Cіз білесіз бе?

Фитна – вирус

Фитна деген сөзді естігенсіз бе? Фитна, ол – бүлік. Бүлік қоршаған ортаға тез бейімделіп кететін хамелеон сияқты. Өйткені, бүлік – көз алдыңда болатын құбылыс. Алайда, оны байқау қиын. Хамелеоннан бір ғана айырмашылығы – кесіртке тұқымдас жәндік өз қорегін жеу үшін және жемтік болмау үшін түсін құбылтады. Ал, бүлік айрандай ұйып отырған қоғам ішіне ірікті салады.

Фитна сөзінің шығу төркіні – өртеу, азғыру, сынау, балқыту (темір, алтынды). Жалпы, бүліктің отбасылық сынақ екені және қоғамның тынысына у тарататыны көбірек мәлім. Әбу Ханифаға:

-Саған бір сұрақ қояйын, мына кісі жайлы не дер едің?-деп сөзін жалғастырып: Жәннатты үміт етпейтін, тозақтан қорықпайтын бір адам бар. Ол Алла Тағаладан қорықпайды, өлексе жейді, руқуғ және сәждесіз намаз оқиды, көрмегеніне куәлік береді, ақиқатқа ашуланады, фитнаны (бүлікті) жақсы көреді, Алланың рақымынан қашады, яһудилер мен насралардың сөзін құптайды. Бұған не дейсің? –деп білгісі кеп емес, аяқтан шалмақ боп сауал қояды.

Әбу Ханифа бірге отырған жолдастарына көз тастап:

-Ал, сендер не дейсіңдер, бұл кісі хақында не айтасыңдар?-деді. Олар сұмдық бір кісі жайлы естігендей боп: Айтқаны рас болса өте жаман адам екен, бойында кәпірдің белгісі байқалады,-деді. Имам Ағзам болса:

-Сенің суреттеп берген адамың – Алла Тағаланың сүйген құлдарының бірі,-деді. Астарлы сұрақтың жауабын ғұлама былай тарқата бастады: Ол жәннаттан емес, жәннат Раббысынан үміт етеді, тозақтан емес, тозақ Раббысынан қорқады. Алла Тағаланың әділдігіне жүгінуден қорықпайды. Өлексе – балық, руқуғ және сәждесіз намаз – жаназа намазы және пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту. Көрмегеніне куәлік етуі – Алладан басқа тәңірдің жоқтығына және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етуі. Алла Тағалаға көп құлшылық ету үшін ақиқат болған өлімге ашуланады. Ал, фитна – бала-шаға мен мал-дүние. Алланың рақымы – жаңбыр. Яһудилер мен насраларлардың Құранда бір-бірі жайлы айтқан сөздерін растайды,-деген екен.

Құран Кәрімде: «Негізінде, мал-дүниелеріңді және бала-шағаларыңды фитна (сын, сынақ) деп біліңдер…[1]»,-деп өмірлік бір сынақты баян еткен. Ал, қоғамға жаппай зияны бар бүлік жайлы Құранда: «Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан сақтаныңдар…[2]»,-деп, бүлік от сияқты, оны тұтандырғанға зияны тиген сияқты маңайында жүргендермен қоса құрдымға алып кететіндігі баяндалып тұр.

Омар бин Хаттаб (р.а.) халифалығы заманы болатын. Бір топ сахаба олардың арасында халифамен бірге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген сырларына сандық бола білген сахаба Хузайфа бин Яман (р.а.) да бар. Халифа Омар (р.а.): «Пайғамбардан (с.ғ.с.) фитна (бүкіл) жайлы естігендеріңіз бар ма?»-деп сұрады. Хузайфа (р.а.):

-Кісінің әйелі, мал-дүниесі, бала-шағасы және көршісіне қатысты фитна (азғырылуы) намаз, садақа, жақсылыққа шақыру және жамандықтан қайтару амалдарымен кешіріледі»,-деп жауап берді. Мұсылмандар әміршісі (р.а.):

-Менің сұрағым бұл емес. Теңіз толқыны секілді айналасын жуып-шайып кететін фитна жайлы сұрап отырмын»,-деді. Хузайфа (р.а.):

-Уа, мұсылмандар әмірі! Сізге ол фитнадан қауіп жоқ. Ол фитнамен сіздің араңызда жабық есік тұр»,-деп жауап берді. Омар (р.а.):

-Ол есік ашыла ма, әлде, сындырыла ма?»-дегенде Хузайфа (р.а.):

-Есік сындырылады,-деді. Омар Халифа (р.а.):

-Ендеше, ол есік ешқашан жабылмайды,-деді. Хузайфа (р.а.):

-Иә,-деп жауап берді. Міне, бұл әңгімеде екі фитна жайлы сөз қозғалды: мал-дүние мен теңіз толқыны сияқты бүлік.

Кейін сахабалар заманында үлкен фитна орын алды. Табиғин Мұхаммед бин Сирин (р.а.) сол жайлы:

 «Бүлік басталған уақытта Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабалары он мыңдаған кісі еді. Солардың жүзден азы тіпті отызға жетпейтіні ғана араласты»,-дейді. Бүлікке араласу адамға дұрыс шешім болса ең бірінші сахабалар араласатын еді. Себебі, олар – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әрбір өсиетін қалтқысыз орындайтын арда тұлғалар. Мадина қаласының ғұламасы имам Малик бин Әнас (р.а.): «Сүннет – Нұх пайғамбардың кемесі. Кім ол кемеге мініп алса, аман қалады. Ал, кім оны тәрк етсе құрдымға кетеді»,-деген екен.

Демек, сахабалардың фитнаға араласпауы – саяси немесе иман тұрғысынан әлсіздігі емес, керісінше, сүннетке сай әрекет етуінде. Сахаба Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Болашақта бұлыңғыр, күмәнді істер болады. Сендер байсалды болыңдар, асығыстық жасамаңдар. Сендердің жақсылыққа ілесуші болуың, жамандықтың көшбасшысы болудан әлде қайда жақсы, қайырлы»[3],-деген екен.

Әнас бин Малик (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Алла құлдарының ішінде жақсылыққа жол ашушы және жамандықтың есігін жабушылары болады. Әрі олардың арасында жақсылық есігін жауып, жамандық есігін ашатыны да болады. Алла Тағала тарапынан жақсылық есігін ашушы еткен адамға жәннат пен жақсылық болғай. Ал, жамандық есігін ашушыға тозақ пен құрдым болсын»[4],-делінген.

Сахабалар уақытында орын алған бүлікке қатыспағаны үшін жұрт батыр сахаба Сағд бин Әбу Уаққасқа (р.а.):

-Халифаларға кеңес беретін топ мүшесі һәм батыр бола тұра мұныңыз не?!-деп жазғырады. Сонда көреген сахаба:

-Олай болса маған екі көзі бар, тілі бар қылыш беріңдер. Ол мынау кәпір, анау мұсылман деп ажыратып берсін. Мен жорықтарға қатысқанмын, жорықтың не екенін білемін. Алайда, сендердің жағдайларың – дауылда қалып қойған керуен сияқты. Дауыл басталмай жатып дұрыс келе жатып, құм көтерілген кезде жолды таппай қалдыңдар, бірің жол мына жақта шығар деп оңға кеттіңдер, бірің жол былай болуы керек деп солға жүрдіңдер. Үшінші топ – біз. Дауыл тұрмай жатып жолымыз дұрыс еді. Құйын басылсын, соңыра жүреміз деп біз күтіп отырмыз. Фитна уақытында да осылай, бүлікке жоламаған адам дұрыс жолда, қалғаны қаншалықты жақсы ниетпен болса-дағы араласса адасады»,-деген екен.

Демек, фитна – вирус. Вирустың табиғаты әрбір адамға байқатпай дендеп кету.

Руслан ҚАМБАР

Исламтанушы

[1] Әнфал сүресі, 28-аят

[2] Әнфал сүресі, 25-аят

[3] Байһақи

[4] Ибн Мажа

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close