Жаңалықтар

Қытай Қазақстанның тәжірибесіне қызығушылық танытты

Қытай тарапы Қазақстандағы дін саласын реттеу тәжірибесі  мен конфессияаралық келісім моделіне қызығушылық танытуда.

ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Б.Арын екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша Қытай Халық Республикасы Халықтық саяси консультативтік кеңесі жанындағы ұлттар мен дін істері жөніндегі Комиссия төрағасы Ван Вэйгуанмен кездескен еді.

Кездесу барысында Ван Вэйгуан  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында этносаралық қатынастарда үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін айтып, осының негізінде Қытай тарапы осы саладағы Қазақстанның тәжірибесіне, оның ішінде діни қызметті реттеу саласына  қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Кездесу барысында «бір белдеу, бір жол» бағдарламасының 5 жылдығы аясында тараптар  Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының негізгі бағыттары мен дін және этносаралық келісім саласындағы диалогты нығайту, атап айтқанда ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен ҚХР Дін істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасында ынтымақтастық жөнінде Меморандум бекіту туралы  пікір алмасты.

Тараптар Қазақстан мен Қытай арасында өзара түсіністік пен татулыққа негізделген  берік достық қарым-қатынас орнағанын атап өтті.

Өз кезегінде вице-министр Қытай делегациясына Министрліктің қызметі мен жаңа бағыттары туралы баяндап, түрлі этникалық топтар мен конфессиялар өкілдерінің арасында бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның табысты тәжірибесі, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, «Отандастар» қорын және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу жөніндегі бастамаларымен таныстырды.

Бұдан бөлек, Б.Арын Қытай тарапына  Астана дінаралық форумының жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, сондай-ақ,  осы жылдың 10-11 қазанында Қазақстанның астанасында өтетін VI діндер съезіне  ҚХР делегациясының қатысатындығына сенім білдірді.

Кездесу барысында Қазақстан мен ҚХР арасындағы «достық көпірі» болып табылатын ҚХР-дағы қазақ диаспорасының жағдайына қатысты мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Қазақстандық тарап Қытай басшылығына  Қытайда тұратын қазақ диаспорасына қолдау таныту және тарихи отанымен мәдени байланыстарды дамытуға одан әрі қолдау көрсетуге сенім білдірді.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар тұрақты конфессияаралық және этносаралық диалогты жалғастыруға, сондай-ақ мемлекеттік-діни қатынастар саласында кең көлемде тәжірибе алмасу мақсатында екі ел өкілдерінің жұмыс сапарларын ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.

Show More

Басқа жаңалықтар

Close