Ғибратты әңгімелер

Хазреті Әбу Бакр еттен неге бас тартты?

Күндердің күнінде хазреті Әбу Бакр көмекшілерімен жанына бәдәуи екі жігітті алып алыс сапарға шығады. Жолдың ұзақтығы бірнеше күнге созылып әбден шаршайды. Ішерге астары да сулары да таусыла бастайды. Содан таңертең бірнеше шақырым жерден ауыл көрінеді. Олар сол жерге барып жүрек жалғап, сусынданып, біраз тынығып алуды көздейді.

Ауылға бас сұғып Әбу Бакржанындағы жігіттерге тамаққа азық-түлік алып келуді бұйырады. Содан әлгі жігіттер ауылдың көшесін аралап бір қора малы бар үйге тоқтайды. Онда жалғызбасты аяғы ауыр әйел тұрады екен. Содан екеуі әйелді әңгімеге тартып:

— Сіз ұл тапқыңыз келеді ме?, Егер ұлды болам десеңіз жолаушыға мына қорадағы малыңыздың біреуін беріңіз. Сонда міндетті түрде ұл табасыз. Жолаушының қолын қақпаңыз,сонда міндетті түрде ұлды боласыз — дейді.

Әйел кідірместен келісе кетіп, әлгі жігіттерге бір бас қойын ұсына салады. Содан қойды сойып Әбу Бакр мен оның көмекшілеріне алып келіп үлкен дастархан жаяды. Барлығы піскен етті асап жеп, қарындары біршама тойып қалады. Сонда Әбу Бакр бұл еттің қайдан келгенін сұрайды. Жігіттер болған жайтты баяндап берген уақытында Әбу Бакр дереу ауызындағы етті құсып жібереді. Мұсылмандар бұл еттің алалау жолмен келгенін біліп, барлығы бірдей жеуден бірден бас тартқан екен.

Түйін: Арлы ұрпақ өсіргің келсе – жеген асың адал болсын

Жалғас АСХАТҰЛЫ — Дінтанушы

Show More

Басқа жаңалықтар

Close