Ислам және қоғам

Ізгі істерді жаны ізгі мұсылмандар жасайды

 Ислам әу бастан адамзатқа діни сенім бостандығына еркіндік берген дін. Исламда адамдарды дінге шақыру, насихаттау бар бірақ зорлық, қысым көрсету сипаттары орын алмауы керек. Қасиетті Құранда бұл жайында: «Адамдарды Раббыңның жолында даналықпен, көркем сипатта үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес», делінген. Сондай-ақ, Ислам зорлықпен үгіттеуге үзілді-кесілді қарсы екендігін: «Дінде зорлау жоқ»,деген аяттан аңғаруға болады.

Сонымен қатар ардақты пайғамбар (с.а.у.) Мәдина қаласына қоныс аударып келген күннен бастап мұсылмандар мен иудейлер арасында келісім шарты орнағаны белгілі. Аталмыш келісім: «Зұлымдық жасаушылардан басқа иудейлерге өз діндері, мұсылмандарға өз діндері…», деген мазмұнда болған.  Бұған қоса Омар ибн Хаттаб халифат кезінде Құдыс өлкесіндегі өзге дін өкілдеріне мындай мазмұнды хат жолдаған: «Бұл мұсылмандардың Әмірі тарапынан сіздерге берілген кепілдік: Мен сіздердің өмірлеріңізге, діндеріңізге, құлшылық үйлеріңізге, мал-мүліктеріңізге мұсылмандар тарапынан ешбір зиян тимейтініне кепілдік беремін» (Бұл хат «العهدة العمرية» — «Омардың кепілдігі» деген атпен тарихта белгілі).

Сондай-ақ, ескермей кетуге болмас дүние, мұсылмандардың билігі жүріп тұрған дәуірде Аббасидтерден бастап бес жүз жыл шамасында билік еткен Осман империясына дейінгі уақытта мұсылмандар өзге дін өкілдеріне, құлшылық үйлеріне зәредей болсада зиянын тигізбегенін тарих айғақтайды. Бұған бүгінге дейін қабырғасы бұзылмай сақталып келе жатқан Сириядағы көне Антиохиялық шіркеуі, Түркиядағы Константинопл Рим првославиялық патриархаты мен Қасиетті София (Айя-София) шіркеулері нақты дәлел бола алады. Демек, бұл мұсылмандар қолдарында қанша билік болса да, өзге дін өкілдерінен қанша басым бола тұра ешкімге жәбір көрсетпегендігін дәлелдейді. Әйгілі Салах ад-Дин Аюбидің кезінде де өзге дін өкілдеріне мұсылмандармен қатар тең құқық берілген. Бір сөзбен айтқанда мұсылмандар билік еткен дәуірде барлық дін өкілі өз дінін еркін ұстанып, бейбіт ғұмыр кешкен. Сондықтан мұсылмандар Ислам діні үйреткендей әрбір адамға діни сенім бостандығын әу баста бекітіп қойған.

Сөзімді қорытындылай келе, жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы дерлік Аллаһ Тағаланың: «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән», деген аятының аясында қамтылып отырған дүние ескергім келеді. Мұсылмандар қашанда Жаратушы мен оның елшісінің (с.а.у.) бұйрықтарынан ауытқымаған. Бұған байланысты хазреті Әли ибн Әбу Талиб: «Оларды (өзге дін өкілдерін) өз діни сенімдерінде қалдырамыз», деген ұстанымы барша мұсылманға үлгі болуы керек.

Өкінішке орай, қазіргі дінге бет бұрып, теріс  ағымның жетегінде кеткен кейбір мұсылмандар білімің таяздығынан өзге дін өкілдігіне өшпенділік танытып жатады. Егер Құранның не хадистердің мазмұнында мұсылман еместерді дұшпан тұтуды, оларға қарсылылық білдіріп, қашан да қысым көрсету сияқты әрекеттер бұйырылған болса, онда мұндай әрекет «Ислам» — «الاسلام» дінінің атауына қарама-қайшы болып қалар еді. Себебі, «Ислам» сөзі бейбітшілік, тыныштық деген мағынаға саяды. Ал, «мұсылман» сөзі тыныштықты көздеуші, бойсұнушы дегенді білдіреді. Демек, Ислам дінінің атауының өзі бейбітшілікті білдірсе онда оның негізі қайнарлары (Құран мен хадистер) қоғамда бүлік тудырып, өзге дін өкілдеріне деген өшпенділікке үндейді, дегенге сену әсте қиын. Сондықтан, шынайы мұсылман болғысы келген әрбір адам «мұсылман» атына дақ түсірмеуге қашан да тырысу керек.

Дайындаған Гүлмира Шарханқызы

Show More

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close