Ғибратты әңгімелер

Ғибрат: Патша ит секілді бола алмады

Күндердің күнінде патша көмекшілерін шақыртып, жабайы 10 ит ұстап әкелуді бұйырады. Патша егер қоластындағылар бұйрықты орындамаса не басқа да қателіктер жасайтын болса сол жабайы иттерге талату жазасын қолға алады.

Берілген тапсырманы 10 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан уәзір орындамай қояды. Патша бұған ашуланып, уәзірді алып әлгі иттерге талатуға бұйырады. Сол уақытта уәзір патшаға:

— Қанша жылдан бері сізге адал қызмет етіп келе жатырмын. Енді мені жабайы иттерге талатып, жазамды осылай бермексіз бе? – деп долданады.

Алайда, патша деген шешімінен қайтпайды. Сонда уәзір патшадан 10 күн уақыт беруді өтінеді. Патша қарсылықсыз келіседі. Ертесіне уәзір иттерге ас беріп қарайлайтын кісіге барып 10 күн бойы иттерге қарасуды өтінеді. Ол да қуана келіседі. Содан уәзір иттерге күнделікті асын беріп, жақсы қамқор болады.

Уақыт өтіп, 10 күннен кейін патша халықты жинап уәзірді жазалауға кіріседі. Иттерді босатып  уәзір тұрған торға айдап салады. Алайда, иттер уәзірді таламақ тұрмақ, оның аяғын, қолын жалай бастайды. Бұған таңданған патша :

— Иттерге не істегенсің? – дейді уәзірге.

— Иттерге 10 күн бойы қызмет етіп жақсы қарадым. Есесіне олар мені жақсы көріп, қызметім үшін қарсы шапқан жоқ. Ал, сізге 10 жыл бойы қызмет етсем де менің жасаған еңбегімді, жақсылығымды бір сәтте ұмытып кеттіңіз.

Патша шарасыздықтан не дерін білмей, уәзірін кешіріп қайта қызметіне тағайындайды.

Түйін: Бір сәтте болған жағдай үшін өткен өмірдегі жақсылықтың бәрін ұмытуға болмайды.    

 

Жалғас АСХАТҰЛЫ — Дінтанушы

Show More

Басқа жаңалықтар

Close