Cіз білесіз бе?

Тұлға қалыптастырудың 4 тәсілі

Құдай Тағала адамға жақсылық қаласа қате-кемшілігін көретін қабілет береді. Нәтижесінде көкірек көзі ашылып, тұла бойындағы пенделік кемшілігі мен мінін көру мүмкіндігіне ие болады. Осылайша, жаман мінезі мен жағымсыз әдетінен арыла бастайды. Өкініштісі, жұрттың көзіндегі қылды лезде көріп, өз көзіміздегі томарды сезбейміз. Өйткені, көпшілігіміз өзгенің жүріс-тұрысындағы айыбын іздеуге, соны талқылауға бейім тұрамыз.

Ал, енді кемшілігімнен арылғым келеді деген адамға хәкімдер айтқан төрт тәсілді ұсынамыз.

Бірінші тәсіл: Рухани ұстаз табу. Адамдардың рухани дертін сезетін әрі оны емдеудің әдіс-тәсілін білетін дана ұстаздардардың сұхбатына қатысу. Алайда, мұндай рухани жетекшіні бұл заманда табу аса қиын.

Екінші тәсіл: Шыншыл дос. Достың да досы бар. Нағыз достық көрсете алатын, жолдасының мінез-құлығы мен іс-әрекетіндегі кемшілігін бүкпей айтатын шынайы жанашыр досты да табу қиынның-қиыны. Сахаба Омар бин Хаттаб (р.а.): «Маған айыптарымды (қате-кемшілігімді) көрсеткен адамға Алла мейірімділік жасасын» деген екен. Бүгінде ащы шындықтан гөрі, балдай тәтті өтірікті айтатын дос көп. Шындықты айтып жаманатты болғанша, жағымпазданып жақсы атанғаным дұрыс деп қате ойлайтын достың мұндайда пайдасы шамалы. Оған ең бірінші кезекте өзіміз кінәліміз. Кемшілігімізді бетімізге айтқан досымызға алғыс білдірудің орнына, ренжіп ара-қатынасымызды үзіп жатамыз.

Үшінші тәсіл: «Дұшпан» сөзінен ғибрат алу. Әр адамның жұлдызы қарсы танысы болады. Ұжымда және басқа да жерде сөзі жараспайтын және мінезі үйлеспейтін әріптесі немесе «жора-жолдасы» болады. Олармен көзқарасымыз сәйкеспегенімен, кейбірінің айтқан ащы сөзі бізге әділ баға боп келеді. Былайша айтқанда шындықты бетке айтады. Міне, осыны дұрыс пайдалансақ, қате-кемшілігімізді түзетуге керемет мүмкіндік аламыз.

Төртінші тәсіл: Адамдармен етене араласу. Жұмыста әріптестермен, әулетте ағайын-туыспен және жора-жолдаспен тығыз қарым-қатынас кезінде олардың бойынан көрген жағымсыз әдетті өз бойымыздан іздеп, содан арылуға тырысу.

Руслан ҚАМБАР

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close