Ислам және қоғам

Қазақ халқының тектілік тәрбиесі

Тектілік терең әрі ауқымды тақырыптың бірі. Ол туралы қазақ зиялылары әркез өз ой-пайымдарын баспасөзде жариялап келеді. Бүгінгі қоғамнан тектілікті де, тексіздікті де көруге болады. «Ұятсыздардың қылығын көрген сайын ұятты ұялады» демекші, тексіздіктерді көрген сайын тектілердің төбе шашы тік тұрады деуге болады. Тектілік не десек, ол туралы ел азаматтары мынандай көзқарастар білдірген.

Аманжол Ақынның пікірінше,  «Тектілікадам бойындағы асыл қасиеттердің, парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін дүниетанымдық, ділдік, психологиялық т.б. бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Тектілік гендік түрде берілетін биологиялық қасиет қана емес. Нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктеуге мүмкіндік береді. Халқының, Отанының мүддесін жоғары қоя білген адамдардың қатары көбейген сайын тектіліктің де қадірі артып, қоғамдағы қайшылықтар шешімі жеңілдейді».

Марат Тоқашбаев болса, «Хәкім Абай: «Адам-адамнан, тек білімі арқылы артық» дей отырып: «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим (ізгі сезім – М.Т) һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – дейді өзінің 38 қарасөзінде. Яғни тектілік дегеніміз әрі қанмен, әрі тәрбиемен келетін асыл қасиеттер екен. Ал асыл қасиетке «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» жататынын Абай атам айтып қойған. Зиялы қауым оған өз тарапынан сыпайылық пен кешірімшілдікті де қосып жатады. Қандай қиын жағдайда да адамдық, адамгершілік биіктіктен түспеу – тектіліктің көрінісі» деген көзқараста.

Тектілік туралы осындай өрелі пайымдарды саралай келгенде, имандылық пен адамгершілік жолын тектілік десек, имансыздық пен арсыздық жолын тексіздік деуге болады. Жалпы адам баласы жаралғалы бері  ақ пен қараның, жақсылық пен зұлымдықтың айқасы үздіксіз жалғасып келе жатқаны мәлім. Өмір сынақ мекені болғандықтан, бұл өмірде адалдық пен арамдық, жақсы қылықтар мен нашар әдеттер бәрі аралас. Адам баласы өмірге келгенде ештеңеден хабарсыз күйде келеді. Келе-келе танымы қалыптасады. Осы танымның қалыптасуы барысында қазақ халқы ұрпағына тек қана жақсы қасиеттерді үйретуге қатты көңіл бөлген. «Ешкімнің ала жібін аттамау» деген ұғымның өзі неге тұрады.  Оған ешкімге қиянат жасамау, жәбір көрсетпеу, өзгенің ақысын жемеу, әділетсіздікке бармау, кіршіксіз адал болу секілді қаншама мағына сыйып тұр. Қазақ баласын «қой, ұят болады» деп тыяды. Яғни ұятты болуға баулыған. «Балада ұяттың пайда болуы ақыл нұрынан» дейді мұсылман ғалымдар. «Ұят иманнан келеді» дейді хадисте. Ендеше, тектіліктің бір белгісі ұяттылықта. «Иманды ер Құдайынан ұялады, Ұялып иесінен сый алады» деген Ыбырай Алтынсарин де ұрпақтың есіне ұяттылықты салады. Ұрпақтың бойынан ұят кетсе, тексіздікке жол ашылды деген сөз. Соңғы уақытта интернет сайттарынан қазақтың осы ұят сөзіне жасалып жатқан шабуылдарды байқауға болады. Маргинал топтар (жымысқы ниетті әлдекімдердің айтақтауы болса керек) қазақ баласының бойынан ұяңдығы мен ұят сезімін кетіруге жанын салып әлек. Енді біреулері болса ел көзінше шешіндірудің түрлі әрекеттерін жасап бағуда. Бұндай жағдайларға тосқауыл болмаса, қазақ қасиетінен біржолата айрылып, ел ішін тексіздік жайлайды деген сөз.

Текті ұрпақ тәрбиелеуде қазақ жақсы ортамен араласуға ерекше мән берген. Оны мына мақалынан ұғамыз. «Ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол». «Әр адам досының дінінде. Әркім кіммен достық құрып жүргенінен мән берсін» деген хадис тұрғысынан қарасақ та балаға жақсы тәрбие беруді достары дұрыс болуы өте маңызды. Қазақ «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деу арқылы ата ана мен жасы үлкен кісілерді сыйлауды ұрпағының санасына құйған. «Ата анаң жынды болса, байлап бақ» деу де бала үшін ата анасын күтіп, бағып қағудың міндет екенін аңғартуда. Бұның бәрі де тектілікке шақыратыны сөзсіз. Ал тексіздік жаман жүріске салынуды, ерте бұзылуды білдіреді, есірті, арақ секілді нашар әдеттерге үйірсектіктен туады. Осы себепті қазақ «Қызға қырық үйден тыйым» деп, қыз баланың жүріс тұрысын ерекше қадағалаған. Сыңғырлаған шолпы бір жағы қызға көрік берсе, екінші жағынан оның алысқа ұзап кетпеуін қадағалауға да тиімді болған.

Тектілік — түзу тәрбие берумен тікелей қатысты. «Ешкімнің затына тиіспе», «Обал, сауап», «Жығылғанды көтер, сүрінгенді деме», «Жетім көрсең жебей жүр», «Досыңды сатпа», «Ұстазыңды сыйла», «Сабағыңды жақсы оқы» деген секілді сөздердің бәрі де түзу тәрбие беруді білдіреді.

Тектілік бала бойына терең түсінік, биік рух дарыта білумен де қатысты. Жастайынан осынау байтақ даланың иесі өзі екенін сезініп, ата дәстүрге қанығып, ұлтжанды болып өскен бала кейін сын сағатта туған елінің мүддесін қорғап шығатын болады. Философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин бұл туралы былай деуде: «Ата дәстүр нәрінен алшақтамай сусындап өскен жастарға тарихи өмірдің берер қуаты — ата-баба рухын ұрпақ бойына дарытып отыруында. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ тектілік дегеніміз қазақ ұғымында тұлғалық сананың дең­гейіндегі ерекше қасиет үлгісі. Қа­зақ рухы оның дәстүр тәжірибесінің күшінде. Жеті аталық дәстүр қазақ болмы­сының қалыптасуындағы оның интел­лек­туалдық өрісін кеңейтіп, көрсетіп отыратын ата-бабаларымыздың елдік түсінігінің қасиетін бейнелейді».

Иә, текті ұрпақ қана елге тұтқа, ұлтқа ес болады. Тексіз ұрпақ болса, қаншаға келсе де ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алмаған күйі жүрген ортасын былғаумен өмір өткізеді. Осы үшін де бәлкім халқымыз «Иә, Аллам, бала бер, бала берсең сана бер! Сана бермесең, ала бер!» деп тілесе керек.

Дайындаған Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Show More

Басқа жаңалықтар

Close