Ислам және қоғам

«Төртінші мегаполис»

Шырайлы Шымкент – үшінші мегаполис атанды. Төртінші миллион тұрғыны бар қала қайсы аймақ болмақ? Тараз ба, Талдықорған ба? Ақтөбе ме, Ақтау ма? Мүмкін, Орал немесе Атырау болар? Қай қала төртінші мегаполис болса да, біз қуанамыз.

Кезінде қазақ даласында заманының озық шаһарлары болған Отырар, Сайран, Сарайшық, Баласағұн, Сығанақ, Сауран, Жүйнек, Ясы іспетті қалалар баршамызға тарихтан мәлім. Бұл қалалар – Қазақ елімен бірге орта Азияның рухани тынысымен қатар экономикалық күретамырына қан жүгірткен алып шаһарлар. Қазақтың бұл қалалары адамзат өркениетіне өзіндік таңбасын қалдырғанына тарих куә. Шаһар бар жерде білім мен өнер де, өндіріс пен экономика қатар дамиды. Халықтың әл-ауқаты да жақсара түседі. Қазақ жерінің көне қалалардағы инфрақұрылымдары мен сәулеті, ғимараттар құрылысында қолданған материалдардың сапасы зерттеушілерді күні бүгінге дейін таң қалдырып отыр.

Қазіргі таңда, елімізде тұрғыны жеті сандық межеден асып жығылатын аймақтар саны артуына жастардың қосар үлесі зор. Мұны жастар түсінуі керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):

تناكحوا تناسلوا تكاثروا، فإني مباه بكم الأمم يوم القيامة

«Үйленіңдер, балалы-шағалы болыңдар, көбейіңдер. Өйткені, мен қиямет күні басқа үмбеттер алдында сендерді мақтан тұтамын»,-деген. Расында да, демографиялық өсу – елдің экономикалық дамуына үлкен серпіліс беретіні ақиқат. Демографияға мемлекеттік деңгейде біршама қолдау жасалып жатыр. Қазақта: «Қой егіз тапса, шөптің басы айыр туады» дегендей әрбір бала өз несібесімен дүние есігін ашатынын ұмытпайық. Халқымыздың саны 17 миллион емес,  қазақ даласында 17 миллион шаңырақ болсын. Он жеті миллион шаңырақтың әрбірінде кемінде үш баладан болса Орта Азияның барысына айналамыз.

Кезінде Израилдің бесінші премьер-министрі Голда Меир бала туу статистикасын үнемі жеке бақылауында ұстаған екен. Себебі, халық санының көптігі экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан елдің күшінің бір көрсеткіші екенін түсінді. Ал, Қытай елінде атом бомбасы жайлы лекция оқыған ғалымға қытайлар «…біз ол бомбадан қорқатындай санымыз аз емес» деген сарында жауап берген екен.

Ендеше, келесі мегаполис қай шаһар болуы жастарға байланысты.

Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы

 

Show More

Басқа жаңалықтар

Close