Ислам және мәдениет

«Пайғамбарымызды (с.а.у.) халық боп тану жылын» жариялайықшы

Көпшілік жүретін көшеде жаяу жүрмегеніме көп болыпты. Көлікпен таңертең ерте жұмысқа келесің, жұмысың біте сала қайтадан көлікке отырып, үйге қайтасың. Бүгін сырттан түстеніп қайтайын деп жұмыс орнымнан ұзақтау жердегі асханаға жаяу бардым. Халық көп жүретін көшемен жүріп келемін. Әрі-бері сабылған халық.

Ой үстінде келе жатқан адамның көзі көбіне аяғының ұшында болады емес пе? Мен де жерге қарап жүріп келемін. Орайы келгенде айта кетейік, жалпы Пайғамбарымыздың да (с.а.у.) жүрісі осылай болғаны әрі үмбетіне де көшеде көзді аяғының ұшына салып жүруді өсиет еткені риуаят етіледі. Алланы зікір етіп, терең ой үстінде болғандығынан әрі көзін бөтен дүниелерден қорғағандығынан осылай жүруді әдет еткен болар. Бір жағы үмбетінің бүгінгі таңдағыдай көшедегі арсыздықтарға тап болғанда қалай жүруі керек екенін үйреткен секілді. Себебі, көз адам жүрегінің тұнығын лайлауына тікелей әсер етеді. Көзден кірген арсыздық жүректі жылдам ластайды. Ластанған жүрек ғибадат-құлшылықтан ләззат ала алмайды, арсыздықтан тыйыла алмайды.

Әңгімемізге қайта оралсақ… Содан төмен қарап келе жатып, жол үстінен адам жиіркенерлік дүниелерге көзім түсті. Әрбір жерде жатқан қақырық пен түкірік… Кешіріңіздер, бірақ, расымен де, мұсылмандар өмір сүретін бір елде, бір қалада мәдениеттің осыншалықты деңгейде болғанына жүрегім сыздады.

Біршама Батыс елдерін көрдім. Көшесіне түкіру тұрмақ, қағаздың қиқымын тастауға ұяласың.

«Тазалық – иманнан» деген Пайғамбардың (с.а.у.) үмбеті емес пе едік? «Жолдан адамдарға кедергі келтіретін тасты алып тастау – иманнан» деген Пайғамбарды (с.а.у.) үлгі тұтушы қауым емес пе едік? Бұл жерде тастың орнына көп нәрсені мысал етуге болады. Көшеге түкіру де осыған жатады. Түкіріктің тастан да зор кедергісі бар. Адам түкіріктен жиіркенгені секілді тастан жиіркенбейді. Демек, тас – мысалдың минимумы. Сондықтан да, көшеге түкіріп, адамдардың жүруіне кедергі келтіру де иманның көрсеткіші болса керек.

Кейде мұсылмандар мұсылмандық мешіттің айналасында, бес уақыт намаздың кезінде, отыз күн оразаның уақытында ғана деп ойлайтын секілді. Әсте олай емес. Мұсылмандық – әдепке сай өмір сүру салты. Мұсылмандық – үлкен мәдениет. Мұсылмандық тұнып тұрған этика. Мұсылмандық 24/7 болуы тиіс. Одан басқасы қабылданбайды. Пайғамбарымыз адам болғандықтан, оның 24 сағаттық өмір салты мұсылмандардың өмір сүру инструкциясы.

Жақында ғана құрбан айт мейрамы өтті. Сол кезде әлеуметтік желіден құрбан шалғаннан соң артын ластап кеткендердің видеосы тарады. Ұялғаннан кірерге тесік таппадық. Осыдан кейін халықтың мұсылмандарға деген, құрбан айтқа деген жағымды пікір естіп көріңіз.

Бүгінде мұсылмандардың басына келіп жатқан бәленің бәрі өздерінің осындай мұсылманшылыққа сай емес амалдарынан. Сондықтан да, мәдениетті мұсылман өзінен, отбасынан бастауы тиіс. Кемшілік Исламда емес, біз – мұсылмандарда.

Бұның бәрі бізге Пайғамбарымыздың өмірбаянын оқудың, санамызға тоқудың қажет екендігін көрсетеді. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы биылғы жылды «Ислам және отбасы» жылы жарияласа, келесі бір жылды «Пайғамбарымызды (с.а.у.) халық боп тану жылы» деп жарияласа, нағыз «Рухани жаңғыру» сол болмақ!

Сұлтан КЕРІМ

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close