Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі

ЮНЕСКО Астанадағы Әлемдік діндер лидерлері съезінің күн тәртібін қолдады

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі Парижде еліміздің мәдениетаралық диалог саласындағы тәжірибесін таныстырды. Ерекше назар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің және оның 10-11 қазан күндері Астанада өтетін алтыншы басқосуының негізгі мазмұнына аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ислам ынтымақтастық ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттер бірлесе ұйымдастырған іс-шараның ашылуында ЮНЕСКО-ның Этика және жастар саясаты департаментінің директоры Анжела Мело сөз сөйледі. Ол талқыға салынатын тақырыптың жаһандық маңыздылығын және ЮНЕСКО діни конфессиялар өкілдері арасындағы және басқа да мәдениетаралық диалог үлгілеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Сондай-ақ ұйым барлық үкіметтер мен азаматтық қоғамның осы бағыттағы әрекеттерін белсенді қолдайтынын жеткізді. «Біз Қазақстанның ұсынысымен жария етілген және ЮНЕСКО-ның жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы (2013-2022 жж.) мұраттарына сәйкес мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқатысу көпірлерін көтеруге қолдауымызды жалғастыруымыз жөн», — деді А. Мело.

Естеріңізге салсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған бастамасы халықаралық қауымдастықтың кеңінен қолдауына ие болып, 2012 жылы 17 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67/104 қарарымен мақұлданған болатын. Пікір алмасу барысында ЮНЕСКО, ИЫҰ, Францияның Білім беру министрлігі, ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдіктері, ғылыми-зерттеу орталықтары мен азаматтық қоғам өкілдері діни экстремизмнің алдын алу мақсатындағы кешенді жұмыс аясындағы мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесін таныстырып, талқыға салды.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Абдрахманов Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің алдағы басқосуының негізгі тақырыптарымен таныстырды. Оның басты мақсаты — тұрақты диалог жүргізу мен адамсүйгіштік құндылықтарды насихаттау арқылы халықтар мен мемлекеттердің бірлесе бейбіт өмір сүруі үшін діни қауымдастықтар, саясаткерлер мен азаматтық қоғамның күштерін барынша жұмылдыру. Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының (Астана қ.) аға сарапшысы Тимур Козырев Қазақстан мен өзге де түркітілдес мемлекеттердің тәжірибесіндегі мәдениетаралық диалогты ынталандырудың нақты мысалдарын келтірді.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close