Сіз білесіз бе?

Қағбаны жыққанда, тастан қандай жазу шыққанын білесіз бе?

Пайғамбарымызға (с.а.у.) пайғамбарлық келместен бес жыл бұрын «құрайыштықтар» Қағбаны бұзып қайта қалау туралы шешімге келеді. Себебі, Меккенің екі тауының арасын суға толтырып тастаған алапат сел Қағбаның да қабырғаларының жігін ажыратып жіберген еді. Қағбаның дәл осы құрылысында Пайғамбарымызға (с.а.у.) қара тас үшін тайпалар арасында туындаған дауды шешіп, сол қара тасты өз қолымен орнына қою мәртебесі бұйырған болатын.

Қағбаны бұзудың өзі үлкен хикая еді. Себебі, «Алланың үйі» деп білетін құрайыштықтардың Қағбаны қиратуға жүректері дауаламады. Ақырында қирату ісін төрінен көрі жақын Уәлид бин Муғира өз мойнына алды. «Араларыңдағы ең кәрілерің – менмін. Не келсе де, менің басыма келсін. Онсыз да асарымды асап, жасарымды жасадым. Ажалым да есігімді қағып тұр», – деп, білегін сыбанып, Қағбаның үстіне шығып кетті. Сөйтіп бір тасты ала бергенінде аяғының астындағы тас бір сілкінді. Уәлид бин Муғира да: «Уа, Аллаһ! Біз сенің дініңнен шыққан адасушы емеспіз. Біздің үйіңді оңдаудан, жақсылық қылудан басқа мақсатымыз жоқ», – деп, әрі қарай бір-бір тастан ақшамға дейін сөгіп ала бастады.

Сол күні Қағбаның қирату ісіне Уәлид бин Муғирадан басқа ешкім жоламады. Барлығы сырттай бақылап тұрды. Кешкісін халық: «Таң атқанша күтейік. Уәлид түннен аман-есен шықса, демек, Аллаһ Тағала разы болғаны деп білеміз де іске кірісеміз. Егер Уәлид түннен аман шықпай, басына бір бәле келсе, онда Қағбадан ешбір тас алмаймыз, алғанымызды да қайта орнына қоямыз», – деп тарқасты.

Таңертең халық Уәлид бин Муғираның аман-сау оянғанын көреді де, бұл істің арты қайырлы болады екен деп, бәрі Қағбаны қирату ісіне кірісіп кетті. Тура іргетасына келгенде бір-бірімен біте қайнасып кеткен шөккен түйедей ірі жасыл тастарға кезікті. Отыз кісі жабылса да орнынан қозғалта алмайтындай ауыр еді. Араларында біреу қолындағы қайласын тастың жігіне сұғып, қозғалпақ боп еді, тастың шамалы қозғалғанымен қоса, Мекке де сілкініп қоя берді. Артынша да жарқ етіп найзағай соқты. Халық дереу іргетасына тимеу керек екенін ұға қойды. Келген жерлерінде тоқтап, Қағбаны сол іргетастардың үстінен қалау керектігін түсінді.

Құрайыштықтар Қағбаның тастарын алу барысында үстінде жазуы бар бірнеше тасқа кезігеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмір тарихын жазушы алғашқы ғалымдардың бірі болған Ибн Ысқақтың риуаятында Рүкүндегі тастан табылған жазудың ассирия тілінде болғаны әрі құрайыштықтар оны бір яһудиді әкеліп оқытқанға дейін түсінбегендері айтылады. Әуелі халық Йеменнен келген яһуди ғалымынан жазуды оқып, не жазылғанын ешбір өтірік араластырмастан айтып беретіндігіне қатысты серт алады. Сөйтіп, яһуди тастағы жазуды оқиды. Онда:

«Мен Беккенің (Мекке) Иесі болған Алламын!

Оны көктер мен жерді жаратқан, Күн мен Айға пішін берген күні жараттым!

Оны күнәсіз жеті періштемен қорғаттым.

Меккенің екі тауы орнынан жойылмайынша ол да жойылмайды!

Бекке (Мекке) халқына су мен сүтті берекелі қылдым!» – делінген екен (Ибн Ысқақ, Ибн Хишам, «Сира»).

Келесі бір риуаятта Хижрде көмілген тастан:

«Бұл аймақтың халқына су мен сүтте берекет бар. Меккенің екі тауы жойылмайынша бұл берекет те жойылмақ емес!» – деген жазу шыққан (Әзрақи, «Абхару Мәккә»).

Құрайыштықтар Қағбаны қиртып, қайта қалап жатқанда «Ибраһим мақамынан» үш жүзі бар бір тас тапқан екен. Тастың бір бетінде:

«Мен Беккенің (Мекке) Иесі болған Алламын! Күн мен Айды жаратқан күні оны да жараттым. Сосын жеті періштемен қоршадым. Оның халқына ет пен сүтті берекелі еттім», – деген жазу шығады.

Ал тастың екінші бетінде:

«Мен Беккенің (Мекке) Иесі болған Алламын! Туысқандық қарым-қатынасты (Рахм) жараттым. Ол Менің есімімнен бөлінген. Кім оны біріктірсе (яғни, туысқандық қарым-қатынасты сақтаса)., Мен де оны біріктіремін

Ал кім оны үзсе, Мен де оны үземін!» – делінген.

Тастың үшінші бетінде болса:

«Мен Беккенің (Мекке) Иесі болған Алламын! Жақсылық пен жамандықты жараттым. Екі қолы жақсылықта болған қандай бақытты! Екі қолы жамандықтан болғанға өкініш болсын!» – деп жазылған екен (Абдурраззақ, «Мусаннаф»).

Міне, қасиетті Қағбаның әр тасы шежіре мен насихатқа толы. Талай Пайғамбарға куә болған, қаншама Пайғамбарды бауырына басқан Қасиетті Қағбаның тарихынан бұл да бір қызықты мәлімет.

Show More

Басқа жаңалықтар

Close