дәстүрге айнала бастағандығын көрсетеді(1862 -8, 1863 – 11, 1864 – 6, 1874 – 5, 1875 – 3, 1879 – 12, 1880-23, 1881-17, 1882-2, 1883-17, 1884-12, 1885-76, 1886-22, 1187-23, 1888-25, 1889-17, 1890-11). Ислам дінінің қағидасы бойынша қажылыққа кәмелетке толған, бас бостандығынан айырылмаған (құл немесе жалшы емес), есі дұрыс, денсаулығы бар және ең бастысы, қажылыққа қажет қаражатты өз еңбегімен тапқан адам ғана бара алады.  Ал қажылыққа бару үшін аталмыш уақытта әрбір адамға, кезінде қыруар қаражат (100-300 рубль) және қажылық паспорт алу үшін, маркаларымен, консульдық визамен қоса есептегенде 12,6 рубль қажет болды. Сондықтан да, қажылыққа негізінен ауқатты бай,би, сұлтандар және діни басшылардың ғана баруға мүмкіндігі болды[10].

ХІХ ғасырда ресей мұсылмандары қажылыққа үш жол торабы арқылы барды. Бірінші бағыт бойынша, жолаушылар Закавказе және Парсы елінің солтүстігіндегі Керменшах жері арқылы Түркиядағы Ханеяки қаласын басып өтіп, Бағдат бағыты бойынша киелі орындар Казмейну, Кербеля, Неджевке, одан әрі Арабия құмынан асып, Мекке мен Мединаға жол тартты. Ал, екінші бағыт бойынша – Кемемен Қара теңіз порттарының бірі  — Стамбұл-Александрия, одан құрлықпен Суэц қаласына, одан кеме арқылы Янбо мен Жиддаға одан Медине мен Меккеге сапар шекті. Үшінші бағыт бойынша – Бұқара немесе Самарқанд арқылы Мазари-Шәріп-Қабыл-Пешевар-Бомбейге тоқтап, одан әрі Үнді мұхитымен Жиддаға, немесе Янбоны басып өтіп, Мекке мен Мединаға аттанды.

ХІХ  ғасырдың екінші жартысынан бастап ресей әкімшілігінің қазақ даласында ислам дінін тарату саясатынан бас тартып, орыстандыру саясатына көшуіне байланысты және мұсылман халықтарының бірігуі мен татар халқының ықпалының күшеюінен сескенген ресей патшалығы 1868 жылға Орынбор Мұсылман Діни жиналысы құзырында болған қазақтардың діни мәселелерін, соның ішінде, қажылық ұйымдастыру ісін енді жергілікті әкімшіліктерге тапсырылған болатын [11].

 

Жарас Ахан

Тарих ғылымының магистрі

 

 

[1]Рүстемов С. Орынбор мүфтилігі  және қазақтар // Қазақ тарихы, -2004.  — № 4. — 82 б.

[2]Орынбор Орталық мелекеттік мұрағаты (бұдан әрі ОрОМА). 6 қ., 10 т., 864 іс.

[3]Зиманов С.  Общественный строй казахов первой половины ХІХ века и Букеевское ханство. Алматы «Арыс» баспасы, 2009. -52 с.

[4]Зиманов С.З. Россия и Букеевское ханство.- Алматы:Наука, 1982. – 141-192 с.

[5]Мұханбетжанова А. Бөкей Ордасындағы білім беру // Қазақ  тарихы,  -2004.№5.- 45 б.

[6]Рысбеков Т.З. Бөкей Орда тарихы. — Орал-2001.– 54 б.

[7]Егембердиев М. Патшалық Ресей және мұсылмандық оқу орындары (ХІХ ғ. ІІ жартысы – ХХ ғ. басы) // Қазақ тарихы, — 2005.№3.-19 б.

[8]Мұханбетжанова А. Бөкей Ордасындағы білім беру // Қазақ  тарихы,  -2004.№5.- 45 б.

[9]ОрОММ. 3 қ., 10 т., 6353 іс, 37 п.

[10]Мұхтарова Г.Р. Қазақстандағы ислам діні: қажылық (ХІХ-ХХ ғғ.) // Материалдар жинағы. – Алматы: Баспалар үйі, 2009. – 3-16 б б.

[11]Мұхтарова Г.Р. Қазақстандағы ислам діні: қажылық (ХІХ-ХХ ғғ.) // Материалдар жинағы. – Алматы: Баспалар үйі, 2009. – 252 б.

Show More

Басқа жаңалықтар

Close