Жаңалықтар

Сарапшы: халал ет өнімдерінің құрамында шошқа еті бар

Астана. 24 қыркүйек. KAZISLAM –  Қазір «халал» тауарлар көбейіп кетті. Сараптама жүргізгенде оның құрамынан шошқа еті шығып жатады немесе пайыздық мөлшерлемелері сай келмейді. Бұл жайында «Ұлттық сараптама орталығы» Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Жұмаш Сандықбаев Алматыда өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, қала тұрғындары дүкеннен алған тауарының сапасы нұсқаулықта көрсетілген мазмұнға сай келетіндігін анықтау үшін аталған орталықтың көмегіне жүгінеді екен.

«Өйткені қазір қалада «халал» тауарлар көбейіп кетті. Мәселен, халал ет өнімдері бар, анықтағанда оның құрамынан шошқаның еттері шығып жатады немесе пайыздық мөлшерлемелері сай келмейді», — дейді орталықтың директоры.

Жиын барысында ол Еуразиялық Одақ аясында қандайда бір азық-түлік сату үшін кәсіпорын мемлекеттік тіркеуден өтуден өту қажеттілігін айтты. Мұндай тіркеуден өткен өнім ешқандай сертификатсыз өзге елдерге еркін кіре береді. Балаларға арналған тауарлар, парфюмерлік-косметикалық өнімдер, тұрмыстық химиялық тауарлар, зарарсыздандыру құралдары, жеке бас гигиенасының заттары мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз Қазақстан аймағына кірігізілмейді екен.

«Біздің орталықтың білікті мамандары кәсіпкерлерге мемлекеттік тіркеу нөмірін алуда сараптамалық жұмыстар бойынша көмек көрсетеді. Бірінші, кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз етуде зертханалық зерттеу түрлерін жүргіземіз. Оған қоса ғылыми-сараптамалық есеп дайындаймыз әрі ол өнімді соңына дейін сүйемелдейміз. Осының қорытындысы бойынша кәсіпкерге тіркеу нөмірі беріледі», — дейді ол.

Сондай-ақ ол, мемлекеттік тапсырыс бойынша жеткізілген заттардың құрамын, қауіптілігін анықтау үшін көптеген мекемелер орталықтың көмегіне жүгінетіндігін айтты.

«Мысалы Теміржол АҚ-на төсек жапқыштарды, суды және тағы басқа заттарды тендерді ұтып алған ұйым жеткізеді. 2016 жылы оларға сараптама жасау арқылы нашар заттардың жеткізілетінін анықтадық. Соның арқасында олар көптеген тапсырысты орындаушы ұйымдармен келісімшартты бұзды. Сондықтан өнімдік бақылау әрдайым орындалып, оған мекемелердің өздері мүдделі болуы керек», — дейді ол.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close