Ғибратты әңгімелер

НЕ ДЕГЕН АУЫР ЖЫЛ ЕДІ!

Күндердің күнінде бір жазушы оқу бөлмесінде отырып былай жазыпты:

— Өткен жыл біздерге көп машақат алып келді. Біраз уақыт төсек тартып жатып қалдым. Жасым болса 60 келді. 30 жыл еңбек еткен баспаханадан зейнетке шықтым. Әкемді ақырғы сапарға аттандырып, жаназасын оқыдым. Ұлым болса жол апатына түсіп университеттегі оқуын жалғастыра алмай қалды…. Жазуының соңында: «Не деген ауыр жыл еді!», деп күрсінеді.

Сол уақытта әйелі бөлмеге кіріп келіп күйеуінің көңілсіз отырғанын байқап, иығының үстінен жазған хатына көз салып оқып қалады. Содан үнсіз кері бөлмеден шығып кетеді. Сәлден кейін әйелі қайта келіп қолындағы бір уыс хатты күйеуінің жанына қойып кетеді. Күйеуі көз салып оқи жөнеледі:

— Өткен жылы біздерге көп жақсылықтар алып келді. Ұзақ уақыт науқастанып төсек тартып жатқан жерімнен қайта аяққа тұрдым. Жасым болса 60 келгенімен Құдайға шүкір денім сап сау. 30 жыл еңбек еткен баспаханада халықтың көңіліне қонған көптеген пайдалы кітаптар жазып қалдырдым. Әкем 85 жасқа келіп ешқандай ауыртпалықты сезінбестен, бізге масыл болмастан өмірден өтті. Ұлым болса көлік апатынан аман қалды әрі тез ауруынан айығып кетті…. Жазудың соңында: «Біздерге тыныштық сыйлаған өткен жыл жақсы еді!» делінген екен.

Түйін: «Расында Аллаһ Тағала адамдарға кеңшілік танытады бірақ, олардың көбісі шүкіршілік етпейді» (Намл 73 аят).

 

Жалғас АСХАТҰЛЫ — Дінтанушы

Show More

Басқа жаңалықтар

Close