Сұхбат

Ықтияр Палтөре: Съезді бізден басқа ешбір елде өткізу мүмкін болмай тұр

Алдымызда VI Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өткелі жатыр. Осыған орай, назарларыңызға бұған дейін өткен съездерге баға беру әрі оның нәтижесі мен жемісін бағамдау, сондай-ақ терроризммен күресте дінаралық сұхбаттастықтың ықпалы секілді бірнеше мәселеге қатысты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре мырзамен болған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

 – Ықтияр Малдатөреұлы, алдымызда VI Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өткелі жатыр. Осы уақытқа дейін өткен съездерге қандай баға бересіз?

   – Ең алдымен, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін Қазақ жерінде өткізудің өзі – үлкен мәртебе. Бұл – шындап келгенде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік деңгейдегі абыройы мен асқақ беделінің жарқын көрінісі. Діни ұстанымдары мен түсініктері бір-біріне қарама-қайшы, тіпті, ұзақ уақыттар бойы араздасып, бір бітімге келе алмай жүрген діни топтардың басшыларын бөліп жармай, бәріне де өзіндік құрмет көрсетіп, бір дөңгелек үстелдің үстінде басын қосу мен үшін хакім Абай пәлсапасындағы «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» аталатын тұғырлы ойдың нақты іске асқан бейнесі. Сондықтан, әрбіріміз мұндай жиынды өте жоғары бағалауға, жете түсіне білуге тиіспіз.

 – Сіздің ойыңызша, осы уақытқа дейін өтіп келген съездің нәтижесі мен жемісі қаншалықты болды? Мұндай жиынның әлемге және Қазақстанға берер пайдасы қандай?

– Съездің нәтижесі мен жемісі туралы айтар болсақ, бұл аз уақыт ішінде көрініс бере салатындай жеңіл шаруа емес. Дін мәселесінде өте мұқияттылық пен сабырлылық қажет. Біз әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу арқылы жер бетіндегі сан түрлі адамзат баласының ішкі руханияты, сенім-нанымы, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан діни дүниетанымы арасындағы сұхбаттастыққа бірге нақты қадам басып отырмыз. Ең бастысы, біз мұны жасай алдық. Жасап та келеміз. Біздің бұған қауқарымыз да, жинаған тәжірибеміз де жетеді. Алла қаласа, бір-екі күнде VI Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізуге дайынбыз. Бүгінгі таңда діни көшбасшылардың тікелей қатысумен өтетін мұндай салихалы діни съезді әлемнің бізден басқа ешбір елінде өткізудің мүмкін болмай тұрғаны шынайы ақиқат. Бұл Қазақстан дипломатиясындағы бағындырған ең негізгі белестердің бірі деуге болады. Біздің елдің жасап отырған қадамын сырттан сынайтын, нәтижесіне күдікпен қарайтындар саны аз емес. Десек те қол жеткізген нәтижеміз де жоқ емес. Әлемдегі ең негізгі діни лидердердің бір емес бірнеше рет басын қосып, діни сұқбаттастық жайлы ой-пікірлерін, өздерінің ұсыныстары мен шарттары айту мүмкіндігі берілді. Осылайша біз әлемдік деңгейде бейбітсүйгіш, кез-келген діни ұстаным өкіліне құрметпен қарайтын тәуелсіз ел ретінде танылып, баршаны мойындата білдік. Бұл, ең баста, еліміздегі салихалы саясаттың, шығыстық та батыстық та емес орта жолды ұстанудың арқасында іске асып отырғандығын ұмытпағанымыз жөн.

Қазіргі кезде Қазақстан Сириядағы шешімі қиындап кеткен діни астарлы ішкі азаматтық соғыстың бейбіт жолмен шешілуіне де барынша үлес қосуға еш аянып тұрған жоқпыз. Мүмкіндігінше тараптарға ыңғайлы келісім алаңын ұсынып, басу айтып, наразы топтардың ымыраға келуін, соғыс алаңында емес дөңгелек үстел басында сұхбаттасуға үндеу тастап, жұмыр жер бетіндегі барша адамзат баласының бейбіт өмір сүргенін қалайтындығын баршаға паш етіп келеді. Міне бұл біздің басты жетістігіміз. Мақтанып та, марқайып та, ауыз толтырып айта алатын ісіміз деп білемін.

 – Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асқан бұл жобаның негізгі мақсаты – діндерарасы келісім. Ислам тарихында діндерарасы келісімге қандай мысалдар келтіре аласыз?

– Иә, өте дұрыс айтасыз. Ең негізгі мақсат діндер арасындағы келісім мен өзара құрмет пен сыйластықты қалыптастыру. Бірақ бүгінгі жаһандану үрдісі әлемдегі түрлі мәдениеттердің басын бір арнаға тоғыстырып, бірін-бірі байытып, толықтыра ма әлде қарама-қайшылыққа, қақтығысқа апарып соқтыра ма, мұның бейбіт шешім жолы бола ма деген сұрақ зиялы қауым өкілдерін бейжай қалдырмайды. Олай болса, ұлттық-этникалық мәдениеттердің, әр халықтың діни ұстанымдары, сенім-нанымдарының өзара сұхбаттастығы қаншалықты өзекті екендігін айтып жатудың өзі артық.

Ал енді Ислам дінінің басты ерекшеліктерінің бірі оның күллі адамзат баласына бейбіт өмірді тілейтін, бейбітшіл дін екендігі көпшілікке белгілі. Бірақ көп жағдайда қалт етсе, бүкіл құндылықтары Құранға негізделген Ислам діні терроршылықпен байланыстырылатын өте қате түсінік, әсіресе, батыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініс береді. Негізінде, Ислам сөзі «бейбітшілік, тыныштық» деген мағынаны білдіреді. Олай болса, әлемдік бейбітшілікке, тыныштыққа шақыратын дін қалайша экстремизм, терроризм ұғымдарымен үндесе алады? Исламның басты мұраты – адамдар арасында бейбітшіліктің болғаны. Сондықтан экстремист, террорист деп алған топтардан діннен басқа себептерді, мақсаттарды іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери, т.т. мақсаттары, ойлары бар екендігі зерттелуі, қарастырылуы тиіс. Екінші мәселе, сондай саяси-экономикалық топтар туралы айтқанда не жазғанда міндетті түрде «исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың да пиғылы, ойы дұрыс еместігін ұғына білгеніміз, әр уақытта қырағы болғанымыз абзал.

Ислам діні терроризмді қолдамайтындығын, Исламда экстремистік пиғылдың жоқ екендігін кезінде баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев та баса айтқан болатын. Дәлірек айтсақ, Елбасымыз: «Исламның ішіндегі эктремистер деп айтылып жатқан сөз жөн емес. Ислам деген дүниежүзілік дін. Екі миллиардқа жақын халық мұсылман дініне бағынады. Сондықтан әлгі бандиттер мен экстремистер әр дінде болып жататын жағдай. Ол екеуін біз ажыратып айтуымыз керек. Ал енді, Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қалған, діннен қалған мәселелер ондай емес, еш уақытта мұсылманның діні соғыспен, қолына қару-жарақ алып біреуді өлтіріп, заңсыздыққа барып, мемлекетке қарсы жүру деген мәселелер болмайды мұсылманда. Сондықтан осындай нағыз таза мұсылманның, Құранның жолыменен халық жүретін болса, ол елге жақсылық әкеледі, әр адамның өзіне де жақсылық әкеледі деген сөз»,[1]– деп нақтылап айтқан болатын. Осы мағыналас сөзді біздің Елбасымыз әртүрлі мінберлерден талай рет айтып жүр.

Басты  мәселе Исламда не оның негізі, қайнар бұлағы саналатын Құранда емес. Бар мәселе, адамзат баласында. Дінді, Құранды қалай түсінуінде. Әйтпесе, материалдық және рухани құндылықтарды қатар ұстайтын Исламда тұрған еш кемшілік жоқ. Кезінде Бартольд: «Исламның басты артықшылығы, мұсылман әлемінің сол дәуірдегі білімді халықтардың алдында болуы, әрине, материалдық және рухани мәдениет жағынан бірдей мәдени біріншілікті ұстауында…»[2], – деген екен.

Құран – құдайсыздарды, имансыздарды жаратқан Иенің барлығына әрі Оның ешбір серігі жоқ жалғыз, біреу-ақ екендігіне шақырып, ақли дәлелдер келтіреді. Мысалы, бір ғана жердің жаратылуы, оның адамзат баласының өмір сүруіне қолайлы етілгендігі жайында: «Әнғам» 101, «Ағраф» 54, «Юнус» 3, «Һуд» 7, «Рағад» 3, «Хижыр» 19, 85, «Нахыл» 3, «Әнбия» 30, «Фурқан» 59, «Сәжде» 4, «Фуссилат» 9-11, «Қаф» 38, «Зәрият» 20, «Хадид» 4, «Талақ» 12, «Нәбә» сияқты сүрелердің аяттарында баяндалады. Сондай-ақ (әһлі) кітап иелерін (христандар мен яһудилерді) «Әли Имран» сүресінің 64-аятында бірлікке шақыра отырып, бүкіл адамзат баласын жұмыр жер бетінде береке-бірлік құруға «Бақара» 178, «Әли Имран» 103-105, «Әнфал» 46, 61-63 аяттарында шақырады.

Мұның бәрі де – Құранның Жер бетіндегі тыныштықты, өзара түсіністікті насихаттайтындығының айғағы. Сондай-ақ Құран ұсынған Ислам мәдениеті өзге мәдениеттерге қамқорлықпен қарайтындығын, өзге мәдениеттерден оқ бойы озып тұрса да, олармен сұхбаттаса алатындығын тарихи құжаттар, жағрапиялық атаулар, т.б. құнды әрі шынайы деректер дәлелдеп бере алады.

Қасиетті Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінде «Дінде зорлық жоқ» деген мағынадағы аят кездеседі. Яғни кез-келген адамзат баласының сенім-нанымына ерік беріледі. Күшпен, зорлық-зомбылықпен дін насихатталмайды. Біз Мұхаммед пайғамбарымыздың өмір жолына қарсақ, көптеген мысалдарды көре аламыз. Мысалға Худайбия келісімшарты Ислам дініндегі дінарасы келісімнің, түсіністіктің жарқын дәлелі бола алады. Бұдан бөлек Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен бір мысал келтірсек: «Сендердің ешбіреулерің өзі үшін жақсы көргенді бауыры үшін де жақсы көрмейінше, (яғни оған да соны тілемейінше) иман келтірген бола алмайды», – деген мағынадағы сөзінің өзі қаншалықты терең әрі барша адамзат баласын қамтитындығы талас тудырмаса керек.

– Терроризм мен экстремизм бүгінгі таңның өзекті мәселесіне айналды. Бұл орайда Ислам дінін терроризммен теңеу белең алып отыр. Бұл мәселемен күресуде діндер сұхбаттастығының ықпалы қаншалықты?

 – Иә, дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда терроризм мен экстремизм ғаламдық деңгейдегі өзекті мәселеге айналып үлгерді. Бір өкініштісі, терроризм мен экстремизмді бұқаралық ақпарат құралдарында көп жағдайда Ислам дінімен байланыстырып жатады. Шынтуайтына келгенде, терроризм мен экстремизм түсінігінде дін де, ұлт та, шекара да жоқ. Тек кейбіреулер оның құрбаны ғана.

Қазіргі жаһандану заманында дінді заңсыз қару-жарақ айналымы мен саудасын дамытып, жеке бас мүдделердің пайдасын ойластыруда құрал етіп пайдаланып отырғаны өкінішті-ақ. Менің пікірімше, біз ең алдымен өзімізден бастауымыз қажет. Мәдениеттердің бір арнада тоғысуы жаһандану идеясымен тығыз байланысты. «…Аты айтып тұрғандай, жаһандану қандай да болмасын процестің, іс-әрекет барысының немесе мәдени-әлеуметтік феноменнің, құбылыстың бір ғана ұлт, халық, мемлекет, өркениет немесе континент шеңберімен шектелмей, бүкіл планеталық – жұмыр жерлік, бүкіл жаһандық деңгейде көрініс тауып, маңызға ие болуын танытатын ұғым».[3] Міне, осы тұста Құран Кәрімнің бүкіл адамзат баласына ұсынған ұстанымдары мен жаһандану идеясы арасында тоғысу бар. Бұлай дейтініміз қасиетті Құран Кәрімге дейін жаратушы Ие тарапынан түсірілген Таурат, Зәбүр, Інжіл кітаптары белгілі бір ұлтқа, қоғамға, кезеңге ғана лайықталып жіберілген болса, Құран үкімдері мен тыйымдары қарастырған мәселелері бүкіл жер бетіндегі жындар мен адамзат баласына арналып, оның күші қиямет күніне дейін жарамды болуымен ерекшеленеді. Ислам дініндегі құндылықтардың барлығы ең алдымен, Құранға негізделеді. Ал Ислам діні Алла тағала тарапынан жіберілген ең соңғы дін болуына байланысты кәмілдікке ие. Яғни жер өз кіндігінде айнала отырып, күн жүйесін айналу ырғағы бұзылып, қиямет қайым орнағанға дейін жер бетінде өмір сүретін бүкіл адамзаттың әлеуметтік, рухани, ғылыми, құқықтық және этикалық және т.б. қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз ете, әр кезеңнің, әр ғасырдың басты, өзекті мәселелеріне шешім таба алатындығымен ерекшеленеді. Қазіргі жаһандану заманында, өкінішке қарай, құндылықтары Құранға негізделген Ислам діні жайында неше түрлі қате түсініктер бар…

Құранның ең алғашқы адам баласына жолданған аяты «Жаратқан Рабыңның атымен оқы»[4] деп басталғанына қарамастан өзін мұсылман санаған жандардың көпшілігі өзі ұстанып жүрген Ислам дінінің құндылықтарын жетік біле бермейді. Тіпті, Құранды   түсіну былай тұрсын, оны түпнұсқа мәтіннен оқи да алмайтындардың саны қаншама. Ислам дінін, мәдениетін жан-жақты меңгеріп басқаларға ұсыну, мұсылман еместерді Ислам дініне шақыру міндеті жүктелген мұсылмандардың халі осыншалықты мүшкіл күйде болғанда өзге дін өкілдерінің Құран жайында, Ислам діні, мәдениеті жайындағы түсініктерінің деңгейі қандай екендігі айтпаса да белгілі. Өкінішке қарай, мұндай факторлар діндер мен мәдениеттер сұхбаттастығына кері әсерін тигізері анық.

Осы орайда, біз бір нәрсенің аражігін ажыратып, анықтап алғанымыз жөн сияқты. Бүгінгі жаһандану үрдісін шығыс мәдениеті мен батыс, Еуропа мәдениетінің тоғысуы деп түсіну керек. Осындағы шығыс мәдениеті деп отырғанымыз араб-мұсылман мәдениеті. Басқаша айтқанда, бір-біріне қарсы, кереғар түсініктегі материалистік көзқарас пен идеалистік көзқарастың бір нүктеде кездесуі деп ұғынуға болады. Осылай ұғыну бізге мәдениеттер         сұхбаттастығын қалыптастыруға бірден-бір тірек бола алады деген пікірдеміз. Өйткені, Еуропа мәдениетінің барлық ғылымдары, бағыты мен мақсаттары көп жағдайда материалдық құндылықтарға негізделеді. Сондай-ақ оның барлық құрама элементтері жеке бастың пайдасы мен тек материалдық игіліктерді ғана көздейді. Діни таным мен өмірдің бағалы құндылықтарына ой жүгіртуді ескере бермейді. Ал араб-мұсылман мәдениеті адам өмірінің тек материалдық жағын ғана ойламай, рухани құндылықтарын да дамытып, жалған дүниенің таршылығынан о дүниенің, ақиреттің кеңдігі мен мәңгілігіне қарай ұмтылуын көздейді. Сондықтан адамзат баласының дәрежесі тек Құран Кәрім ұсынған тақуалықпен ғана өлшенеді. Құран мәтінінде: «Расында, сендердің Алланың құзырында ең ардақ-тыларың – ең тақуа болғандарың»,[5] – деген мағынадағы аят кездеседі. Осы аяттағы «тақуа» сөзі Алланы әрдайым есіне алып, Оған бойсұнатын, жаны мен ары таза адам дегенді білді-реді. Ислам түсінігіндегі барлық көркем мінездер мен адамгершілік, этика қағидалары осы аятта айтылған тақуалыққа ғана негізделеді.

Жалпы жер бетіндегі мұсылмандар бүкіл әлемнің жаратушысы – Алла екеніне сенеді. Ол адамды және басқа да мақлұқтарды жаратты, оның барлығы адамзат игілігіне бағындырылып, өз қызметтерін атқаруда деп біледі. Ислам мәдениеті ең бірінші орында иманға, басқаша айтқанда, Аллаға, ақирет күніне, періштелеріне, елшілеріне, кітаптарына, тағдырға, Жаратқанның жақсылығы мен жамандығына сенуге негізделеді. Ал материалистер болса, тек көзге көрінетін, қолмен ұсталатын нәрселерге ғана арқа сүйейді. Міне, келіспеушіліктің, түсініспеушіліктің, жеккөрушіліктің басы осында жатыр. Қазіргі таңда жұмыр жердің тұс-тұсында болып жатқан түрлі саяси, діни, мәдени көзқарастар қақтығысын әркім әртүрлі бағытпен түсіндіріп бағуда…

Кім не десе де, қаласақ та, қаламасақ та біз бәріміз жаһанданудың шытырманына, ой-шұңқырына, белес-қырына заман ағысымен бірге жүріп барамыз.

XXI ғасырдың парадигмалық идеясын жаһандану деп мойындайтын болсақ, дөңгеленген дүние, Жер шары тарылып, бүкіл адамзат баласының қуанышы мен қайғысы ортақ болып келе жатыр. Тіпті, мұны тұңғиығы терең, жиегі көрінбейтін ұшы-қиыры жоқ мұхит ортасында тұрған жалғыз кемеге ұқсатуға болады. Кеме ішіндегі жандардың өзара түсіністікпен жалпыға ортақ етіп тағайындалған басшылар арқылы кемені басқаруға емес, әлімжеттілікке, мен білемдікке салыну нәтижесінде көпшіліктің наразылығына ілігіп, соның салдарынан қаншама бейкүнә жандардың жапа шегіп, орынсыз адам қанының төгіліп жатқанына баршамыз да куәміз.

Бірақ осы маңызды мәселе қазіргі халықаралық қатынас, байланыс пен мағлұмат алмасу кезеңіндегі адамзат санасына сіңдіріп, барлық рухани құндылықтарға құрметпен қарауға, осының негізінде тоғысқан мәдениеттер сұхбаттастығын құру бүгінде күн тәртібінен түспей келеді.

– Жер бетіндегі татулықтың, мәдениеттер сұхбаттастығы мен дінаралық келісімнің орнауы үшін не істемек қажет деп ойлайсыз?

– Жалпы Жер бетіндегі адамзат баласының бір-біріне деген құрметі, мәдениеттер сұхбаттастығы мен дінаралық келісімнің іске асуы үшін, меніңше, әрібіріміз мына төмендегі маңызды қадамдарды жасауымыз қажет деп білемін.

Ең алдымен, бір-бірімізді, сосын пікірді, көзқарасты, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, діни сенім-нанымды жалпы айтқанда, қандай да болмасын ұлттың, этностың, халықтың, қоғамның мәдени болмысын, тұрмыс-тіршілігін дұрыс танып-білуіміз керек.

Негізінде бүкіл адамзат баласының түр-әлпеті, мінез-құлқы әртүрлі болғанымен шыққан тегі бір. Бәрі де сонау Адам ата мен Хауа анаға барып тіреледі. Бұл шындықты киелі кітаптың, сондай-ақ қасиетті Құран Кәрімнің мәтіні де қуаттай түседі. Мысалы, қасиетті Құран мәтінінде: «…тілдеріңнің, түстеріңнің, қарама-қарсылығы да Оның (Алланың) белгілерінен. Күмәнсіз бұларда білгендер үшін аят-белгілер бар»,[6] – деген мағынадағы аят кездеседі. Біз алға тартып отырған бір-бірімізді танып-білудің қажеттілігі де Құран аятына негізделеді. Нақтырақ айтсақ, Құранда Алла тағала: «Ей, адамдар! Расында Біз сендерді бір ер мен әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың (дос-туысқан болуларың) үшін сендерді (әртүрлі) халықтар мен ру-тайпалар қылдық»,[7] – дейді.

Осы аятта Құранның, Ислам дінінің адамзатқа деген көзқарасы паш етілетінін аңғаруға болады. Біріншіден, барлық адамзат баласы бір ата-ананың перзенті. Екіншіден, адамдардың әртүрлі халықтарға, ұлттар мен ұлыстарға, ел-руларға бөліну себебі олардың бір-бірлерімен жер үшін, мал-мүлік үшін не қазба байлықтар, мұнай мен газ үшін таласып ұрыс-керіске, келіспеушілікте өмір өткізулері үшін емес, керісінше, бір-бірлерімен танысып, достық келісімшарттар негізінде бірлесіп жұмыс атқаруға, сондай-ақ өздері билік құрып отырған жер бетін көркейтіп, гүлдендіру, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру үшін екендігін аңғарамыз.

Аятта айтылған «танып-білу» тек бір жақты ғана емес, екі жақтан болатындығына баса назар аудартады. Олай болса, біз ұсынып отырған бір-бірімізді танып-білу екі түрлі халықтың, ұлттың, ру-тайпаның, мәдениеттің өкілдері бірін-бірі танып білуге ұмтылуында.

Екіншіден, мұндай бірін-бірі танып-білу кез келген ұлт не мәдениет өкілінің түр-әлпетіне, жынысына, тегіне қарай ажыратпай, алдында тұрған адамды адам ретінде адамшылдығына қарай бағалауға толыққанды түрде дайын болмайынша көздеген мақсатқа қол жеткізу мүмкін болмайды. Егер біз Құран аяттарына жүгінсек, Алла тағала адам баласын ең көркем бейнеде жаратып,[8] оған адамға ғана тән құрметін сыйлады. Бұл қүрмет бүкіл адамзат баласына ортақ. Міне, осы мағынаны адамзат баласы толық түсінбейінше түрлі қақтығыстар мен келіспеушілікке, қантөгіске, зорлық көрсетуге, күш қолдануға бейім тұратын қасиетінен арылуы екі талай.

Әлбетте, адамға адами құрметпен қарап, оның ұлттық, этностық, мәдени ерекшеліктерін танып білуге талпыну арқылы ғана мәдени сұхбаттастыққа қол жеткізуге болады. Біз халықаралық дипломатиялық қарым-қатынаспен қоса мәселеге осы жоғары адамгершілік, рухани құндылықтар тұрғысынан да қарасақ игі болар еді.

Үшіншіден, біз алдымыздағы адамды құрмет ету үшін алдымен өзімізді-өзіміз құрмет етуіміз керек. Өзгенің салт-санасын, әдет-ғұрпын, мәдениетін танып-білу үшін ең алдымен әрбір адам өз мәдениетін, салт-дәстүрін жақсы біліп, оған құрметпен қарауға міндетті. Міне, сонда ғана адам өзгенің мәдениетіне де құрметпен қарай алады. Осы орайда адамдар арасындағы теңдік мәселесі, құқықтарының ортақтығы және осы теңдікті мойындау адам санасына сіңеді. Бұл адамзаттың бір-біріне деген құрмет пен мәдени сұхбаттастық кірпішінің қалануына негіз болады.

Қорыта айтқанда, Құран – бүкіл адамзат баласының игілігін, ынтымағын, татулығын көздейді. Құран адамзат баласының өткені мен бүгіні және алдағы жақын әрі болашақтағы жағдайынан хабар береді. Ол адамға осы дүниедегі тіршілігімен қоса, о дүниедегі хал-ахуалын да ыңғайластыруды ұсынады. Сондықтан Құранда «сауап-күнә», «адал-арам», «пайда-зиян» сияқты тағы басқа көптеген ұғымдар бар.

Мұсылмандар ұғымында Алла тағала бүкіл адамзат баласына өзінің аса мейірімділігімен қасиетті Құран аяттарын түсіріп, барша адамзат баласына екі дүниелік бақытқа қол жеткізудің жолдарын баян етті. Сондықтан да қазіргі әлемдік жаһандану заманында діни, мәдение сұхбаттастық мәселесінде айтылатын, талқыға салынатын мәселе көп-ақ. Біз әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу арқылы барша адамзат баласына ортақ аса қажетті мәселелерді шешуге ең жақсы мүмкіндіктерді ұсынып отырмыз.

– Қазақ халқына тілегіңіз?

– Сөз соңында, ешбір ұлтты жат көрмей бәрін де бауырына басқан Қазақ елі – ынтымақ-бірліктің, бейбітшілік пен татулықтың алтын бесігі болып, мәңгілік жасай берсін деген ізгі тілегімді жеткізгім келеді.

Сұхбаттасқан – Сұлтан КЕРІМ

[1] Елбасымыздың Астана орталық мешітіне 16.03.2000 күні Құрбан Айт мерекесіне байланысты барғанында баспасөз өкілдеріне берген сұхбатынан үзінді.

[2]Бартольд В.В. Тюрки. Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии.- Алматы: Жалын, 1993 (54-бетте).

[3]Құлсариева А. Аударма және өркениет. Монография. Ғылыми басылым. — Алматы: Нұрлы Бейне, 2006. — 184 бет (145-бетте).

[4]Қасиетті Құран аяты. «Алақ» сүресі, 1-аят.

[5]Қасиетті Құран аяты. «Хужурат» сүресі, 13-аят.

[6]Қасиетті Құран аяты. «Рум» сүресі, 22-аят.

[7]Қасиетті Құран аяты. «Хужурат» сүресі, 13-аят.

[8]Қасиетті Құран аяты. «Тин» сүресі, 4-аят.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close