Жаңалықтар

Наиб мүфти «Байкен» мешітінде жұма уағызын жүргізді

Рамазан айының соңғы жұмасында наиб мүфти Алау Шайқымұлы «Байкен» мешітінде болып, жамағатпен жүздесіп, намаз алдында «Қадір түнінің қасиеті» тақырыбында тағылымы мол уағыз-насихат жүргізді.

«Аламан бәйге айы және Қадір түні осы қасиетті күндердің тәжі. Ерекше мейірімді Алланың Мұхаммед пайғамбардың үмбетіне сый етілген құтты түндердің бірі. «Лайлатүл қадір» – сөздік жағынан алғанда, «қадірі ұлық, әр сәті қымбат, қасиетті түн» деген мағынаны береді.
Жәбірейіл періштелерді үмбетті аралауға жібергенде олар жұрттың тұрғанын, отырғанын бақылап, зікір-пікірлерін тыңдап, намаз оқығандардың сәлеміне жауап береді, олармен сәлемдеседі, таң намазына дейін дұға жасағандардың қасында «әмин» деп тұрады. Ол осы түннің қадірін біліп, бұл түнді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген миллиондаған мұсылмандардың шын ықыластарын, ниеттерін байқап, тілек-дұғаларының қабыл болуына септігін тигізіп, қиямет қайымда Қадір түніндегі жасаған ғибадаттарымызға, құлшылықтарымызға куә болады.
Алайда, мұсылманның тек осы күні ғана сауапты істерді істеп басқа күндерді босқа өткізуге болады деген сөз емес. Ғалымдардың айтуынша, Қадір түнінің нақты күні белгісіз болуының даналығы, мұсылмандар тек осы күнгі құлшылықтарына ғана сенім артып қоймай, Рамазан айының соңғы он түнінің барлығын құлшылықта өткізулері үшін бұл түнді жасырып қойған. Сондықтан мұсылман баласы барлық күндерін осы Қадір түні секілді маңызды санап, дұға-тілекпен, құлшылықпен өткізсе, Қадір түнін дәл табуы мүмкін» – деп жамағатқа қадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігін күтудің абзал екендігіне айрықша тоқталып, осы түндерді ғибадат-құлшылықпен өткізуге шақырды.

Мешіт жамағатына көркем уағыз жүргізген наиб мүфти Алау Әділбаев жамағатпен жұма намазын оқып, ел тыныштығы мен дініміздің тұтастығы үшін дұға жасады.

Show More

Басқа жаңалықтар

Close