Жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Астана. 2 шілде. KAZISLAM – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары арасында кеңейтілген жоспарлы консультациялар өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаевтың және Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Виктор Махмудовтың төрағалығымен өткен келіссөздер барысында өңірлік қауіпсіздік пен екі жақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қарастырылды. Жиынға орталық мемлекеттік органдар басшылары да қатысты.

Ауғанстандағы жағдайды ескере отырып, Орталық Азиядағы қазіргі ахуал мен оның даму перспективалары, сондай-ақ әскери-техникалық және әскери салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі жандандыру және кеңейту мәселелері талқыланды.

Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл, кедендік бақылау, азаматтық авиациядағы қауіпсіздікті жетілдіру аясындағы ынтымақтастық мәселелері де күн тәртібіне шығарылды.

Кездесу барысында тараптар өткізу бекеттерін, автомобиль жолдарын қайта қалпына келтіру және жаңғырту, сондай-ақ Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасындағы іргелес аумақты реттеуге бағытталған Жол картасындағы тармақтардың орындалуының алдын ала шығарылған қорытындыларын қарастырды.

Жұмыс қорытындысы бойынша екі елдің тиісті мемлекеттік органдарына нақты тапсырмалар берілді.

Қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары арасындағы консультациялар Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының тапсырмаларына сәйкес тұрақты түрде өткізіледі.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close