Матуриди

Пайғамбарлардың сипаты

Пайғамбарлар – Алла Тағаланың таңдаулы құлдары. Олар, өздеріне жүктелген ақиқатты насихаттап, іс-әрекеттерімен өзгелерге үлгі бола білген ізгі жандар. Пайғамбарлар өзге адамдардан бірнеше сипаттарымен ерекшеленіп тұрады. Енді, сол сипаттарына қысқаша жеке-жеке тоқталып көрелік.

  1. Сидқ: Сидқ – пайғамбарлардың бойындағы туралық, шыншылдық сипатын білдіреді. Олар  қандай қиын сәттер болсын туралықты ұстанып, ақиқаттан ауытқымады. Алла елшісі (с.а.с): «Мені, ешуақыт сараңдық жасап, өтірік сөйлеген және қорқақтық көрсеткен хәлімде кезіктірген емессіңдер»[1] дейді. Шындықты ғана айтып, ісінде адал болу, әрдайым туралықты ұстану пайғамбарларға тән қасиет болып табылады.

Бірде Алла елшісі (с.а.с) Сәуа ибн Қайс әл-Махарибиден бір жылқы сатып алады. Кейін Сәуа бұл істің болғанынан танып алады. Сол кезде Хұзайма келіп, пайғамбарға жақтасып өтірік куәлік етеді. Сонда Алла елшісі (с.а.с) Хұзаймаға: «Сен ол кезде бізбен бірге болмаған едің-ғой. Қалай жалған куәлік етіп тұрсың?», — дейді. Осы кезде Хұзайма: «Сен әкелген ісіңде (дінде) тек шындықты айттың. Себебі, сенің (пайғамбардың) ақиқаттан басқаны айтпайтыныңды білген едім», — дейді. Сонда пайғамбар (с.а.с): «Кім Хұзайманың пайдасы немесе зияны үшін куәлік ететін болса, соның есебін береді»[2] деген. Яғни, пайғамбарлар қандай жағдай болса да, ақиқаттан ауытқымаған.

Пайғамбарлар әзілдеп болса да өтірік айтпағанын бір риуаяттан да көруге болады. Бірде Алла елшісіне (с.а.с) бір қарт әйел кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі (с.а.с) жәннатқа кіруім үшін дұға етші!», — деп сұрағанда, Ол (с.а.с.): «Қарт әйелдер жәннатқа кірмейді-ғой», – деп әзілдейді. Әзілді түсінбеген қарт әжей көңілі құлазып, жылап жібереді. Сонда Алла елшісі (с.а.с) сәл жымиып: «Жәннатқа адам кәрі күйінде емес, жас болып кіреді емес пе?» дегеннен кейін барып әлгі әйелдің жүзінен қуаныш лебі ескен еді (Имам Тирмизи).

Имам Матуриди, Құрандағы: «Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқып, турашылдармен бірге болыңдар» (Тәубе сүресі, 119-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Аятта адамдар, пайғамбарлардың тура жолда болғандарын және оларға еру керектігін білетіндері айтылып тұр. Сонадай-ақ, біле тұрып пайғамбарларға ілеспегендер құтты Алла елшісімен (с.а.с) бірге болған мүһажир (Меккеден келген) және ансар (Мәдиналық) сахабаларды көре тұрып, бөлініп кеткен адамдарға ұқсайды. Әрі бұл аят ижмәғтың шарғи бір дәлел екендігін де растайды. Себебі, Алланың дініндегі турашылдармен бірге болу әмірін қабыл еткен мыңдаған халықты растау, шарғи бір дәлелді мойындау болып табылады»[3] десе, «(Уа, Мұхаммед!) Олардың айтқандарының (айтқан өтіріктері мен жапқан жалалары) жаныңа батып, көңіліңе қаяу түсіретінін жақсы білеміз. Шындығында, олар сенің өзіңді өтірікші санамайды, алайда ол залымдар біліп тұрып, Алланың аяттарына сенбеді» (Әнғам сүресі, 33-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Алла, пайғамбарына қауымының дінін қабыл етпей, айтқандарын жалғанға шығаруы ауыр тиетіндігін айта келіп, істің мәнін ашып түсіндіреді. Яғни, олардың жалған сөздері Аллаға және Оның елшісіне (с.а.с) жабылған жала ғана. Олар бұл сөздерімен сені жалғанға шығара алмайды. Бәлки, мұндай іс Алланың аяттарын жоққа шығаратындардың әдеті»,[4] — дейді.

Аталмыш аяттардың тәпсірінен адамдардың көбі пайғамбарлардың тура жолда болғанын білетінін байқауға болады. Соған қарамастан, олар жеке пайдалары үшін пайғамбарларды мәнсұқтап, түрлі жалалар жабады. Әрине, олардың мұндай қитұрқы қылықтарынан ешнәрсе шықпасы анық. Себебі, әрбір пайғамбардың мұғжизасы, оның туралықта болғанын растайтын бір айғақ болса, соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с) мұғжизасы да – Құран. Яғни, Құран әрдайым Мұхаммедтің (с.а.с) хақ пайғамбар екендігін растаушы дәлел болып қала бермек.

  1. ӘлӘмәнә (таза): Әмәнә – сенімді, таза деген мағыналарға келеді. Ғисма (күнәдан пәк) сипатымен мағыналас. Әр екеуі пайғамбарлар күпірлік, үлкен-кіші күнәларді істеу және көңілге жағымсыз қылықтарды жасаудан алыс болғанын, сыртқы бітімі мен жан дүниесі бірдей таза жандар екендігін білдіреді. Пайғамбарлар адамдарға дінді көңілге қонымды етіп жеткізу үшін сөзі мен ісі сәйкес келу керек. Сол себепті, олардың сенімді әрі күнәдан пәк болулары ақылға қонымды іс. Әйтпегенде, оларды үмметтері үлгі тұтып арттарынан ермес еді. Матуриди мәзһабы бойынша, олар пайғамбарлық келуден бұрын да, пайғамбарлық келген кейін де таза өмір сүрді. Олардың өмірлерінде кейбір болмашы қателіктер жүз бергені болмаса, күмәнді нәрселерден де бойын аулақ ұстады[5]. Немесе пайғамбарлар үшін мүстахаб (ерікті) амалға жататын көп ұйқы, шектен тыс тамақтану, пайдасыз іспен айналысу сынды істердің өзі жат істер болып табылды.

Имам Матуриди, Құрандағы: «Ешбір пайғамбар олжаға қол сұғып, аманатқа қиянат жасамайды. Кімде-кім аманатқа қиянат жасаса (яғни, олжаға немесе халыққа тиесілі ортақ дүниеге қол сұғатын болса), қиямет күні (Алланың алдына) сол істерінен сұралады. Сондай-ақ олардың ешбірі әділетсіздікке ұшырамайды» (Әл-Имран сүресі, 161-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Мүнафықтар: «Уа, Мұхаммед! Олжаны әділ бөл» деген кездерінде «Ешбір пайғамбар олжаға қол сұғып, аманатқа қиянат жасамайды» аяты түсті. Яғни, сендер Оған елшілік міндет жүктелмей тұрып, ешкімге ешқандай бір қиянат жасамағанын білетін едіңдер. Сонда ол елші болып жіберілгеннен кейін біреуге қалай қиянат жасамақ?! Ақыретте әділ үкім шығарылады. Кімде-кім біреудің ақысын жеп, аманатқа қиянат қылса, сол ісінен сұралады, ешкім де зиян тартпайды. Сондай-ақ, мүнафықтар соғыста түскен олжаларды (халықтың мүлкін) барымта ету дұрыс деп білгендіктен Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарды да өздері сияқты ойлады» деп екі мәселеге көңіл аударады. Әуелгісі, пайғамбар болғанына дейін «Мұхаммадул әмин» (сенімді Мұхаммед) атымен танылып, біреудің қыл-бұрауына қиянат жасамаған жанның пайғамбар болған соң, Алланың дініне қиянат етуі, дін жайлы жалған сөйлеуі мүмкін бе?! Әрине, бұл мүмкін емес. Екіншісі, «Кәпірден бір тал түк тартсаң да олжа» деген сияқты халық арасындағы кейбір сөздердің дұрыс еместігіне ишарат жасап, қате түсініктен қайтарады. Яғни, кімде-кім біреудің затын ұрлап немесе барымта етіп алатын болса, сол үшін қияметте сұралатынын ескертеді.

Ақида кітаптарында, пайғамбарлар және Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с) жәннәтпен сүйіншілеген он сахаба күнәдан пәк жандар болғандықтан, оларға қабір әлемінде Мункар және Нәкир сұрақ қоймайды, өмірдегі істерінен есепке тартылмайды. Тек қана, «Сен мынаны істегенің үшін кешірілдің» деген сынды өзара әңгіме болады делінеді[6]. Сондай-ақ, пайғамбарлық – сауапты іс істеуге мәжбүр етілген немесе күнәні жасауға дәрменсіз қылынған деген ұғымды да білдірмейді. Керісінше, олардың өмірдегі сынақтан өз еріктерімен сүрінбей өтулері, әрдайым ақиқат жолында берік тұрулары Алланың рахымы әрі кеңшілігі болып табылады.

3. Тәблиғ: Тәблиғ – пайғамбарлардың өздеріне міндеттелген істі айна-қатесіз, бәз қалпында жеткізуін білдіреді. Сондай-ақ, Алланың дінін еш өзгертпей, өз қалпында жеткізбеу, жасырып қалу харам болса, пайғамбарлардың харам іс істеуі де мүмкін емес.

Имам Матуриди, Құрандағы: «Уа, (ардақты) Елші! Раббыңнан өзіңе түскенді (үмметіңе бұлжытпай) жеткіз. Егер мұны істемесең, елшілік міндетіңді тиісінше атқармағаның» (Мәйда сүресі, 67-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Кәпірлер үш түрлі болды. Әуелгісі, «Құранды тыңдамаңдар. Оқылғанда, улап-шулаңдар» (Фуссилат сүресі, 26-аят) деп, Құранға тіс-тырнағымен қарсы болғандар. Екіншісі, «Уа, Мұхаммед!) Күпірлікте қасарысқандар сені зынданға тастап, қамап қоюды не болмаса өлтіруді яки жер аударып жіберу сынды бірқатар айла-амал ойластырып, тұзақ құрады…» (Әнфал сүресі, 30-аят) деген аятта пайғамбарға қарсы түрлі қауіптердің болғаны айтылады. Үшіншісі, пайғамбарға сұлу әйел, атақ-мәнсап және қыруар байлық ұсыну арқылы дінге шақырудан бас тартуын өтінеді. Міне, осындай түрлі кедергілерге қарамастан пайғамбарлар міндеттерін бұлжытпай орындаулары әмір етілді. Егерде пайғамбар өміріне төнген қауып-қатердің салдарынан ашық насихат жасай алмаса, ол үшін азап берілмейді. Алайда, бұл өмірін құтқару мақсатында тіл ұшымен күпірлік сөзін айтқан адамға ұқсайды дегендік емес. Яғни, қандай жағдай болсын пайғамбар ебін тауып уағыз-насихатын жасауы міндет болып табылады. Мүмкін, бұл екі мәселедегі айырмашылық – иманның адамның ішкі дүниесімен (жүрегімен), ал дінді насихаттау ісінің адамның сыртқы дүниесімен (тіл, жүріс-тұрысымен) қатысты болуы болса керек. Немесе дінді насихаттау мәселелесін фықһтағы талақ және құл азат ету мәселесіне ұқсатуға болады. Яғни, біреу әйеліне тілімен «Талақ еттім» десе талақ түседі. Ол жерде жүрекпен ниет ету шарт емес (Ақиқатын Алла біледі)»[7] деген.

Қасиетті Құранда: «Міне, бүгін діндеріңді толық жеткіздім, нығметімді тамамдадым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым» (Мәйда сүресі, 3-аят) деген аят соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с) Ислам дінін кемеліне келтіріп, толық жеткізгенін баяндайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) Меккені азат еткен күні: «(Діндеріңді) толық жеткіздем бе?»,- деді. Олар (сахабалар): «Әрине»,- деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с): «Аллаһым куә бол! Аллаһым куә бол! Аллаһым куә бол!», — деді. Содан кейін, осында болғандарың жоқтарыңа жеткізіңдер. Мүмкін естіген адам жеткізген адамнан да тақуа болар»[8] деген мәні терең сөздерімен үмметімен қоштасқандай болды. Аспан мен жердегі күллі жаратылыс «Дініңді толық жеткіздің» деп күңіренумен болды. Хақ дінді дұрыс жеткізуді артындағы қара ормандай үмметіне мұра етіп қалдырды. Содан бастап, дана халқымыз, «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демекші, әр ғасырдың, әр ортаның үрдісімен санаса отырып, дінді көркем түрде жеткізу әрбір мұсылманның басты міндетіне айналды.

  1. Фәтәнат: Фәтәнат – дана, өте ақылды және зерек деген сынды ауқымы кең, мәні терең мағыналарды өз ішіне қамтиды. Оған бір жақтылы, кесімді анықтама беру қиын. Себебі, парасат, даналық дегеніміз мұсылмандықтың шыңы болса, фәтәнат күллі адамдардың ақыл-парасатынан жоғары болған пайғамбарлық қасиет. Сондай-ақ, пайғамбарлар фәтәнаты арқылы дұшпандардың қарсылықтары мен достарының сұрақтарына қанағаттанарлық толық жауап бере алады. Егер бір мәселеге қатысты қисынды жауап бере алмайтын болса, онда діннің түсініксіз болып қалуына әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті, пайғамбарларға кез-келген мәселені таңғажайып қисынмен, ұтымды жауаппен шеше алатын фәтәнат сипаты берілген.

         Уаһб ибн Мүнәббаһ былай дейді: «Мен кітапты (Құран) жетпіс бір рет оқыдым. Содан түйгенім, адамзат жаратылған күннен бастап соңы біткенге дейінгі күллі адамның ақылы бір Мұхаммедтің (с.а.с) ақылына тең келмейді. Өйткені, ол күллі адамзатқа келген соңғы пайғамбар болғандықтан, оған берілген даналықтың шегі жоқ»[9].

         Имам Матуриди, Құрандағы: «Ант етеміз! Біз (Мұхаммедтен, Мұса мен Һаруннан да) бұрын Ибраһимге де ақиқатты білдіріп, һидаят пен ақыл-парасат бердік…» (Әнбия сүресі, 51-52 аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Әлбетте, біз Ибраһимге пайғамбарлық бердік. Алла Тағала пайғамбарларға кішкентай кезінен бастап туралықты көрсетіп ақылды, зерек (фәтәнатты) қылды. Мұндай қасиет өзгелерге берілмеді»[10] деу арқылы пайғамбарлардың бойындағы фәтәнат сипаты Алла Тағала тарапынан берілген ерекше бір сый екеніне тоқталабы.

         Қорыта айтар болсақ, пайғамбарларға тән «Сидқ, әмәна, тәблиғ және фәтәна» сипаттары оларды өзге жандардан ерекшелендіріп тұратын қасиеттері болып табылады. Пайғамбарлық – Жаратушы Хақ пен жаратылыс арасында дәнекерлік жасаған өте ауыр міндет. Сондықтан, пайғамбарлардың бойында аталмыш сипаттардың болуы шарт. Әйтпегенде, әр пайғамбар өз үмметін артынан ерте алуы қиынға түседі. Себебі, уағыз-насихат жасаған адам әуелі өзі сол айтқанын ісімен дәлелдеп, адамдардың сұрақтарына тұшымды жауап бере алмаса, өзгелер олардың хақ пайғамбар екенін растай қоймайды. Міне, осы тұрғыдан Ислам ғұламалары аталмыш сипаттардың әрбір пайғамбардың бойында болуы керектігін бір ауыздан келіскен.

Абдусамад Оқан

Исламтанушы

[1] Бұхари.

[2] Бұхари, 2251-хадис.

[3] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, Стамбул. – 2006. 6-том, 471-472 бет.

[4] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, Стамбул. – 2006. 5-том, 51-бет.

[5] Әбу Йусыр Мұхаммад әл-Баздауй, Ұсул әд-Дин, «Мәктабатул Азһария лит-турас» баспасы, Қаһира. – 2003. 172-173 бетте.

[6] Хасан ибн Әби Бәкір әл-Мақдаси, Ғаятул марам фи шархи Бахрил кәләм, «Мәктабатул Азһария лит-турас» баспасы, Қаһира. – 2011. 607-бет.

[7] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, Стамбул. – 2005. 4-том, 273-бет.

[8] Бұхари.

[9] Абдулкәрим Татан, Мұхаммад Әдиб әл-Кайлани, Ғаунул мүрид ли шархи Жауһаратит тәухид фи ақидати Әһлі сунна уәл жәмәға, «Дәрул башайр» баспасы, Димашықық. – 1999. 2-том, 750-бет

[10] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, Стамбул. – 2007. 9-том, 290-бет.

Show More
Close