Ғибратты әңгімелер

Мен Анама қуаныш сыйладым, бірақ…

Күндердің күнінде Мұстафа есімді жігіт басынан өткен жайды былай баяндайды:

-Мені қатты сыйлайтын әрі қашан да құрмет көрсететін әйелім бар еді. Ол бір күні маған келіп:

-Сіз менімен 12 жыл бірге тұрып келесіз. Мен үшін осы уақытқа дейін қанша жақсылық жасадыңыз. Бірақ, мен бүгін сізге басқа бір әйелге жақсылық жасауыңызды өтінгелі жатырмын. Сіз бір күні барлық жұмысыңызды сырып ол кісінің қолынан алып кешкі асқа барыңыз. Одан әрі киноға барып бір күн уақытыңызды ол кісіге арнаңыз,-деді.

 Әрине, әйелімнің меңзеп отырғаны, ол – менің Анам болатын. Содан мен келісіп, сол күні кешкісін анама телефон шалдым. «Ананың ойы балада» демекші, тұтқаны ала салып маған:

— Не болып қалды балам? Кеш болғанда жай хабарластың ба? Барлығы жақсы ма?-деп алаңдай бастады. Сонда мен ол кісіні ертесіне бір күн уақытын маған арнап, кешкі ас ішуге, киноға баруға шақырдым. Анам, әрине, қуана келісті. Ертесіне кешке анамды алып кету үшін үйіне бардым. Анам есік алдында әсем көйлегін киіп, мені күтіп тұр екен. Көлікке отыра сала жүзіндегі қуанышын жасыра алмай, жымиып отырды. Ол алдын ала көрші-қолаңға, достарына менімен бүгін ас ішуге баратынын айтып, марқайып та үлгеріпті. Сол сәтте мен 19 жыл бұрын өмірден өткен әкемнің әрекеттерін қайталағандай күйде болдым.  Содан жол жүріп ресторанға да бас сұқтық. Ресторан аса қымбат болмағанымен, өте жайлы әрі көрікті болатын. Ең бастысы Анама қатты ұнады. Асқа тапсырыс берейін, деп мен Анама ас мәзірін оқи бастадым. Себебі, Анамның көзі нашар көретін, өз бетінше оқи алмайды. Мен дауыстап оқып жатқанда Анам маған күлімсіреп қарап отырды. Мен мұның себебін сұрағанда былай деді:

— Сен бала кезіңде мен де осылай саған ас мәзірін дауыстап оқып беретінмін, деді сағынышын жасыра алмай. Мен өз кезегімде:

— Енді менің Сізге сол үшін қызмет етіп, оқып беретін уақытым келді,-дедім де, Анамның ыстық алақанын сүйдім. Содан ас ішіп, өмірде болған соңғы оқиғаларды бір-бірімізге айтып, арқа-жарқа әңгімедүкен құрдық. Уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай кешкі киноға да кешігіп қалыппыз. Содан Анамды үйге шығарып салып едім, Анам маған:

— Мен сенімен тағы кешкі асқа барамын, бірақ, бұл жолы мен сені шақырамын,-деді де, үйге кіріп кетті. Үйге келсем әйелім менен:

— Кешкі уақыттарыңыз қалай өтті?-деп сұрады күлімсіреп. Мен қуанышымды бөлісуге асығып:

— Мен үшін кештің жақсы өткені сонша уақыттың зымырағанын байқамай да қалыппын,-дедім. Не керек, өмір ағыны үзік болып келетіндей, бірнеше күннен кейін Анам кенет инфарктан дүниеден озды. Мен ештеңе жасай алмадым. Содан бір күні үйге менің атыма хат келді. Ашып қарасам әлгі Анам екеуміз тамақтанған рестораннан келіпті. Төменгі жағында мынадай жазба бар еді:

-Бүгінгі кешкі асқа алдын ала Мен төлеп қойдым! Бірақ, бұл жолы мен сенімен бірге ас іше аламын ба, білмедім. Дегенмен, бұл жолғы кешкі ас сен және әйелің үшін болсын деп төледім. Өткендегі екеуміздің өткізген уақытымнан алған әсерімді мен саған қалай жеткізе аларымды білмедім. Өйткені, мен үшін өмірде ең тамаша сәттердің бірі еді. Әйтсе де, мен сені қатты жақсы көретінімді ұмытпа!..

Анамның мұндай әрекетін көріп, көзімдегі жасым толастамай аға берді. Сол уақытта мен күйбең тіршіліктің салдарынан Анамды өмірде бір рет қана осылай асқа шақырып, қуантқаныма қатты өкіндім.  

Түйін: Хадисте «Ата-ананың ризалығы – Аллаһ Тағаланың ризалығы» демекші, қолыңызда бар алтынның қадірін кетіріп алмайық ағайын!           

 Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close