Ислам және қоғам

Сауатты халық – террорист болмайды

Қазіргі таңда тәуелсіз басылымдар діни ахуал жағдайын дұрыс түсінбегендіктен терроризм, экстремизм деген ұғымдар ислам дінімен байланыстырылып,  қате ақпараттар жиі беріліп жатады. Асылында, «ислам» сөзі терминологияда «бейбітшілік» мағынасын білдіреді. Ал «мұсылман» дегеніміз – береке-бірліктің ұйтқысы болатын адам. Яғни, қоғамда қандайда бір келіспеушілік, ұрыс-керіс және террористік оқиға орын алса, ол шынайы ислам дінінің келбеті емес. Ислам мен терроризм кереғар ұғымдар екенін Елбасы Н.Назарбаев көптеген халықаралық мінберлерде атап өтті. Әлемдегі көрнекті зиялы қауым өкілдері де исламның мәні ауызбірлік пен бейбітшілік екенін ұрандауда. Соның айғағы ретінде, Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын жолдауында: «Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез-келген әрекетке «мүлде төзбеушілік» қалыптастыру керек» деп, терроризмге қарсы тұру ағымдағы жылдың басты мәселелерінің бірі екенін атап көрсетті.

Дін – сенушілерді біріктіретін, басын қосатын құндылық екенін ұмытпауымсыз керек. Қасиетті Құранда: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік» («Хужурат» сүресі, 13-аят) делінеді. Яғни, адамдардың әртүрлі ұлттар мен ұлыстардан болуы алауыздыққа, бөлінуге себеп болмауы, бәлки, өзара танысып, сыйластықпен өмір сүрудің негізін қалыптастыруы тиіс.

Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүрін теріске шығарып, бірегейлікке сызат түсіргісі келетін шетін көзқарастағы ағымдар өз жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда олар өздерінің идеологияларын көбінесе ақпараттық желілер арқылы береді. Өзіндік танымы әлі қалыптасып үлгермеген жастар, өздері уағызын қалт жібермей тыңдап жүрген ұстазының кім екеніне де көңіл бөле бермейді. Рухани сұранысына жауап алғаны үшін өзін бақытты сезінеді. Сөйтіп, теріс ағымның идеологиясына уланған кейбір жастарда «Өзімдікі ғана дұрыс» дейтін сыңаржақтылық, өзгелердің бәрін «адастыға» шығаратын бірбеткей қатыгездік ұстаным қалыптастыруда.

Сол жат ағым жолындағы азаматтардың көпшілігін жастар құрайтынын БАҚ-да жазып, жалған жиһад жолындағы террористік ұйымдардың ықпалымен кету сынды нақты фактілерін көрсетуде. Өкінішке орай, олардың арасында мектеп балалары мен ЖОО орнының студенттерін де кездестіруге болады. Отандық бір баспасөзде «Жамбыл облысында 360 оқушы діни сектаның ықпалына бой ұрған» деген ақпарат таралды. Бұл дерек облыстық білім басқармасы жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша анықталған. Аталмыш зерттеуде, «жасөспірімдерді арбағандар қатарында салафизм ағымы мен протестанттық ілімдер де бар» деп көрсетілген.

Кейбір жастардың дәстүрлі исламды теріске шығарып, бірегейлікке сызат түсіргісі келетін діни ағымдардың арбауына алданып, солардың сойылын соғып кетуінің өзіндік себептері бар. Соның бірі – діни сауатсыздық. Теріс пиғылды салафилік ағым өкілдерінің бойында өзгелермен санаспайтын идея, сауатсыздық басым болып келеді. Сауатсыздықты жою тек ағартушылық жолымен ғана іске аспақ. Әу бастан ислам діні, сауатсыздыққа «Оқы…» деген әмірімен қарсы тұрып, саналы ғұмыр кешуді міндеттеді. Ислам ғұламалары «Ғылым-білімсіз адамзат өмірі – тұл» деп қарады. Адамзатты өзге тіршілік иелерінен ерекшелендіретін білім екеніне де бір ауыздан келісті. Тіпті, ханафи мәзһабының Марғинани, Ғайни, Сарахси және Ибн Камал сияқты ғалымдары истихсан (бір істі ұнамды білу) негізінде, «Діни білім үйреткен адамға ақы төленуі тиіс. Егер де білім иелеріне лайықты жалақы төленбесе, олар басқа тіршілік қамымен болып кетері анық. Білімділердің азаюы қара халықтың діни және дүниелік білімнен сауатсыз болып қалуына себеп болады. Сондықтан, білім иелеріне берілетін ақының үзілмеуі, адам баласының дүние және ақырет біліміне қатысты мәліметтерден бейхабар қалмауының бірден-бір жолы» деп қарады.

Бүгінде елімізде сауатсыздықпен күресудің түрлі жолдары қарастырылған. Соның қатарында дін мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінуде. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры құрылып, аталған қор діни білім ошақтары мен ғылыми-зерттеу орталықтарын дамытуды мақсат етіп отыр. Осындай игі бастамаға қолдау көрсетіп, жұмыла жұмыс істеу келелі келешегіміздің кепілі болмақ.

Абдусамад Оқан,

исламтанушы

Show More

Басқа жаңалықтар

Close