Интервью

Мұхаммедәли Болатұлы: Ұстанымым – әкемнің  айтқан ақылы

Назарларыңызға белгілі радиожурналист, дубляж актері Мұхаммедәли Болатұлы Бұхарбаевтың сұхбатын ұсынып отырмыз.

Сіздіңше, радионың міндеті не?

-БАҚ-тың негізгі қызметі – дүйім жұртқа дұрыс ақпарат жеткізу. Жалпы ақиқатқа негізделген ақпаратты айту, жалғансыз жаңалық айту. Осы міндетті қоса атқара жүріп, радионың тағы да қауымға ұсынатын қызметі – көмек құралы. Табиғи апаттар кезінде, қандай да болмасын мемлекеттік деңгейде шұғыл не төтенше жағдайда радиодан басқа ешбір ақпарат құралы елді лезде және тез ақпараттандыра алмайды. Радионы еңбек етіп отырып, көлік тізгінінде келе жатып та тыңдауға болады. Өйткені, адам ағзасында жиырма төрт сағат жұмыс істейтін жалғыз мүше – құлақ екен. Радионың қызметі соған бағытталған. Психологиялық тұрғыда көптеген апаттардың алдын алуда радионың ерекше орны бар. Кеңістікте шектеу мен шекара болмағандықтан радио – көпшілікке әсер ете алатын ақпарат құрал.

-Ал, журналистикаға қалай келдіңіз? Ұстаздарыңыз жайлы айта отырсаңыз?

-Журналистика қызметін әуелі өнер саласынан бастадық. Өнер саласының журналистикамен өрісі бір бағыт. Екеуі де шығармашылық тараптан тұлғалық шыңдалуды талап етеді. Сол себепті журналистикаға өнер арқылы бағыт алдым. Кейін дубляж арқылы, көркем және деректі фильмдерде мәтін оқу мамандығын игеру барысында Қазақ радиосына қызметке, яғни, еңбек етуге қара жұмысшы боп келдім. Әлі де сол – қара жұмысшымын. Содан кейін мен журналистикаға қызықтым. Тек қана диктор боп мәтін оқу ғана емес осы саланың қыр-сырын білуге машықтану керек болды. Сөйтіп, мамандық таңдап, кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің магистратурасына оқуға түстім. Бұл радиода екі жыл еңбек етіп етімізді үйреткеннен кейін еді. Магистратураны тәмамдаған соң араға бірер уақыт салып Ресей астанасы Мәскеу қаласында журналистиканы тағы да тереңдете оқуға мүмкіндік туды. Әсіресе, осы радио, эфир тілі немесе дикторлық саланың тереңіне баруға тура келді. Мектеп қабырғасында ұстаздарымызға пәнді дұрыс түсіну үшін сауалдар қоюға «ұста» едім. Кейінірек журналистиканы оқып жатқанымды көрген сыныптастарымның бірі «мамандығыңды дұрыс таңдаған екенсің, кезінде ұстаздардан дәрісті сұхбат сияқты суырып алатынсың», деп әзілдеп айтқаны есімде.

Ұстаздарға келетін болсақ, Садуақасова Гүлия апайым жаңалықтар бағыты бойынша ұстаздық етті. Еділ Анықбаев, Бақыт Жағыпарұлына айтар алғысым зор. Әрине, бұл кісілердің алдында академиялық білім алғаным жоқ. Жылбек Сембекұлы, Құрмантаева Сәуле – осы есімдердің барлығы ерекше атап өтуге тұрарлық. Ғалымжан Мелдеш, Данияр Төрехан, Махат Садық – бұл ағалардың барлығы сенім артып, біз журналистика бағытына тереңдей түскенде қолдау білдіріп бағыт-бағдар ұсынған. Гүлмира Сұлтанбаева есімді ұлағатты ұстазым бар. Сәкен Нұрбеков ағайым магистратурада жетекші болды. Осы кісілердің есімін ерекше атағым келеді.

Бұған қоса, дикторлық бағытта мені дайындаған, жеке сабақ берген Сауық Жақанова апайым, Майра Смағұлқызы – мәтінді дұрыс оқу, жалпы сөз өнерін тереңінен үйреткен тамаша мамандар. Бұл кісілердің барлығы айтқан ақыл: «ең бірінші дұрыс маман бол». Ол үшін бұл саланың күнгейі мен көлеңкесін білуің керек. Міне, сонда ғана дұрыс маман болады деген өзімде де ой қалыптасты.

Бәлкім, бұл кісілердің бірі мені шәкіртім деп ойламас, бірі мені оқушым деп сезінбес, бірі «бізден тәлім алған жоқ» деп өздері де түсінбестік танытар, дегенмен, біз сырттай ұстаз деп таныдық. Олардың көбінен сырттай тәлім алып, сол кісілерден ұсақ іс байқамағандықтан ұстаз деп айтып жүреміз.

Ең басты ұстаздарым – апам, анам һәм әкем. Апам (әкемнің анасы) жасқа жетпей бауырына басқан жан. Төрт  жастан әріп танытып, жыр-дастан, поэма жаттатқан адам. Өзінің жеке кітапханасы да болды. Бастауыш сыныпта мектепке өзі арқалап апарып, алып қайтатын. Қарның ашып қалмасын деп, таба нан мен айран, тіпті, кейде бүтін бір қарбыз беріп жіберетін кездері көп болды. 93 жаста дүниеден өткен әжем өмірінің соңына дейін кітап оқумен өтті. Тіліміздің кәлимаға келіп, сүре жаттағанымыз да апамның еңбегі. Жас бала жатар алдын әрнәрсені ойлап үрейленеді. Сонда апам, «Жатқыза гөр жар Алла, тұрғыза гөр ин ша Алла, тұрғызбастай іс болса лә иләһа иллалаһ, Мұхаммадүр расуллалаһ» деп айтқызатын. «Құдайдың құлымын, Мұхаммедтің үмбетімін, Шәдиарлардың досымын, Имам Ағзамның қауымындамын», «Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ. Екі иықта екі періште жазған парақ». Осы сөздердің барлығын мағынасына бойламасақ та біліп, жаттап өстік.

Анам – өте сабырлы жан. Ұстамдылық пен әліптің артын бағатын ерекше мінезі бар. Жан баласына жекіп, кейігенін өзім көрген жоқпын. Апам, «40 жылға жуық қасымда болған келінім қызымнан артық»,-деп айтып отыратын. Әкем дүниеден өткеннен кейін анам мен апамның шешесі мен қызындай, одан қалды құрбыдай сырлас болғанын көріп көп адам таң қалды. Нағыз ұстаз болуға лайық адам – қарттарға қабақ шытпай, балаға бажылдамай қарай алатын жан. 38 жыл бастауыш сынып мұғалімі болған менің анам – өз келіндерінің һәм немерелерінің Ұстазы.

-Әңгімемізді радиоға қайтадан бұралық. Қазақ радиосы үшін бәсекелестік таразысына терең ой мен ойын-сауық түсіп тұрған шақта қазақи өңін бұзбай жастар аудиториясын жаулаудың қандай жолдары бар? Осы мақсатта қандай мазмұнда радио бағдарламаларын ашуды ұсынар едіңіз?

-Заман талабы деген нәрсе бар. Әрбір адамның жас ерекшелігіне қарай тыңдайтын, оқитын дүниелері болады. Мұны ешкім өзгерте алмайды. Себебі, ол заман талғамына салатын болсақ, кезінде «Дос Мұқасан» әндері немесе «Битлз» пен «Аббаның» шыққан кезінде одан өзге басқа да топтар мен әншілер шыққан шақта жастар таңдауы болды. Қазір талғат тізіміне ең бірінші ырғақ, ойын-сауықтық бағдарлама онсыз да кіреді. Бірақ, оның кейбірі оспадарсыз болады. Міне, содан аулақ болу керек. Осы орайда Қазақ радиосында бүкіл бағдарлама қалыпты тексеруден, жазылмаған қағидалардан, адами құндылық қағидалары, ұлттық мүдде мен салт-дәстүр сабақтастығын сақтайтын сүзгіден өтеді. Өйткені, бұл жерде ардагерлер мектебі, алдыңғы буын деген бар. Кейінгі жастардың жасаған дүниелеріне зер салып отырады. Жөндеу керек болған жерін түзейді.

Қоғамдағы ең үлкен талас. Көпшілікке сұрақ ретінде келетін нәрсе, буындар арасындағы түсініспестік. Египеттің папирустарында екі мың жыл бұрын жазылған екен: «Қазіргі жастар бүлінді» деп. Дәл сол сияқты әр кезеңнің өзінде буынаралық кейде көзқарастар қақтығысы болуы заңдылық. Дегенмен, осы екеуінің арасында алтын көпір болып отырған алаштың радиосы – Қазақ радиосы деп айтсақ болады. Себебі, бұл жерде қазына бар. Алтын қор бар. Міне сол алтын қордағы ұлт зиялыларының үні жазылған хабарлар, таспалар, бағдарламалардан құралған жүз мыңнан астам жазба сақтаулы. Сол алтын қор бүгінгінің жастарынан кейінгі буын зиялысын қалыптастырады немесе білікті ұрпақ шығара алады  деген ой бар.

-Қазақ радиосында әрі заманауи, әрі қазақи қандай бағдарламалар бар?

Тарихи-танымдық және ағартушылық бағыттаға бағдарламалар қазіргі қоғамға қажет кезінде тұспа-тұс келеді деп ойлаймын. Қазақ радиосы болсын басқа да қазақ елінің радиосына тиесілі желі болса ол халықтың болмысымен, тұрмысымен, салт-дәстүрімен біте қайнасқан дүние болуы керек шығар. Өз топшылауым. Бұл – менің жеке пікірім. Себебі, дәл қазір батысты да алып қарасақ үлгі алатын тұстары баршылық. Мәселен, ұрлықтың жоқтығы, заңның барлық жерде үстемдігі, адамдардың барлық нәрсені өз уақытында атқаруы және басқа да қоғам мен адамды дамытатын мәдениеттің жақсы үлгісі бар. Міне, сол дүниелерді елдің болмысына үйлестіріп алып шыға алса, көпшілікке пайдалы болар еді.

Мәселен, «Қайырлы таң, қазақ елі!» бағдарламасы әр күні жаңа тақырып ұсынады. Сол тақырыпты тыңдарманмен бірге талдайды. Эфирге ұсынылатын тақырып аға буын және жастар тарапымен журналистер мақұлдауымен шығады. Тақырып жан-жақты талқыға салынады. Бағдарламаның «көңілді нота» айдарында тыңдармн өзі әнге тапсырыс бере алады. Сұраған әнді таңдау себебін айтады. Таңсәріден ойын түрінде өтетін түрлі «көңілашар» айдарлар бар. Сергек санада жымысқы және басқа да жат ой болмайды. Себебі, өзі қуана алатын адам, шынайы күле алатын адам көп жағдайда күмән және күндестік деген пиғылдан аулақ болады. Адам бойынан кем-кетік іздеуден, кір жағудан аулақ болады. Өйткені, ол адам – әрбір шыққан күнге шүкіршілік етіп, мүмкіндігім бар дейтін миллиондардың бірі. Бұл – бір бағдарлама.

Қазақи бағдарламаларға келсек, «Інжу-маржан», «Ән домбыра», «Дәуір үні» және «Әжемнің әңгімесін» айтар едім. «Дәуір үні» деген бағдарламаға жеке тоқталуға болады. Бағдарлама алтын қорда сақтаулы жүз мыңнан астам үнді қайта алып шығып жатыр. Солардың ішінде жазушылардың, ғұлама-ғалымдардың өмірбаяндары, шығармаларына арқау болған дүниелерді дәріптеп «Дәуір үні» арқылы өз дауыстарымен беріледі.

«Ән домбыра» қазақтың салт-дәстүріндегі ең керемет өнер дәстүрлі әнші мен домбырашы, күйшілердің саз өнеріндегі жандардың еңбектерін ерекшелейді. Бұл – ұлттық өнердің жанашырларын шығаратын бірегей бағдарлама. «Інжу-маржан» жыр-термені насихаттайтын Қошан Мұстафаұлы ағамыздың бағдарламасы. Жастарға болашаққа қажет тарихи хабар, тіпті, жобаның бірі дер едім. Сонымен қатар, құрдасым Ерболдың жүргізетін «Алашнамасы» – өте тамаша бағдарлама. Онда айтылатын тақырыптар құнды қазына. Тыңдарманға ұлттық рухты сыйлай алады. Жалпы, Қазақ радиосында дүйсенбінің таңынан жексенбінің түніне дейінгі аралықта эфирге берілетін бағдарламалар ұжымның ақылдасуы, кеңесуімен, талқы таразынына түсумен шығады.

-Сіздің Құдай берген ерекше дауысыңыз бар. Әрі аудиториямен сөйлесуде өзіндік тартымды стиліңіз бар. Келешекте шешендік мектеп ашу ойыңызда бар ма?

-Дәрістерді жүйелеп, дәріс беруді бір ізге түсіріп барып бастау керек деп ойлаймын. Мектеп деп айту ауыр шығар. Себебі, мектеп – білімнің жиынтығын қамтитын мекен. Оның шаңырағы биік, керегесі кең болуы тиіс. Жалпы өзіндік мектеп қалыптастыру дегеннің өзі де дәл қазіргі сәтте айтуға қажетсіз дүние шығар. Дегенмен, ұстанған бағытым бар, міне, сол бағытта білгенімді осы радио саласындағы жастарға жеткізуге тырысып жүрмін.

Арманым – осы радио саласында ардагер болу. Ал, мақсатым – радио саласында кейінгі жастарға біз кезіккен кем-кеттікті айтып жеткізу. Бастысы, жастарға қателік қалдырмау. Жетістік пен дамуда оларға кедергі болатын бөгетті жою.

Дәріс беру, радио журналистика, диктор деген мамандықты қалай меңгеру керек деген тақырыптарда дәріс беріп өзіндік бір ұстаз деген атқа лайық болып жатсақ, болашақта Алла нәсіп етсе ойда бар. Себебі, осы тақырып төңірегінде «Әлем әуе толқынында» атты бір кітап бастағанбыз. Бұйыртса, Алла жеңілдік берсе бір-екі жылда кітапты толықтырып шығарсақ… Сол кітап арқылы радионың ең керемет тұстарын, ақпарат таратуда және ақпарат алуда ең тиімді құрал екенін насихаттау жоспарда бар.

Мектеп болмаса да, бір буынға – аға, кейінгі буынға – ардагер, үшіншісіне – үлгі, бағыт беретін, тұлға десем томпақтау болар, азамат болғым келеді.

Мынаны айтыңызшы, Радио мен тележурналистердің айырмашылығы неде?

Радио мен тележурналистиканың айырмашылығын өз басым қазір ашып айта алмаймын. Тележурналистика көршімнің шарбағы болғандықтан, көбіне көз салмаймын. Бұл бағыт мені қатты қызықтыра бермейді. Алайда, телетүсірілімдер барысында бой көрсеткенім бар. Меніңше, радионың пайдасы телевизия қарағанда әлде қайда көбірек сияқты.

«Кеннедидің оқиғасы» деген радио тарихында айтылатын әңгіме бар. Президенттік сайлау кезінде Кеннедидің қарсыласына бір штаттың тұрғындары көбірек дауыс береді. Қалған штаттар түгел Кеннедиге дауыс береді. Қарсыласына дауыс берген штат тұрғындарынан себебін сұрағанда теледебатты радио арқылы тыңдағандарын айтады. Бұл үміткердің ойын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Ал сөз жарысты телеэкраннан тамашалағандар Кеннедидің риториканы жақсы меңгергендігіне мән береді. Келбеті, киімі, жұрт алдындағы өзін ұстауы, сыртқы сымбаттылығы ұнағандықтан басымырақ дауыс жинайды. Радио құлақ түріп тыңдағанға дұрысын ұсынып отырады. Әсіресе, Қазақ радиосы.

Дәл қазіргі жағдайда теле көрсетілімдер әсерлі екені анық. Бұл – жаңа заманның талабы. Бет-бейненің танымалдығы көпшілікке ерекше ықпал етеді. Ойды түбегейлі өзгертпесе де, таным мен түсінікке әсер етеді. Осы тұста дәл қазіргі радио тек ойын-сауық, көпшілікке көңіл күй сыйлайтын ақпараттық құрал ретінде қалған шығар деген ой келеді.

-Жұртқа танымал болғаны үшін микрафон алып бағдарлама жүргізіп жүргендер бар. Мұның рейтингтен басқа не пайдасы бар?

Танымал азаматтардың журналист болуы ерекше дүние. Оның жақсы да жағы бар. Себебі, оған қарап бой түзейтін бұқара бар. Оған қарап еліктейтін жастар бар. Міне, сол тұрғыда егер өзі адами құндылықтан таймаған, тәртіпке, тәрбиеге негізделген тұлға болса немесе тәрбие көрген азамат болса қажет деп есептеймін. Ұлтшылдық, Отанды сүю, иманды болу, өтірік айтпау, адал болу деген құндылықтарды таныта алатын, тіпті, соны амалмен атқарып жүрген адам болса неге оған микрафон ұстамасқа? Осы саланы меңгермеске? Жалпы, жақсы дәрігер болса, неге ол «Денсаулық» деген бағдарламаны жүргізбеске? Немесе журналистің жанында тұрақты, тәуелсіз сарапшы ретінде бағдарламаға атсалыспасқа? Бұқарамен байланыста, мейлі, ол сайт, басқа да ақпарат құралдары болсын осыны қолдану керек шығар. Қазір де белең алып келе жатқан жайт та осы.

Тырнақша ішіндегі «солақайлар», сұмпайлар келе қалатын болса әрі олар танымал болса оның қасіреті, кемшілігі болады. Бұл жерде тәрбие түрлі бағытта қаралады. Оған қоса, талғам мен түсінікте таласа алмайсыз. Сіз біргеуге былай түсін деп таңа алмайсыз. Себебі, түсінік – әртүрлі. Талғам да – сан алуан. Сондықтан, бұл мәселе танымал адамның ар-ожданына тікелей байланысты.

Ал, шын мәніндегі журналист кім?

Журналист – барлық саланы білетін, бірақ, барлық саланы терең білмейтін маман. Түрлі кейіпкерлерді сомдайтын актерлер де дәл солай. Мұндағы бір тұсы – журналист зерттейді. Сол салаға тереңдеуге тырысады. Проблеманың бүге-шігесін жан-жақты қарастырады. Тынымсыз ізденуі де тиіс. Себебі, журналист ең бірінші – ғалым. Қоғамға ақпаратты жеткізу саласындағы ғалым. Өзі таңдаған тақырыпты зерттеуші әрі ғалым. Мысалы, эфирге шықпас бұрын 48 сағатыңды арнауға тура келеді. Тапжылмай отырып сол тақырыпты зерттейсің. Міне, бұдан кейін олардың ұстаз, ағартушылардан несі кем? Ал, енді үлес салмағына бөліп қарайтын болсақ, 10 пайыз ағартушы, 10 пайыз зерттеуші, 10 пайыз ғалым, 10 пайыз ұстаз, 10 пайыз психолог, 10 пайыз халық өкілі, 10 пайыз билігі бар жан, 10 пайыз жауынгер, 10 пайыз дәрігер, 10 пайыз өзі ғана  десек те болатын сияқты. Бұл енді өзімнің пайымым.

-Қазақ тілі – ең бай тілдердің бірі. Неге спорттық бағдарламаларда немесе жай бағдарламаларда мұны журналистерден байқау қиын? Неге орысша сөздерді тікелей аударамыз?

Иә, қазақ тілі – бай тіл. Қай дүниені суреттесе де, сарқылып қалмайтын тіл. Сондықтан, дәл қазіргі сәтте сіз қойған сұрақтағы сын қатерден қазақ тілі өтті дей алам-ау. Себебі, спорт комментаторларын баптайтын немесе тәрбиелейтін арналар мен мамандар бар. Бұл сала да кенде емес. Әрбір сүрінген сәтті айтып, кез келген нәрсені сын дей беретін болсақ, мін де түзелмейтіні белгілі. Бұл бағытта балама, аударма, тәржімә өз деңгейінде келе жатыр. Спорт журналистикасы жақсы қарқынмен дамуда. Себебі, біздің өзіміз сол бағытқа бет бұрғанда спорттық термин немесе аудармада ешбір қиындыққа жолығып жүргеніміз жоқ. Бір ізге қойылып келеді. Спорттық арна бар. Спорт тақырыбында жазатын тілшілер бар. Сондықтан, бұл бағытта орасан зор қателік, не олқылық жоқ деп білемін.

Өзіңіз спортпен айналысасыз ба?

Иә, спортпен шұғылданғанды жақсы көремін. Әсіресе, денешынықтырумен айналысып, жаяу жүргенді ұнатамын. Үй мен жұмыс арасын есепке алсам 5-6 шақырым жер. Бұл маған дағды сияқты болды. Жаяу барып, жаяу қайтуды бір қалыпқа қойдым деп айта аламын.

Ал шынығу тұрғысында футболды жақсы көремін. Шахмат та – мен ұнататын спорттың бірі. Өзім әуестенетін үстел теннисінен әуесқойлар жарыстарына қатысып тұрамын. Қалған олимпиада ойындарына кіретін өзге спорт түрлерін, мәселен, ескек есуді үйренгім келіп ұмтылған сәтім болды, сондықтан, көбінің ережесін білемін. Әрбір спортты қарап біліп, өмірімде бір рет болса да ойнауға тырысамын. Сол себепті, ауылда балық аулағанда, демалатын орындарда қайыққа мініп еске есіп жүрміз ғой, бірақ арнайы байдаркада ескек есіп көрмедім. Сонымен қатар, спорттық бағдарламаларды тамашалағанды да, тыңдағанды да жақсы көремін.

Спорттағы жарыс рухы, сол бір сезім, жеңімпаз болуға әр қашан ұмтылу мұсылман баласына да, бір істі бастап соңына жеткізу керек болған кәсіпкерге де қажет сияқты.

-Дубляж саласына қалай келдіңіз?

Дикторлық саланы дубляждан бастадым. Ең алғаш 2007-2008 жылдары ұлттық арнада, одан алдын қазақ фильмде және өзге арналарда дубляж актері ретінде қызмет атқардым. Мәтін оқыдым. Тоқтарбек Қамшыбай, Шәрипа Сақтаған деген біздің аға буын аға-апаларымызға айтар алғысым зор. Олар бізге ерекше көңіл бөліп сол бағытты толық түсіндіріп үйретті.

Одан кейін Қайрат Әділгерейұлы, Абай Досжан, Азамат Шарғын деген ағаларымыз осы буынның айтқан ақылы бар. Кейін ағаларымызбен әріптес болып, дубляж саласында еңбек еттік. Міне, сол саладан дикторлық салаға ауыстым.

Өмірлік ұстанымыңыз. Қандай сөзді өмір жолыңызға һәм көңіліңізге жарық түсіретін ұран етіп ұстанасыз?

Өмірлік ұстанымым – адам болу. Себебі, марқұм әкем үнемі айтатын сөз: «адам бол» еді. Адам болу сөзінің астарында өте керемет дүние жатыр екен. Кейінірек Ислам құндылықтарын түсінгенде ғана «Адам» деген ұғымға ерекше мән бере бастадым. Жер жаһанда тірішілік етіп жатқан адам баласын Жаратушы бір керемет көркем бейнеде жаратқан. Жер деген тарыдай ғана домалақ мекенде барлық нәрсені адамға ғана қаратып қойған. Адамның қажетіне жаратып қойған. Ақыл иесі болғандықтан, ерекше интеллектті игергендіктен, адами қасиет деген сөзі ек бастан туады. Меніңше, «Адам болу» деген сөзге көп дүние кіретін сияқты. Егер сен алдасаң, өтірікші болсаң т.б. жаман қылық пен мінез иесі болсаң онда сен адами қасиетке жат қадам жасағаның. Осы сияқты басқа да қате, адами құндылықты бұзатын нәрселердің барлығы сені адам болудан тосады екен деп ойлап, кейін осы сөзді өзіме ерекше ұран қылатын, ұстанатын сөз қылып алдым. Себебі, дұрыс адам ғана бір саланың дұрыс маманы бола алады. Бір саланың маманы болып та адам болуға мүмкіндік бар. Өйткені, әр саланың мықты маманы түптің түбінде баратын жері – осы дүниенің не үшін жаратылғанын мойындау. Себебі, тек саналы адам ғана сала маманы һәм ғалам адамы бола алатын сияқты.

Сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан – Руслан ҚАМБАР

Далее

Басқа жаңалықтар

Close